Тәртіптік ісі жиі қаралатын Темірбаева

Oinet.kz 01-02-2020 1234


5d94684889368.jpg

          Омархан Өксікбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Ерболат Әбілхатинді, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жахановты, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваны, Шымкент қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру  және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаевты партиялық және тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынғаны бұған дейін ақпарат құралдарында айтылды. Ұсынысқа қарағанда, аталған өңірлерде мемлекеттік бағдарламаларды орындауда сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол берілген. Яғни қазына қаржысы талан-таражға салынған.  Ал жоғарыдағы аты-жөндері аталған басшылар өз тараптарынан тиісті бақылауды әлсіретіп алған. Дәлірегі өздеріне тиесілі міндеттерін орындамаған.  

          Осылардың ішінде Әсия Темірбаева  Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру  және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын  бұған дейін де басқарған. Сол кезде, дәлірегі осыдан екі жыл бұрын оның сыбайлас жемқорлыққа байланысты мәселесі облыстық әдеп кеңесінде «майшаммен» қаралғаны белгілі болып отыр. Мәселенің мән-жайы былай: 

          2016 жылы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында біраз қитұрқылықтарға жол берілген. Басқармада мүгедектер мен ардагерлердің мәселесіне жауапты бөлімнің басшысы жетекшілік еткен комиссия Қазақ соқырлар қоғамының «Бәйдібек» корпоративтік қорымен арадағы келісімшартқа сәйкес компьютерлік техникалар мен мүгедектерге арналған қоларбаларды қабылдап алған. Кейіннен белгілі болғандай, компьютерлік техникалар талапқа сәйкес келмеген, ал қоларбалардың шыққан жері мүлдем белгісіз, сапасы өте нашар, қолдануға мүлдем жарамсыз екендігі анықталған. Нәтижесінде бюджеттің 122 миллион теңгесі ысырап болды. Осыған байланысты тергеушілер Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша үстінен іс қозғаған қабылдау комиссиясының жетекшісі, басқарманың бөлім басшысы сотталып кетті. Ол кезде де сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекеме Темірбаева мемлекеттік сатып алуларды өз деңгейінде ұйымдастырмағанын, қабылдау комиссиясының төрайымдығына бөлім басшысын бекіткенін алға тартып еді. Комиссия төрайымына қоларбалардың бағасын жасанды түрде 69 мың теңгеден 136 мың теңгеге көтеру жөнінде тапсырма берілген. Яғни, келген қоларбалардың сапасының сын көтермейтіндігі, қолдануға мүлдем жарамсыздығынан бөлек екі есеге қымбатқа алынған. Тапсырманың Темірбаеваның тарапынан берілгенін айыпталушымен бірге тағы бір куәгер мәлім еткен. Бірақ, Темірбаеваның үстінен қозғалған қылмыстық іс кейіннен тоқтатылған. Шамасы тергеушілер оның кінәсін куәгерлердің құрғақ сөздерімен дәлелдеудің қиын екендігін түсінгендіктен осындай шешім қабылдаған сияқты. Әдеп кеңесінде  жазаға тарту мерзімінің ескіруіне байланысты ол тәртіптік жауапкершіліктен де құтылып кеткен. Дегенмен,  Кеңес мүшесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Қамбатыров: «Алынған компьютерлер жұмыс істемейді. Қоларбалардың сапасы нашар. Осының бәрі сіздің кезіңізде болған. Осы іс бойынша жауап беріп жатқан куәгер тергеу кезінде қайтыс болып кетті. Егер ол тірі болғанда жағдай мүлдем басқаша болар еді»,  – деген...  Әсия Темірбаева 2018 жылы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы лауазымынан кеткен соң маусымда облыстық еңбек инспекциясының басшысы болды. Бұл қызметті ол екі апта ғана атқарып, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды.  Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің өкімімен ол биыл Түркістан  облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып екінші қайтара тағайындалады. Сонда бұл кімнің қателігі? 

         P.S. Осыдан 2-3 жыл бұрын Түркістандағы жүйке ауруына шалдыққан азаматтар емделетін мекемеде науқастардың жаппай туберкулез дертіне шалдығуы орын алып, кейінірек облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жұмысында жіберген кемшіліктері үшін  аталған мекеме тікелей бағынатын облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваға тәртіптік жаза берген еді. 2018 жылы Темірбаеваның тәртіптік ісінің Әдеп кеңесінде бір емес екі мәрте қаралғаны белгілі болып отыр. Енді міне, «Нұр Отан» партиясы Әсия Құралқызының тәртіптік ісін тағы да қарауды ұсынып отыр. 

Темірбаевның тәртіптік ісінің осыменен нешінші мәрте қаралып жатқанынан жұртшылық жаңылыса бастады.     

oinet.kz


Ресей аспан асты елінен өз азаматтарын эвакуациялауды бастады
Қалаулым LIVE қатысушылары күніне 6250 теңге жалақы алғандарын айтты (Видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу