Түлкібасқа шетелден келетін туристер саны артуда

Oinet.kz 11-02-2020 981

2020_02_11_tulkibas1.jpeg

Бейресми түрде «екінші Швейцария» аталып жүрген Түлкібасыңыздың табиғаты керемет-ақ! Қазір Түркістан өңірінің көптеген аудандарында көктем лебі есіп жатса, Түлкібаста қара жерді орап қар жатыр. Әлі де болса жыл мезгілі – қыс екенін білдіргендей. Жыл мезгілдерінің ауысу заңдылығын қатаң сақтағандай, Түлкібаста жұмыстар да асығыс та, кеш те емес, жоспарлы түрде сапалы атқарылып келеді. Бүгінде ауданда тұрғындарды әуреге салатындай мәселелер аз десек қателеспеген болар едік. Түлкібас –  халыққа ең бірінші кезекте қажетті көгілдір отын мәселесін толықтай шешкенімен мақтана алады. 

Бұған бүгін Түлкібаста орталық мәдениет сарайында аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтың халық алдында берген есебінде куә болдық. Өзге қала, басқа аудандардағыдай есепті кездесуде халық сұрақ қоюға таласып, «неге мына мәселе әлі шешілмей жатыр? Күте-күте сарғайдық» деп айқай-шу шығарған жоқ. Себебі, оған негіз жоқ. 

Сонымен, өткен жылы Түлкібаста жүзеге асқан жобалар көп. Әкім жұмысын ең бірінші кезекте өңірге тартылған инвестициямен бағалайды емес пе! Түлкібас бұл жағынан ұятты емес:

– Ауданға тартылған инвестициялар көлемі 2019 жылдың қорытындысымен 20 044,3 млн. теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,5 пайызға өсіп, оның ішінде 5 228,8 млн.теңгесі республикалық бюджет, 3 560,4 млн. теңгесі жергілікті бюджет, 9 800,8 млн. теңгесі кәсіпорындардан және халықтың өз қаржысы, 1 454,3млн. теңгесі қарыз инвестиция есебінен тартылды, - деді аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков. Және де аймақ экономикасын көтеруде, қазынаға қаржы түсіруде зор рөл ойнайтын өнеркәсіп саласы да ақсап тұрған жоқ.

– Ауданның әлеуметтік–экономикалық дамуын арттыру мақсатында өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда 1 ірі, 3 орта, 24 кіші және 4 қосалқы, барлығы 32 кәсіпорын жұмыс атқаруда, оның ішінде белсенді жұмыс атқаратыны - 22, мезгілді жұмыс  атқаратыны – 10.

Нәтижесінде 13 411,3 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 96,8 пайызды құрады.

Бөлшек сауда тауар айналымы жыл қорытындысымен 8 330,2 млн. теңгені құрап өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,2% құрады.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7 490 бірлік. Оның ішінде 7 265 белсенді субъектілер. Оларда 17 250 адам жұмыспен қамтылған. Шағын орта бизнес субъектілерінің шығарған өнім көлемі 22,1 млрд. теңгені құрады, - деген Нұрбол Әбдісаттарұлы ауданда кәсіпкерлік саласы кең қанат жайып келе жатқанын айтты. Кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалған жерде өсіп-өркендеу үрдісі жүретіні белгілі. Оған дәлел, бүгінде Түлкібас өнімдері республика көлемінде дүкен сөрелерін табылып жатыр. 

85123160_1253741441682105_810681352067219456_n.jpg

Түлкібас тек әлеуметтік-экономикалық дамуымен ғана емес, руханият саласындағы жетістіктерімен де мақтана алады. Еске сала кетейік, Нұрбол Тұрашбековтің мұрындық болуымен биыл 175 жылдығы тойланып жатқан ұлы ақын Абай Құнанбайұлы мен майдангер жазушы Бауыржан Момышұлының өмірін зерттеуге саналы ғұмырын сарп еткен ғалым Мекемтас Мырзахметұлына туған жерінен баспана сыйға берілді. Ғалымын ардақтаған әкімнен қалай айналмайсыз! Және де көрнекті жазушы-журналист, марқұм Шерхан Мұртазаның бейітінің басына ескерткіш, Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылды. 

Ауданда Сталиндік зұлматта қазақ халқының құлап бара жатқан еңсесін көтеруде өмірін бәске тіккен мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткіші ашылды. Биікке маңғаздана қарап, сонау көкжиекке қол созып тұрған Тұрар ескерткіші кез-келген адамды жігерлендіріп, бойында намыс отын тұтандырары анық. Болашақ ұрпақты ұлтжандылыққа, елін сүюге тәрбиелеуде елге сіңген еңбегі ұшан-теңіз арда азаматтарымызды насихаттаған абзал. Нұрбол Әбдісаттарұлы осы үдеден шығып келеді. Қысқаша айтқанда, Түлкібаста идеология саласы шырқау шегіне жетіп тұр десек артық айтқандық емес шығар.   

Қазіргі таңда Түлкібас ауданы бойжеткен қыздай құлпырып келеді. Аудан орталығына кіре бергеннен-ақ көңіл-күйіңіз көтеріліп сала береді. Айнала мұнтаздай тап-таза. Жол шетіндегі қысы-жазы сарғаймайтын көк шыршалар жаныңызға сергектік сыйлайды. Ұзақ жылдардан бері қараусыз жатқан саябақтар ретке келтіріліп, көпшілік тұрақты түрде демалуға баратын орынға айналған. Мұндай жерде туризм саласы алға басатыны белгілі. Нұрбол Әбдісаттарұлының айтуынша, өткен жылы ауданға 17067 турист келген екен. Оның 1215-і шетел азаматтары. Әрбір шетелдік азамат мұнда сауда-саттық жасап, ел қазынасын қампайтуға өз үлестерін қосары анық. Алдағы уақытта ауданға шетелдік туристерді тартуда нақты жоспарлар түзілген. 

82339726_1253741838348732_6759312714608148480_n.jpg

Әкім есебінде жарыссөзге шыққан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Мархабат-Мирас» қоғамдық қорының төрағасы Сәтпай Қасымбек:

– Былтырғы жылы аудан бюджеті – 24 млрд. теңге болған. Биыл да 20 млрд. теңгеден асып тұр. Бұл нені аңғартады? Бұл – аудан әкімінің табандылығын, іскерлігін көрсетеді. Сол қаржыны бөлдіру өте күрделі мәселе. 

Соңғы 2 жылдан бері тұрғын үй құрылыс жанданып келеді. Былтыр 288 пәтер беріліп, тұрғындарды қуанышқа бөленді. Ағын су мәселесі де шешімін табайын деп тұр. 

Және де аудан әкімі үнемі ардагерлерге көңіл бөліп, қамқорлық танытуда. Жылда Түркістан қаласына, өңірдің киелі жерлеріне ардагерлердің саяхатын ұйымдастырып тұрады. Бұл дәстүрге айналып үлгерді. Түрлі мерекелер де жоғары деңгейде атқарылады. Жеңіс мерекесінде аудан әкім соғыс және тыл ардагерлерінің үйіне барып жағдайын біліп, көмегін көрсетеді. Жақсы адам ел басқарса елін оздырады, жаман адам басқарса елін тоздырады демекші, біз елді оздырып жатқан аудан әкімінің есебіне жоғары баға береміз, - деп ризашылығын білдірді.

83812421_1253741638348752_5407473467589132288_n.jpg

Есеп барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев әкім жұмысына оң бағасын берді. 

Бақытбек Смағұл Қордайдағы қақтығыстың нақты 10 себебін атады
Қордайдағы екі дүкені жанып кеткен жігіт сұхбат берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу