Түркістан төрінде адалдыққа үндейтін «Парасатты жол» орталығы ашылды

Oinet.kz 17-02-2021 711

Парасаттылық –   ізгіліктің іргетасы, даналықтың биік шыңы. Бұл кемел қасиет толық қалыптасқан  қоғамда адалдық пен әділдік, туралық пен тазалық, адамгершілік пен сенім құндылықтары кең тамыр жаяды, өнегелі істердің өрісі кеңейеді.     

image.png

Бұл ретте, парасаттылық идеялогиясын ілгерілетуге айрықша басымдық берген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүгінгі күні  Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, ел аумағында орналасқан кітапханаларда  «Парасат жолы» орталығын ашу бастамасын жүйелі түрде қолға алға болатын. 

Осыған орай, бүгін Түркістан облысының орталығында орналасқан А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Парасат жолы» орталығының ресми тұсаукесер рәсімі өтті.  

Жастардың тұла бойына туралық пен даналықтың дәнін егуді көздейтін орталықтың негізгі мақсаты –  ұлттық мәдениет пен тағлымды тарихты, тұнық тәрбие мен өнегелі әдебиетті өне бойларына терең сіңірген  зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері,  ақын-жазушылар мен қаламгер-тілшілердің елеулі еңбектері арқылы парасатты қоғам қалыптастыру.  

Мәдениет пен руханияттың тоғысқан ордасы саналған кітапханада өткен  игі шарада бірегей жаңа жобаның мақсаты мен міндеті ортаға салынып, орталықтың алдағы жұмыс жоспары  салтанатты түрде таныстырылды.      

Адалдық құндылығы аясында өрбіген келелі жиынға елімізге белгілі жазушы, А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Парасаттылық жолы» орталығының жетекшісі Мархабат Байғұт,  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, қарымды қаламгерлер  Кәрібай Әмзеұлы, Жеңіс Баһадүр, Сарманбай Иса, қоғам  белсенділері мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ Түркістан облысына қарасты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің мамандары бейнебайланыс арқылы  қатысты.  

Пайымды пікірлер мен орамды ойлар ортаға салынған  шарада әділдіктің қоғам өмірінде алатын орны мен шалқар шығармалардың оқырманға беретін тәлім-тәрбиелік рөлі сөз болып, құнды қасиет  парасаттылықтың маңыздылығы талқыланды. 

Шарада сөз алған Мирас Асқарбайұлы бұл игі бастама Түркістан өңірінде адалдық атмосферасын қалыптастыруда айрықша маңызға ие екендігін  алға тартып,  Түркістан облысына қарасты жалпы саны 392 көпшілік кітапханаларда «Парасат жолы» орталығын ашу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің жарқын үлгісін қалыптастыруға болатынын жеткізді.  

Айта кетсек,  киелі өңірде түндігін түрген   «Парасат жолы»  орталығы алдағы уақытта талай жастың санасына сілкініс жасауға және  оқырман қауымның таным-түйсігіне ізгі ой қалдыруға, сондай-ақ  бармақ басты, көз қысты әрекеттерден алшақ болып, ізгілікті істердің ізін жалғастыруға едәуір ықпал етпек.  

«Тәуелсіздік және Түркістан тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өт
Әкімге сұрақты Telegram-бот арқылы жібере аласыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу