Түркістанда 7 медициналық нысан салынуда

Oinet.kz 19-11-2020 750

Медициналық нысан.jpg

Түркістан облысында өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 46,4%-ға артқан. 8 ауруханалардың жанында оттегі станциялары орнатылды. 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынған. Оттегі концентраторларының саны 95 %-ға артып, 900-ге жуықтаған. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі баспасөз-мәслихатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Мемлекет басшысы Жолдауының жүзеге асуы және Түркістан қаласын дамыту барысы бойынша баяндалған жиында өңірдің  денсаулық саласындағы тың жаңалықтар мен коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынына белсенді дайындық жұмыстары да айтылды. 

«Емдеу мекемелерінде ашылған 10 зертханада Covid-19 инфекциясын анықтау үшін  тәулігіне 5000 сынама алу мүмкіндігі бар. Облыстың шалғай ауылдары 12 жылжымалы медициналық кешенмен және жедел жәрдем станциясының паркі 13 реанимобильмен толықты. Облыстық жедел-жәрдем қызметін жыл соңына дейін тағы 122 автокөліктерімен жабдықтау көзделген. Оның 43-і жеткізілді. Бұл медициналық жедел-жәрдем қызметі паркін 96%-ға жаңартуға мүмкіндік береді», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Оның айтуынша өңірде денсаулық сақтау саласының 7 нысаны салынуда. Құрылыс жұмыстарына 78,5 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ 8 нысанның күрделі жөндеуіне 1 миллиард 235 миллион теңге бөлініпті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілгендей медициналық инфрақұрылымды дамыту басым бағыттардың бірі. Бұл тұрғыда ел көлемінде салынып жатқан 13 жаңа модульді жұқпалы аурулар ауруханасының біреуі Түркістан қаласында бой көтеруде.  200 төсек орынға арналған жұқпалы аурулар ауруханасы таяуда пайдалануға беріледі.  Қысқа мерзім ішінде барлық талапқа сай салынып жатқан модульді инфекциялық аурухана қажетті заманауи құрал-жабдықтармен және штатпен қамтылады. 

Өңірдегі емдеу мекемелерінде қазір дәрі-дәрмектің 2 айлық қор резерві қалыптастырылған. Жиында облыс басшысы медициналық ұйымдарын дәрілік заттар және арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында республикалық және облыстық бюджет есебінен жалпы 2,1 миллиард теңге қарастырылғанын айтты. Аталған қаржыларға дәрілік заттар, медициналық бұйымдар мен дезинфекциялық ертінділер сатып алынған. Қажетті заттардың 70%-ы медициналық мекемелерге беріліп, қалған 30%-ы облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының қоймасында сақтаулы.   «Өңірде тұрғындардың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бөлшек сауда дәріханалары арқылы жергілікті тұрақтандыру қоры құрылып, облыс бюджеті есебінен 317,0 млн. теңге бөлінді. Облыс аумағындағы 557 бөлшек сауда дәріханаларының жартысына жуығымен өзара әрекеттесу туралы Меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде дәрі-дәрмек тапшылығы орын алмауы тиіс»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев. 

Короновирустық инфекцияның өршуі ықтимал әр түрлі болжамына байланысты өңірдегі медициналық ұйымдарда төсек-орын санын 5 610 дейін ұлғайтуға мүмкіндігі бар. Аймақта пандемияның екінші ықтимал толқынына дайындық жұмыстарын күшейту барысында инфекциялық стационарларда науқастарды қабылдауға 600 төсек-орын әзірленген. Сондай-ақ, 340 орындық карантиндік стационар қосылды.

Баспасөз-конференциясы барысында Өмірзақ Естайұлы көзге көрінбейтін жаумен алысқан ақ халаттылардың еңбегі лайықты бағаланғанын тілге тиек етті. Нақтырақ айтатын болсақ коронавирус індетімен күреске жұмылдырылған 5000-ға жуық медицина қызметкеріне жұмыс уақытын есепке алу деректерінің негізінде 7,2 млрд.теңге қаржылай үстемеақы төленді, тағы 483 медицина қызметкеріне жергілікті бюджеттен 181,9 миллион теңге сомасында үстемеақы берілген. Сovid-19 инфекциясымен күресте көз жұмған 16 медицина қызметкерінің туған-туыстарына 10 миллион теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, коронавирус індетін жұқтырған 182 денсаулық сақтау саласының қызметкері 2 миллион теңгеден мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы әлеуметтік  төлем алған.

Жалпы, пандемиямен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлініпті.   

Түркістанның төрінде өткен жиында облыс басшысы өңірде кадр тапшылығының барын жасырмады. Және бұл мәселе оң шешімін тауып келе жатқанға ұқсайды. Сонымен оңтүстік аймақтың медицина ұйымдарына нақты  174 маман қажет. Оның ішінде: кардиолог, невропатолог, оторинларинголог, анестезиолог-реаниматолог, жалпы тәжірибелі дәрігер, педиатр, окулист, онколог дәрігер.  Маман тапшылығын шешу мақсатында биыл жоғары оқу орындарынан 131 бітіруші түлек медициналық ұйымдарға жұмысқа жолданыпты.  Шалғай ауылдарда еңбектенуге ниет білдірген 45 жас маманға  1 500 000 теңге әлеуметтік қаржылай көмек көрсетілген. Сонымен қатар, 1746 медицина қызметкерлері білім жетілдіріп, оның ішінде 44 дәрігер Ресейде біліктілік арттырған. 

Мамандардың зерттеуінше соңғы жылдары елімізде халық саны өсіп келеді. Әсіресе бұл өсім Оңтүстік өңірде  қатты байқалады. Жиында Өмірзақ Естайұлы сүйінші хабар жеткізді. Оның айтуынша Түркістан облысы бала туылу көрсеткіші бойынша республика көлемінде алдыңғы шепте. Қазан айының өзінде аймақта 5659 бала туылыпты.  Яғни, тәулігіне 200-ге жуық сәби дүниеге келеді. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, облыста он ай ішінде жалпы 50 202 нәресте туылған. Өңірде бала туу көрсеткішінің өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1 көрсеткішке артқаны байқалады. 

Айта кетейік,  бүгінге дейін облыстың  3371 тұрғыны коронавирустан жазылып шыққан. Бұл елдегі жақсы көрсеткіштердің бірі.  Сауыққан науқастардың  2377-де ауру симптомсыз өткен.

Қазіргі таңда өңірдегі медициналық мекемелердің инфекциялық стационарларында 35 адам ем қабылдауда. 29 адам вирусты пневмониямен  және 6 науқас коронавирус инфекциясымен тіркелген. Науқастардың барлығы ересек адамдар. Оның ішінде үш жүкті әйел де жұқпалы ауруханалар бөлімдерінің дәрігерлік бақылауында. Жағдайлары қанағаттанарлық және өкпені жасанды желдету аппаратына таңылғандары жоқ. 

Соңғы тәулікте облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған бес жағдай анықталды. Өсім 0,3% құрайды. Ковидтің екінші толқынын ескерсек, бұл көрсеткіш көңіл көншітерліктей. 

Жалпы, Түркістан облысында пандемия басталған сәттен бастап Covid-19 дерегі расталған 3444 жағдай тіркелді. Оның ішінде 2394 симптомсыз. Дертке шалдыққандардың 1577-і облыс стационарларында ем қабылдаған. Аурушаңдық үш жасқа дейінгі балалар арасында аз тіркелген. Олардың саны  44 (2,8%). Ал, 3 жастан 18 жасқа дейін 75 науқас (4,8%) ауырды. 18-ден 55 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті жастағы адамдар 956 –ны (60,6%)құрады. Коронавирус әсіресе қарияларға ауыр тиді. 55 жастан асқан 502 адам (31,8%) жұқтырған. Індетке шалдыққандардың көбісі ер адамдар. 

Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше  оқшаулар бөлімдерінде қазіргі таңда 99 азамат бақылауда. Пандемия басталғалы облыс зертханаларында 254325 ПТР сынамасы алынған. Соңғы бір тәулік ішінде 3081 тест қабылданып, Covid-19 анықтайтын 155584 сынама қалып отыр.

Құрсайдағы мәселелер шешімін табады
Созақта Қожа Ахмет Ясауидің бабасы мен шәкірттері және Тайқазанды құйған шебер жерленген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу