Сауран ауданы: Ауыл шаруашылығы бағытында басымдық мал өніміне берілуде

Oinet.kz 10-08-2026

«Ауыл аманаты» жобасы адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі. Осы тұрғыдан алғанда Сауран ауданының ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөң­гелетіп отырған шаруасы бар көп­теген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.

Сала өкілдерінің айтуынша, елімізде соңғы жылдары ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту қарқын алып, бұл бағыт агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды тіректерінің біріне айналып отыр. Ресми деректерге сүйенетін болсақ, соңғы бес жылда елдегі ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 53 пайызға артып, бүгінде 4,5 мыңға жуықтаған. Бұл өсім тек сандық көрсеткішпен шектелмейді. Кооперативтер құрамындағы өндіріс көлемі екі есеге жуық ұлғайып, мал басы 52,5 пайызға көбейген. Сала өкілдері мұндай оң динамиканы, ең алдымен, мемлекеттік қолдау шараларының кеңеюімен байланыстырады. 

Ал ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы бұл үрдістің ел экономикасы үшін маңызын былай түсіндіреді: «Соңғы бес жылда тіркелген ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 53 пайызға өсіп, шамамен 4,5 мыңға жетті. Бұл құрылымдарда өндіріс көлемі екі есеге жуық артса, мал басы 52,5 пайызға көбейді. Мұндай нәтижеге, ең алдымен, мемлекеттік қолдау шараларының кеңеюі әсер етті. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген қаржыландыру мен кооперативтерді тіркеу рәсімдерінің оңтайландырылуы оң ықпал етті. Қазіргі таңда Үкімет кооперацияны дамытуға бағытталған кешенді ынталандыру шараларын іске асырып жатыр, – деді ол.

«Ауыл аманаты» жобасының аясында мал басының артуы және ауыл шаруашылығы құрылымдарының күшімен құрылған бордақылау алаңдарының көптеп салынуы Сауран ауданында ет өндірісінің ұлғаюына сеп болуда.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, биыл ауданда жалпы құны 3,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Барлығы да ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты жобалар. Атап айтқанда, «Ғажайып» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – нан өнімдерін өндіру бойынша құны 600 миллион теңгелік жобаны жүзеге асырады. Ал «TURKENT» жеке кәсіпкерлігі – ет өңдеу және жартылай дайын тағам өнімдерін шығаратын 500 миллион теңгелік жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Жиһаз өндірісі бағытында да бірқатар ірі жобалар жоспарланған. «Yassy» жеке кәсіпкерлігі Жүйнек ауылдық округінде құны 1,5 миллиард теңге болатын өндіріс орнын іске қосуды көздейді. Ал «Заман» жеке кәсіпкерлігі Қарашық өндірістік алаңында 600 миллион теңгеге жиһаз өндірісін дамытуды жоспарласа, «Бекболатов» жеке кәсіпкерлігі темір жабдықтарын өндіру бойынша 500 миллион теңгелік жобасын іске асыруға ниетті.

Бұдан бөлек, Үшқайық ауылдық округінде мал бордақылау алаңының құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл жоба Сауран ауданында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, ет өндірісінің көлемін арттыруға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған. Қазіргі таңда нысанда негізгі құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаға сәйкес, мал бордақылау алаңының жалпы аумағы 9,7 гектарды құрайды. Оның аясында 14 өндірістік және қосалқы нысан салу жоспарланған. Инвестиция көлемі 1,1 миллиард теңге. Жоба толық іске қосылған кезде 42 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жалпы ел бойынша айтар болсақ, республикамызда 1,6 миллион жеке қосалқы шаруашылық бар екен. Олар елдегі сүттің 61 пайызын және еттің 44 пайызын өндіреді. Бұл көрсеткіштер жеке қосалқы шаруашылықтың ауыл экономикасындағы рөлін айқын көрсетеді. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, дәл осы сектор кооперацияны дамыту үшін толық пайдаланылмай отырған әлеует болып саналады. Негізгі мәселенің бірі – өнім өткізудің тұрақты тетіктерінің жеткіліксіздігі.

Министірліктің бұл бағытта өз жоспары бар. құлақ қойсақ: «Жеке қосалқы шаруашылық санының көптігі мен өндіріс көлемінің жоғары болуы кооперацияны дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Алайда бұл үшін «якорь» деп аталатын негізгі тірек қажет. Яғни, өнімді тұрақты қабылдайтын өңдеуші кәсіпорын немесе ірі нарық ойыншысы болуы тиіс. Жеке қосалқы шаруашылық өндіріс көлемін қамтамасыз етсе, қайта өңдеу кәсіпорындары өткізу нарығын қалыптастырады, ал кооперативтер осы екеуін байланыстыратын негізгі буынға айналады. Соңғы жылдары елімізде дәл осындай «якорлық кооперация» моделі қалыптаса бастады. Ендігі міндет – осы қатынастарды заңнамалық тұрғыда нақты реттеу», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Негізі, бұл салада жүйелі мәселелер де жоқ емес. Олардың қатарында халық арасында кооперацияның артықшылықтарын түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі, басқарушылық құзыреттердің әлсіздігі және қаржылық ресурстарға қолжетімділіктің шектеулігі бар. Сонымен қатар кооперативтердің негізгі міндеті тек өндірісті ұлғайту емес, сонымен бірге сервистік қызметтерді дамыту, өнімді бірлесіп өңдеу және нарыққа тиімді шығару екені атап өтіледі.

Мамандардың пікірінше, алдағы кезеңде кооперацияны дамыту заңнамалық тұрғыда жүйеленіп, мемлекеттік қолдау тетіктері одан әрі жетілдірілуі тиіс. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Ал «Ауыл аманаты» жобасының қалай жүзеге асырылып жатқанына және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтар­ды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіп­кер­лікті ашу арқылы халықтың табы­сын арттыруға және азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағ­дар­ла­мада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсе­тіл­гендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғы­лық­ты азаматы болуы керек. Егер кепіл бол­маған жағдайда туыстардың кепілін пай­далануға болады. Шағын несиелер халық­қа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады.

Сауран ауданы: «Ауыл аманаты» – оңтайлы бағ¬дар¬лама
Сауран ауданы: Мал саулығы – ортақ жауапкершілік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу