Әкім Ақментай Есбаев отставкіге қашан кетеді?

Oinet.kz 11-06-2020 1726

Кланаралық текетірес өршіген Келесте енді шенеуніктердің парамен ұсталуы көбейді. 

image.png

Осыдан екі жыл бұрын араға 21 жыл салып, өз алдына қайтадан отау құрған Келес ауданын соңғы жылдары бір қырсық айналдырып жүрген сияқты. Байқасаңыз, Келес кейінгі кездері  арыз жазудан, дау-дамайдан  білім саласындағы айқай-шулардан көз ашпай келе жатыр. Жеті жастағы баланың зорлануы, кланаралық тектірестің бүкіл Қазақстанды шулатқаны кеше ғана еді.  Биыл бұған келестік атқамінерлердің жаппай парамен ұсталуы қосылды. 

Бәлкім, аудандағы сәтсіздіктердің ең басты себебі де осы –парақорлыққа былығуда жатқан жоқ па деген күдіктің қылаң беретіні рас. «Қазаннан қақпақ кетсе...» деген халық даналығы осындайда ойға оралады. «Көтере алмас шоқпарды беліне байлағаны» болар елдің, облыс басшылығының, қала берді келісім берген Президент әкімшілігі мен жергілікті мәслихаттың артқан үкілі үмітін   ақтай алмай  мәселелерді шиеленістірмей  шешудің орнына тым ушықтырып жіберген Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың жуық арада отставкіге кетіп креслосынан абыройы айрандай төгіліп ауып түсуі әбден мүмкін болып тұр.  

Ауданда парақорлықтың барынша белең алып былық-шылыққа белден бату былай тұрсын кеңірдектен келе бастауы «Балық басынан шіриді» деген тағы бір халық даналығын еріксіз еске түсіреді екен. 

Бұған дейін Келес аудандық білім беру бөлімінің басшысы  Бақтияр Әбдиевтің жергілікті журналист Амангелді Батырбековтың үстінен «қорлау» және «жала жабу» баптары бойынша жеке шағым бергені, Сарыағаш аудандық соты журналисті 2,3 жылға бас бостандығынан айырғаны, алайда кейінірек облыстық соттың апелляциялық алқасы Батырбековты ақтап шыққаны белгілі. Осыдан кейін Әбдиевтің жағдайы қиындап, үстінен іс қозғалғаны айтпаса да түсінікті. Әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, жуырда Әбдиев Батырбековке тергеудегі жауаптарын өзгертуді өтініп, оның есесіне 5 миллион теңге пара ұсынғанға ұқсайды. Делдал параны беріп жатқан кезде қолға түскен. Әбдиевтің әрекеті осыдан кейін әшкере болған.  Бұл Батырбековтың жазғандарына, оның берген сұхбаттарына сүйене отырып таратылған ақпарат, әрине. Бір таңданарлығы, Әбдиевтің өз тарапынан ешқандай жауап болған жоқ. Бөлім басшысы неге үнсіз? Біз осы аптада Бақтияр  Әбдиевтің өзімен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын сұраған едік. Бөлім басшысы  қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдарының жүріп жатқанын жоққа шығарған жоқ. 

- Батырбеков антикорға арыз берген. Қылмыстық істі қысқарту үшін сатып алмақшы болды деген көрінеді. Алайда арыздағы мән-жайлар негізсіз. Қылмыстық іс 18 мамырда қысқартылған, пара берді деген уақыт 23 мамыр. Сонда менің жабылып қойылған іске пара бермек болғаным ба? Бұл қисынға келмейді. 

- Осы қылмыстық іс бойынша бейнежазба бар деген мәліметтер де айтылуда. 

- Екіортадағы параға делдал болған адам Батырбековтың құрған қоғамдық ұйымында алқа мүшесі екен. Бәрі алдын ала ұйымдастырылған сияқты. Мен танымайтын адамға ақша беруім мүмкін бе? Ол азамат маған келіп, Батырбековпен татуласуымды ұсынған. 23 мамырда олар антикорға арыз береді, 24 мамырда  бейнежазбаларды түсіру үшін маған келген ғой. Ол видеода ештеңе жоқ,-деген Әбдиев ешкімге ешқандай ақша бермегенін және Батырбековтың арызы бойынша ешқандай айғақ-дәлелдің жоқтығын алға тартты. Сонымен бірге Батырбековтың апелляциялық алқада ақталып шыққан ісіне де әлі нүкте қойылмағанын, бұл іс бойынша  кассациялақ арыз бергенін  мәлім етті. Яғни, Келестегі журналист пен «РайОНО» арасындағы дау-дамай  ұзаққа созылуы әбден мүмкін. 

Мамырдың соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Келес аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерін әлеуметтік көмек тағайындауға жәрдем беру үшін бір азаматтан 40 мың теңге пара алу үстінде қолға түскенін жария етті. Қызметкердің ұсталған сәтінен түсірілген видео да ғаламторға салынды.  Мәссаған безгелдек! Келестегі қызметкерлердің әлеуметтік жәрдемақыға мұқтаж азаматтарға қойған ставкасы 40 мың теңге болса, басқаларінікі қанша? 

Басқасын қайдам, Келестегі ауыл әкімдерінің ставкасы бұдан он есе жоғары болып шықты. Сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл агенттігі  (келестік атқаменерлердің ісімен агенттіктің тікелей өзі айналыса бастаған-ау) мамырда Келес ауданы Жамбыл ауылдық округінің әкімінің 400 мың теңге парамен ұсталғанын жария етті. Пара жер телімін алу үшін берілгені, тергеушілердің ауыл әкімін қамауға алмағаны айтылды. Себебі ол өзіне қатысты істі жеделдетілген жолмен жүргізуді сұраныпты. Ал бұл біраз нәрсені білдіреді. Біріншіден, ол ұсталған әкім қылмысын мойындап қойғанын, сол себепті оған қатысты  тергеу, сот амалдарының тез арада жүргізілетінін, екіншіден, үкім күшіне енген соң аудан әкімі Ақментай Есбаевтың отставкіге арыз жазатынын аңғартады.              

Түркістан облысында отставкіге арыз жазатын алғашқы әкімдердің бірі дәл осы Ақментай Есбаев болатын сияқты. Келеске Есбаев келгелі сыбайластықтың өршіп кеткенін немен түсіндіруге болады? Біз ғана емес,  ертең отставкі мәселесін қарар кезде облыстың басшысы да осы мәселеге бас ауыртары айдан анық. 

Биыл Ақментай Есбаевтың халыққа берген есебіне қатысып, содан мақала даярлағанда  біз әкімнің халыққа қарата: 

-Өздеріңізді көрген сайын айтам, уәде береміз, бірақ өтірікші болып қалып жатырмыз,-деген сөздерін жазған едік. Келес ауданына әкім болып келгелі Есбаев уәдені халыққа ғана емес, облыстың басшыларына  да бергені анық. Ал бұл уәделер қаншалықты орындалды? Бұл туралы алдағы күндері қозғалатын әңгіме бөлек.  Есбаевтың отставкіге берген арызын қарар кезде облыс әкімі Өмірзақ  Шөкеев осы уәделерді де салмақтап, таразыға саларына күмәніміз жоқ. 

Айтпақшы, мақала әзірленіп жатқан кезде фейсбукте Келес ауданында бір бөлім басшысының парамен ұсталғаны туралы мәліметтер жарияланды. 30 миллион теңге деген ақпаратқа не сенерімізді не сенбесімізді білмей аң-таң болдық. Антикордағылар әзірге бұл жөнінде мәлімет тара алмайтындықтарын алға тартты. Келестің әкімдігі де үнсіз? Ақментай Есбергенов те үнсіз. Қашанға дейін?..

Расында да қашанға дейін?..Ақментай Есбаевтың әкімдік қызметін дұрыс атқара алмай басшылықтың тым босаңсып кетуінен туындаған Келестегі келеңсіздіктерге қашанға дейін шыдай беруге болады? 

"Рейтинг" газеті

Белгілі спортшы министрлікті басқаруға ниетті
Тоқаев бұл істен қандай сабақ алар екен?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу