Наурыз мейрамы қашанғы жасанды тойланады?

Oinet.kz 22-03-2019 1042

11nauriz2.jpg

Ұлыстың ұлы күнінде тойланатын бұрынғы дәстүрді әкімдер біршама жаңартқысы келеді. Бірақ, оның ел есінде қалатыны бар, қалмайтыны бар. Оңтүстікті Асқар Мырзахметов басқарғанда наурызнамаға сай Жаңа жылды 9 күн атап өтті. 3-4 жыл қатарынан өткізілген мереке айшықтары әкіммен бірге «кетті».

Бір жылдары Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда. Сондықтан этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мерекеге айналдырған жөн. Жаңа жылда Аяз атаның сәбилерге сыйлық беруі, отбасы мүшелерінің бір-біріне тарту-таралғы жасауы сияқты дәстүрдің берік орнығуы бұл мейрамдарды халыққа жақындатқаны мәлім. Жаңа жылдан әрбір бала тосын сый күтеді. Наурыз тойында да бүлдіршіндердің есінде қалатындай ұлттық кәдесыйлар сыйланып, жент, талқан, балқаймақ, құрт, сүзбе, уызды мейрамға сай түрлендіріп жасаса. Студенттер мен оқушылар мерекені отбасында, жақындарының жанында қарсы алу үшін 14-23 наурыз аралығы  демалыс күні ретінде белгіленсе. Айналаны тазалау, тал егу, қайырымдылық жасау сынды шараларды науқан ретінде емес, әр отбасы сезініп атап өтетін болса мейрам шынайы өткен болар еді.  Қыдыр ата бата берумен ғана шектелмей, сыйлықтар да үлестіретін болса» деген ұсынысы әзірге сөз күйінде қалуда. Қолында билігі барда министрдің өзі бастама көтерсе, қостайтындар табылар.

Осы мақаланың астына Ғалия есімді оқырман «Наурыз мейрамын атап өту – науқан, міндеттеу, қырылып киіз үй іздеу, оны құру, шынын айтқанда, шаршатты. Бала кезімнен есімде қалғаны Наурыз көже ішу қызығы еді, соны күтесің. Ешқандай басқа символ болған жоқ. Символдар ұсыну тағы сол – еліктеушілік. Шыршаның орнын басатын символ не үшін керек? Мұндағы ең басты нәрсе –  қарашаңырақта отбасы мүшелері бірігіп, ортақ қазаннан ас ішіп, дастарқан басында мәре-сәре болу. Ал ауқаттылар қайырымдылық жасағысы келсе  ашыққанды тойдырып, қуаныш сыйласын. Ағаш егу, айналасын тазалауды үлкендер отбасындағы балаларына үлгі етіп, жасауы керек» дейді. Қарапайым халық өкілінің пікірі орынды. Наурызды тек басшылардың тапсырмасына сай тойламай, әркім өз қалауымен мерекелесе ғана өміршең болмақ.

«Наурызды алғаш Өзбекәлі Жәнібеков екеуміз халыққа насихаттағанбыз» деген қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков баспасөзге берген сұхбатында «Алғашқы кездері жұрт сағынған ба, аңсаған ба, жақсы тойлап жүрді. Сүрініп, жығылып, үйде ешкім қалмай, бәрі далаға шығатын. Бірте-бірте бәсеңси бастады. Содан кейін ол тек киіз үй тігіп, шапан киіп, көже ішіп тарқасатын мерекеге айналды. Иә, Наурыздың бір шарты – көже. «Наурызкөже қалғанша жаман қарын жарылсын» деген. Бірақ, қазір Наурыз мерекесі уақыт талабы мен егемен елдің өміріне сәйкес бүкілхалықтық идеологиялық көз қуанышқа айналмай отыр. Мерекені әшейін бір науқанға айналдырып жібергенбіз. Өкініші, бұл мереке халықтың санасына қайтадан сіңбей қойды», - депті. Қария бұл мерекеге қомақты қаражат бөліп тарихшылар, этнографтар, философтар, мәдениеттанушылар, жазушылар мен әдебиеттанушылардан үлкен топ құрып, Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасын жасау жайлы ұсынысын айтқан.

Атыраудағы «Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Нұрберген Дәулетовтың «Кеңес өкіметі құлаған тұста пайда болған сценарийсымақ жүйемен осы мереке өткізіліп келеді. Киіз үй құрылып, шапан киген адамдар шықса, бүрмелі көйлекпен бойжеткендер ән салса болды, осымен шектелу керек деп есептейміз. Ал, шынында мерекенің мән-мақсатын қазіргі жастарымыз ұға ма? Жоғарыдағы шеңберден өзіміз шыға алмай жүргенде жастарымыз қайдан ұқсын?» деген сөзінен кейін Наурыздың жан-жақты қырын алдымен үлкендер жастарға үйретіп, бағыт-бағдар берген соң ғана бір жаңашылдық күтсе деген пікірдеміз. Филолог, бірқатар әдеби, тарихи танымдық мақалалардың авторы Асылбек Байтанұлының «Театрландырылған көріністер: мифтік кейіпкерлер, ресми бөлім, жапырлаған жасауылды киіз үйлер, мекемелердегі дастарқандар, алашапқын киім прокаты, тойкезер оюлы қаудырлақ шапандардың бір күндік киілімі – осымен тәмам. «Жалпы халыққа қолжетімді емес» жағдайдағы киіз үйлерді әкеліп тігудің жағымсыз тұстарын айтып тауыса алмайсыз» дегенімен қосылуға болады. Көпшіліктің пікірі бір жерден тоқайласуда. Сайып келгенде әркім ұлық мейрамды тойлауды өз отбасынан бастаса ғана оның мағынасын сезінбек. 

Шымкенттік журналист Кеңес Исмайлов пен өлкентанушы марқұм Алексей Гончаровтың идеясын қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов қолдап, 2016 жылдан бері 19-21 наурыз аралығының бір күнінде  Қошқар ата өзенінің жағасында «Қошқар ата сейілі» фестивалі ұйымдастырылып келеді. «Сырдария облысының қалалары» кітабында атақты саяхатшы, зерттеуші А.Добросмыслов ХХ ғасыр басында осы өзеннің жағасында қазақтар жылда Наурыз мейрамын атап өтетіні жайлы жазғаны сейілді жаңғыртуға негіз болған. Алдын-ала жақын ауылдардан келген тұрғындар киіз үй тігіп, үлкен жәрмеңкеге дайындалады екен. Сосын Құдайы ретінде бір қошқарды құрбандыққа шалған. Былтырғы сейілде салмағы 60 келіден жоғары қошқарды білекті жігіттер жарысып көтерді. Қазақша күрес, тоғыз құмалақ, кір тасын көтерушілер өнер көрсетті. Концерттік бағдарламалар қойылып, барлық ұлт өкілдері өз тағамдарын алып шығып, қалалықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шымкенттіктерге енді сіңіп жатқан сейілді серуен биыл  21 наурызда өтеді. 

Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ

Дереккөзі: «Рейтинг» газеті

Наурыз мейрамы туралы 22 қызық дерек
Наурыз биыл неге Қазығұрттан басталмады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу