Тоқаев сынаған «бұрынғы басшылардың» ішінде Берік Уәли бар ма?

Oinet.kz 03-03-2020 1599

Screenshot_3.jpg

Президент Жамбыл облысының бұрынғы басшыларының қызметіне сын айтты. Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ақпарат құралдары Тоқаевтың Қордай ауданы Қаракемер ауылындағы жұртшылықпен кездесуінен осындай мәлімет таратты. 

– Қақтығыс болған жерде ешқашан, ешқандай даму болмайды. Бұл – заңдылық. Өкінішке қарай, облыс басшылары бұл заңдылықты дұрыс түсінген жоқ. Сондықтан облыс басшылары, соның ішінде құқық қорғау органдарының басшылары толығымен ауыстырылды, қызметкерлер жұмыстан босатылды. Жаңа басшылар тағайындалды. Солардың арасында Бердібек Сапарбаев бар. Бұл азаматты жақсы танисыздар. Тәжірибесі мол мемлекеттік қызметші. Оның алдында тұрған мақсат – тұрақсыздыққа түрткі болатын жағдайларды түбегейлі жою және өңірдің дамуына серпін беру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

– Ұлтаралық татулық – біздің ең басты құндылығымыз. Сондықтан оған сызат түсірмеуіміз керек, – деп қорытындылады президент.

11 адамның өліміне себеп болған Қордайдағы қақтығыстан кейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өз еркімен орнынан кеткен болатын. Әкім осындай ауыр зардаптарға апарып соққан оқиғадан кейін облыс басшысы болып жұмыс істеуіне моралдық құқығының жоқ екендігін айтты. Облыс әкімінің орынбасары, Қордай ауданының әкімі де қызметтерін тапсырды. Жамбыл облыстық полиция департаментінің, Ұлттық қауіпсіздік департаментінің басшылары, облыс прокуроры ауыстырылды. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мұрттарын балта шапқан жоқ. 

Орындарынан босаған басшылар қызметсіз қалмайтын сияқты.  Осыған дейін Асқар Мырзахметовтың бүгін-ертең үлкен лауазымды қызметтің құлағын ұстайтындығы туралы әңгімелер айтылып келген еді.  Тоқаевтың Қордайда айтқан сөзінен кейін ол сап тыйылды. 

 Ертең Мырзахметов мансап алып жатса, Тоқаевтың жоғарыдағы сөзін жұртшылықтың есіне алмауы енді мүмкін емес шығар, сірә. «Тұрақсыздыққа түрткі болатын жағдайларды дұрыс түсінбейтін басшы қалайша лауазымды қызметке тағайындалады» дейтіні анық.  Ең қызығы, Тоқаев мұны білмеді емес. Білді. Өзінің аузынан шыққан әрбір сөздің отыз рулы елге тарайтынын, жұртшылықтың  қандай сөзді түйедей ететінін білмейтін Тоқаев жас бала емес қой.  Ендеше мұны неге айтты? Мырзахметовтың құйрығына  қоңырау байлау кімге керек болды? 

Жалпы Асқар Мырзахметовтың өте тәжірибелі шенеунік екендігі рас. Екі бірдей облыстың тізгінін ұстады. Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған жылдары Сарыағаш ауданында бір қазақ жігітін тәжік азаматы пышақтап өлтіріп, мұны соңы тәжіктердің үйін жаппай өртеуге, ауылдарын ойрандауға ұласты. Сол кездері Мырзахметовтың төпелеп тұрған жауынға қарамастан Сарыағаш ауданының Ынтымақ ауылында болып, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүргені есте қалыпты. Күні-түні ұйқы көрмей, шапқылағандардың қатарында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының сол кездегі басшысы Берік Уәли де болған еді.   Мырзахметов Жамбыл облысына әкім болған кезде дәл осындай жағдай Қордайда қайталанды... Әрине, мұның бәрі де кездейсоқтық. Мырзахметовтың мұны құдайдан тілеп алмағаны айдан анық.    

Айтпақшы, Тоқаев сынаған «бұрынғы басшылардың» ішіне президенттің қазіргі баспасөз хатшысы  Берік Уәли кіре ме? Берік Уәлидің 2018 жылдың маусымынан 2019 жылдың наурызына дейінгі аралықта Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасына жетекшілік еткені белгілі. Ал қазіргі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев дәл осы ішкі саясат саласындағы атқарылған жұмыстарды қатты сынап жүр. Аталған саладағы жұмыстар ақсап жатыр. Әрине, осы кемшіліктер үшін  қызметінен он айдан астам уақыт бұрын кетіп қалған Уәлиді кінәлау ақылға сыймайды. Ал Мырзахметовты айыптау қаншалықты орынды? 

Жылдың басында Жамбыл облысы барлық көрсеткіштер бойынша жоғары жетістікке жетіп, Мырзахметов ең мақтаулы әкімдердің қатарынан орын алып еді. Қордайдағы жанжал бәрін бір пәсте күл-талқан етті. Шенеуніктің тағдыры дегеніңіз міне, осы.  Бүгін мұнда, ертең анда. Тоқаевтың сынауынан кейін Мырзахметовтың енді қай төбеден табыларын кім білсін?!

Қауіпті елдер тізімін Ауғанстан бастап тұр
Коронавирус Қытайдан басқа елдерде 9 есе көп анықталған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу