Ләззат Айтқожина: «Түтікшедегі» перзенттері де балалы бола алады»

Oinet.kz 11-01-2019 852

Дәрігер атауының өзі де қастерлі, қасиетті ұғым екенін білдіріп тұрғандай. Сондықтан болуы керек үлкен жүрек пен табандылық, біліктілік пен адамгершілікті талап ететін мамандықты екінің бірі игере бермейді. Солардың бірі талай отбасыға қуаныш сыйлап, бір перзентке зар болып жүрген әйелдердің құшағына қу тізе емес бала құшақтатқан дәрігер – Ләззат Айтқожина. Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтының елімізге танымал гинеколог-репродуктологы Ләззат Кенжебайқызы «Қазақстанның 100 есімі» жобасының жеңімпазы. Талай аналардың алғысын арқалаған ақ халатты абзал жанмен біз де әңгіме өрбітіп көрген едік. 

Screenshot_36.jpg

– Ләззат Кенжебайқызы, өкінішке қарай елімізде балалы бола алмай жүрген ерлі-зайыптылардың қатары көбеюде.  Бүгінде  белең алып тұрған бедеуліктің себебі неде?

– «Өмірдің бір қызығы – бала» деген. Алайда сол қызыққа бата алмай отырған жандардың көбейіп отырғаны рас. Отбасыда бала сүйе алмаудың себептері көп. Бедеуліктің 50-60 пайызы әйелдерге, 40-45 пайызы ерлерге байланысты. Бедеулік туа бітті және жүре келе пайда болуы мүмкін. Мысалы, қабыну, ерте жаста жыныстық қатынасқа түсу, жас кезінде түсік жасату, жатыр түтікшесінде кемшіліктің болуы, артық салмақ, аналық жұмыртқаның дұрыс жұмыс істемеуі, эндиметриоз, миома, тағы басқа... Кейде тұрмысқа шыққан келіншектер бір жылға жетер-жетпес «мен неге бала көтермей жатырмын?» деп дабыл қағып, уайым кешеді. Сөйтіп гинекологтың есігін тоздырып жүреді. Әйел отбасылық өмірдің бір-екі жылын артқа тастағаннан кейін ғана тексерілгені дұрыс. Ем болмай жатса гинекологқа емес, репродуктологқа, ерлер андрологқа, урологқа бірден баруы керек. Сонда мәселе тез шешіледі. «Мен тұрмысқа шыға салып жүкті болуым керек» немесе «бір жыл өтсе де мен бала көтере алмай жатырмын» деген әйелдің психологиясы да бедеулікке алып келуі ғажап емес. Кейде тексеріс барысында баланың болмауына әйелдің емес күйеуінің денсаулығы себепші екенін анықтаймыз. Көп жағдайда еркек ұрығының көрсеткіші төмен немесе мүлде қабілетсіз болып жатады. Қазіргі таңда бізді әйелдермен қатар ерлердің де денсаулығы алаңдатады. Себебі белсіздік көп. Балалы болуға осындай кедергілері бар жандар экстракорпоралды ұрықтандыруға жүгініп жатады. Яғни, денеден тыс ұрықтандыру әдісі басқа ешқандай тәсіл көмектеспеген жағдайда ғана қолданылады.

– Денеден тыс ұрықтандыруға перзент сүйе алмай жүрген жандардың барлығы жүгіне ала ма, әлде кейде денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ – экстракорпоральді ұрықтандыру – авт.) көмектеспейтін жағдайлар да бола ма?

– Біз бәріне бірдей көмектескіміз келеді. Өкініштісі сол, жасанды ұрықтандыруға бала көтеруге мүлдем болмайды деген көрсеткіші бар әйелдер, бүйрек, бауыр, жүрек секілді  басқа да эндокриндік ауруларға шалдыққан пациенттерге ДТҰ-ны жасай алмаймыз. Егер мұндай көрсеткіштер болмаса, кез-келген әйелдің ДТҰ арқылы жүкті болуға мүмкіндігі бар. 

ДТҰ-ға дайындық процесі шамамен 1 айға созылуы мүмкін. Бірақ, егер қосымша ем-домды қажет ететін болса 5-6 айға созылуы да мүмкін. Алдымен пациенттің денсаулығын түбегейлі тексереміз. ДТҰ – күрделі процесс. Алдымен әйелдің ұрығын алу үшін дайындық жүргізіледі. Бірнеше процесстен кейін алынған аналық ұрық инкубаторға салынады. Бұл аралықта еркектің ұрығы да әбден тексеріліп, сүзгіден өтеді. Әрине ішінде ең сапалы, жақсы деген сперматозоидтарды іріктеп аламыз да, арнайы микрохирургиялық құрылғының көмегімен ана¬лық жұмыртқаға «қолмен» апарып кіргіземіз. Сосын қолдан ұрықталған эмбрионды ананың жатырына апарып саламыз. 

10 жыл бойы құрсақ көтермесе де қам-қайғысыз жүрген әйелдерді уақытты босқа өткізбеуге шақырамын. Өйткені адамның жасы ұлғайған сайын денеден тыс ұрықтандырудың нәтижесі төмендей береді. Ең нәтижелі кезең – 35 жасқа дейін. Одан кейінгі көрсеткіштер тек қана төмендей береді. Ешқандай ДТҰ 100 пайыз кепілдік бермейді. Кейде әйелдің бала көтеруге мүмкіндігі 50, тіпті 10-15 пайызды ғана құрап жатады. Пациенттердің ішінде кассаға ақшасын төлесек болды, бала пайда бола қалады деп келте ойлайды. Өмірде ақшаға сатып ала алмайтын дүниелердің барын естен шығарып алып жатамыз. Адамнан адам жасау оңай дейсіз бе?! Кейде жұптар миллиондап шығын шығарып жатады. Бірақ нәтиже жоқ. Сондықтан адам ең бірінші Алладан тілеп, сену керек. 

– Экстракорпоралды ұрықтандыруға кезінде баланың жынысын таңдауға бола ма?

– Қазақстан Республикасының Заңы бойынша баланың жынысын таңдауға рұқсат етілмейді. Дегенмен біз эмбрионды жатырға салмас бұрын генетикалық анализ жасаймыз. Яғни эмбрионның хромосомалық аурулары бар-жоқтығын, ұрықтың қаншалықты белсенді екенін тексереміз. Сол кезде генетиктер эмбрионның қызға не ұлға тиесілі екенін айта алады. Яғни, ата-ана болашақ перзентінің жынысын алдын ала біле алады. Алайда тексеруді тек қана баланың жынысын анықтау үшін ғана жүргізуге болмайды.

– ДТҰ-ны қанша рет жасатуға болады?

– ДТҰ-ны екі немесе үш реттен артық жасатуға болмайды деген қатып қалған қағида жоқ. Егер әйелдің денсаулығы жарап тұрса, ешқандай ақау, кедергі болмаса қалауынша бірнеше мәрте ұрық салдыруына болады. Мына бір қызықты статистиканы қос айтқым келеді. Қазіргі таңда бір-екі баламен шектеліп қалмай бес, жеті балалы болғысы келетін ата-аналардың көбейіп отырғандығы көңіл көншітерлік. Екі баласын табиғи жолмен көтеріп үшіншісін  көтере алмай жүрген әйелдер бізден көмек сұрап келеді. Бұл жағынан Алматы, Түркістан облысы мен еліміздің батыс аймағы көш бастап келеді.

– Кім болса да Алладан тілеп алған ұрпағының сау болғанын қалайды. Десе де жасанды ұрықтандыру кезеңінде ауру бала дүниеге келуі мүмкін бе?

– Бәрі мүмкін. Табиғи жолмен көтерген ананың бәрі бірдей сау баланы дүниеге әкелмейді ғой. ДТҰ да сол секілді. Ауру бала туылғанда кейде пациенттер бұл қолдан ұрықтандырудан болған жағдай деп бағалап жатады. Сәбидің паталогиямен туылуы нақты жасанды ұрықтандырудан екенін айту қиын.  Егер әйел кезінде түсік жасаса, баланың шетінеуі көп болса, онда ауру шақалақтың дүние келуіне қауіп көп. Тек мұны көбісі түсіне бермейді. Жоғарыда атап өткенімдей генетикалық анализ бүгінде ауру балалардың жарық  дүниеге келуін біршама  төмендетуге септігін тигізіп отыр.

– «Түтікшедегі» ұл-қыздар болашақта өздері табиғи жолмен ата-ана бола ала ма?

– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын алдымен ДТҰ-ны жасатқан нәзік жандылардың екінші, үшінші мәрте табиғи жолмен бала көтеріп жатқандығын айта кеткім келеді. Өз тәжірибемде мұндай пациенттер өте көп. Егер әйелдің екі трубасы және жолдасының спермасы жақсы болса ДТҰ-дан кейін көбісі медицинаның көмегінсіз жүкті болып кетеді. Ал осы әдіспен дүниеге келген балалар болашақта табиғи жолмен ата-ана бола алады. Бір ғана мысалды айтайын. Дүниежүзінде осы тәсілмен алғаш рет 1977 жылы Ұлы¬британияда дүниеге келген қыз Луиз Браун қазір тұрмыста. Ол табиғи жолмен екі балалы болды. Тәжірибе мен өмір көрсеткендей олар да бала сүйіп, ана, әке махаббатына бөлене алады. 

– ДТҰ тәсілі үміті сөнген жандарға қуаныш сыйлап жүргені анық. Алайда балалы болуға бәрінің қалтасы көтермейтіні тағы бар. Елімізде ДТҰ-ға берілетін квотаның жеткіліксіздігі байқалмай ма?

– Мен қашаннан бері осы мәселені көтеріп келемін. 2010 жылдан бастап мем¬ле¬кет экстра¬корпоралды ұрық¬тан¬дыруға квота бөле бастады. Нәтижесінде жеті жылда 4783 жұпқа тегін медициналық көмек көрсетіліпті. Қазір  жыл сайын 900 квота тұрақты бөлініп келеді. Оның өзі тәртібімен, кезегімен беріліп жатыр деп айта алмаймын. Елімізде 23 репродуктивті орталық бар. Тек біздің орта¬лыққа жылына келетін 20-30 мың жұптың 4 мыңдайы осы ДТҰ-ның көмегіне жүгінеді. Бұл балаға зар болған отбасыларды қанағаттандыра алмай отыр. Бір сөзбен айтқанда квота көлемі қажеттілікпен салыстырғанда жұқ та болмай тұр. Сондықтан тым болмаса жылына 2000 квота бөлінсе деген өтінішім бар. Мұның өзі 2000 отбасының шаңырағына шаттық сыйлар еді.

– Белгілі репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова бір сөзінде «Оңтүстіктің аналары денсаулығына салғыр қарайды» дегені бар еді. Осы сөзбен келісесіз бе?

– Денсаулығына жауапсыз аналар оңтүстік, батыс пен шығыста, солтүстікте де кездеседі. Дей тұрғанмен оңтүстік әйелдерінің көбісі көп балалы. Бірнеше рет босанғаннан кейін әйелдердің иммунитеті әлсіреп, шаршап қалады. Иммунитет әлсірегеннен кейін түрлі аурулар ақынып кетеді.  Осы жағынан алып қарағанда бұл аймақтың аналарының денсаулығы нашарлау болып келетін шығар. Алайда мына өңірдің аналары көбірек ауырады деген статистиканы әлі кезіктіргенім жоқ.

– Кезінде денсаулықтың хабаршысы болған, небір өзекті мәселелерді қаузаған «Дауа» бағдарламасын жүргіздіңіз. Егер тағы да осындай ұсыныстар түсіп жатса, көрермендермен қайта қауышуға дайынсыз ба?

– «Дауаны» 2012-2014 жылдар аралығында жүргіздім. Егер тағы да осындай бақыт бұйырып жатса, қуана-қуана келісемін. Негізінде жеке өзімнің медициналық бағдарламамды ашсам деген арманым бар. Отандық телеарналарда не қазақ тілді, не орысша медицина саласындағы дұрыс жоба жоқ. Кезіндегі «Дауаны» да керемет болды деп айта алмаймын. Сондықтан форматы өзгеше, халыққа керекті жаңа жоба жасағым келеді. Әрине  бағдарлама ашу, оны жүргізу оңай шаруа емес. Ол үшін алдымен телеарнадан ұсыныс түсу керек. Кейіннен  жобаңның олардың көңілінен шығу жағы тағы бар. Не болса да уақыт көрсете жатар.

– Жасырын болмаса, қанша перзентіңіз бар?

– Ұлым бар. Алла бұйыртса, етегіме тағы бала беріп қалар деп  жүрмін.

– Дәрігердің өмір салты көпке үлгі болуы қажет. Денсаулығыңызды қалай күтінесіз?

– Соңғы кездері спортқа үлкен мән беріп жүрмін. Уақыттың тығыздығына қарамастан аптасына үш мезгіл спортпен айналысамын. Спорт өмірімнің ажырамас бір бөлшегіне айналса деймін. Себебі орта жолдан оны тастап кететіндер көп. Сондай-ақ дұрыс тамақтануға мән беремін. Басқа қатып қалған ережем жоқ.

– «Дәрігер – жанкешті мамандық» дейді. Кейде осы жолды таңдағаныңызға өкінетін  сәттеріңіз бола ма?

– Мен мамандығымды жақсы көремін. Соған қарамастан кейде шаршағанда, стресс болғанда, бір нәрсеге көңілім толмағанда өкінетін кездерім болады. Репродуктология физикалық соншалықты күшті талап етпейді, бірақ жүйкеңді жұқартады. Алдыңа келген әрбір әйелдің тағдыры, әйелдің ғана емес бүкіл отбасының тағдыры сенің қолыңда тұрады. Әрине біз Құдай емеспіз, біз тек себепшіміз. «Соңғы тиынымызды сізге әкеліп отырмыз, несие алдым, осыдан бала көтермесем енем мені қуып жібереді, балалы болмасам күйеуім менен ажырасқалы жатыр, сәби сүймесем өмір мен үшін осы жерден бітеді» деген сөздерді естігенде жаныңды қоярға жер таппай кетесің. Бірақ оны пациентке білдірмейсің ғой. Осылайша зар илеп келген адамдарға кейде көмегіміз тиіп жатады, кейде қолдан келер қайран болмай қалады. Сондай сәттерде «неге мен осыншама адамның тағдырына жауап беруім керек?» деген сұрақ мазалайды. Егер процесс ойдағыдай шықпаса, пациент бірінші кезекте дәрігерді кінәлайды. Жалпы адамдардың табиғаты солай ғой. Бақытсыздығы, өмірдегі сәтсіздігі үшін өзгені кінәлайды. Бәріне бірдей топырақ шашқаным емес. Арасында «ем-домды дұрыс қабылдамадым, бала көтеретін жастан өтіп кеткесін келдім ғой» деп түсіністік танытып жататындары да кездеседі. Бірақ, өте сирек. Ал кейбір пациенттер әлемдегі бірде-бір ДТҰ-ның 100 пайыз кепілдік бермейтінін сол күйі түсінбей кетеді. Егер бәрі ойдағыдай өтіп, құрсағына бала бітіп, сәбиін иіскеп жатса сенен жақсы дәрігер, сенен білікті маман жоқ! Дәрігер өмірінің қызықты да қиын тұсы осы шығар.  Жүздері балбұл жайнап, балапандарын жетектеп, алғыс айтуға келген ерлі-зайыптыларды көру – дәрігердің басты жемісі!

– Уақыт тауып, сыр бөліскеніңізге рақмет!

Сұқбаттасқан  Айнұр ОҢҒАРБАЙ   

Елімізде 81 адам коронавирустан жазылып шықты
Тоқаев жомарт жан Джек Маға алғысын білдірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу