«Кез келгенін қорғауға дайынмын» - Елжан Біртанов

Oinet.kz 01-05-2020 892

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырған Алматы қаласының Орталық қалалық ауруханасының қызметкерлеріне қатысты жағдайды баян етті. Бұл туралы ол Facebook парақшасында айтты, деп хабарлайды Oinet.kz.

image.png

- «Кеше таңертең жиналыс өткізіп, мәселе бойынша негізгі сарапшыларды тыңдадым. Штабта біз Алматыдағы Орталық қалалық ауруханасында дәрігерлердің жаппай вирус жұқтыру жағдайын тағы бір рет талқыладық. Штаб жұмысының қорытындысы бойынша мен әріптестеріммен онлайн режимде кездесуді ұйғардым. Кешке осы емхананың дәрігерлерімен сөйлестім. Туындаған мәселелерді тыңдап, сындарлы әңгіме өрбіттік. Кездесуге Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, кәсіподақтардың денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері және аурухананың медицина қызметкерлері қатысты», - деп жазды министр Facebook парақшасында. 

Мәселен мынада екен. Министрдің жазуынша аурухананың қызметкерлері үстемақы алу турасында эмоцияға толы жазба қалдырған. Өз сөздерінде олар вирусты науқастардан жұқтырғанын көрсеткен. 

- «Осыған байланысты аурухана қызметкерлері өтемақы алуға үміттеніп отыр. Олардың әрбір өтінішін жеке қарастырдық. Осы мәселеге қатысты жағдайдың күрделілігін ескеріп, алуан түрлі пікірді тыңдап, мен жергілікті атқарушы органды (әкімдік) және қалалық денсаулық сақтау басқармасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2020 жылдың 9 сәуіріндегі №129 бұйрығына тағы бір рет назар аударуға шақырдым. Ол бұйрықта алдыңғы қатардағы дәрігерлерге төленетін жағдайларды, жұмыс орнындағы инфекциялар үшін сыйақылардың жағдайларын зерттейтін және түпкілікті шешім қабылдауға мүмкіндік беретін комиссияларды құруға барлық өкілеттік берілген», - деп жазады министр. 

Министр осы комиссиялардың шешімі бойынша өтемақы берілетінін мәлім етті. Артынша COVID-19 жұқтырған азаматтардың тізімі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жолданады. Елжан Біртанов өз сөзінде мұндай тәуелсіз комиссияның құрамына әкімдіктің өкілдері, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің (облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері) өкілдері, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың денсаулық сақтау жөніндегі жергілікті мемлекеттік органының, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жөніндегі жергілікті басқарма немесе бөлімнің, «Nur Otan» партиясы, медицина қызметкерлерінің мүдделерін білдіретін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретінін еске салды. 

- «Қоғамдық пікір көшбасшыларын, журналистерді пікірталасқа қатысуға шақырамын. Мәселенің шешімін табу үшін бұл жерде ең алдымен ашықтық керек. Тағы бір маңызды мәселе – егер медициналық қызметкер коронавирус инфекциясын жұқтырудың салдарынан карантинде болса, олар кіріс көзінен айырылмауы керек. Бәрі де заңға сай төленуі тиіс», - деді ол. 

Елжан Біртанов сонымен қатар комиссия төрағасы сол комиссия мүшелерінің берген дауысы бойынша сайланатынын жеткізді. Комиссия төрағасы ретінде әкімдік қызметкерін, атап айтқанда әкімнің орынбасары деңгейіндегі адамды сайлауға кеңес беріліп отыр. 

- «Осы комиссия шешімінен кейін ғана төлемдер бойынша нақты шара қабылданады. Жергілікті атқарушы органның және денсаулық сақтау басқармасындағы әріптестерден тағы да сұраймын: Дәрігерлерге қиын кездерде туындаған проблемаларды шешуге көмектесу үшін мәселе тез арада шешілсе дейміз. Індетке қарсы костюмдер мәселесін жақын арада тексереміз. Бұл жерде кез-келген аурухана басшылығы өзінің медициналық қызметкерлерін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өткім келеді. Құрметті медицина саласындағы әріптестер, сізден комиссия шешімі шыққанға дейін тыныштық сақтауыңызды сұраймын. Сіз карантинде ем қабылдап жатырсыз. Денсаулығыңызға мұқият қараңыз. Толық сауығу үшін барлық сақтық шарасын қабылдаңыз! Сіз елге керексіз!» - деді Елжан Біртанов. 

Министр ресми түрде Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерді «құрдымға итеріп жатыр» деген жел сөзге сенбеуге шақырды.

- «Керісінше біз медицина қызметкерлерінің әл-ауқатын естен шығарған емеспіз. Мен кез келген медицина қызметкеріне құлақ асып, оны қорғауға дайынмын! Кездесу қорытындысынан кейін ол ниетімді ұқтыңыздар деген ойдамын. Бәріңізге рахмет!» - деп түйді министр.

дереккөз: ҚазАқпарат

Мұқан Егізбаев дүниеден өтті
Ресейлік «1 - канал» Билл Гейтстің адамзатты жою жоспары туралы айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу