«Құдай жасанды, қуыршақ оппозициядан сақтасын!» - Әміржан ҚОСАН

Oinet.kz 18-02-2021 2397

Қазақстандық саясаткер Әміржан Қосанов қазақ қоғамына қандай оппозиция қажет екендігін айтты. Бұл туралы ол "Рейтинг" газетіне берген сұхбаты барысында айтты. 

Қосанов.jpg

– Сіз өзіңізді оппозиционер санайсыз ба? Бір оппозиция бар, қазіргі билікпен ымыраға келеді, қажет жерінде қолдайды, қажет жерінде қолдамайды. Бір оппозиция бар, билікпен ешқашан да ауыз жаласпайды. Сіздің ойыңызша, қазіргі қазақ қоғамына қандай оппозиция керек? 

– Білесіз бе, 1998 жыл біз билікке ашықтан-ашық қарсы шыққан РНПК партиясын құрғанда жұрт өзін «оппозиция» деп атауға қорқатын. Тіпті бізге жіберген мақалаларын бүркеншік атпен жариялауды, фотоларын салмауды сұрайтын. Қазір болса, жағдай бөлек. Яғни жұрт өзін оппозиция деп атаудан қорықпайды. Жалпы процесс үшін бұл жаман емес. Тіпті «Оппозиция деген - мен, басқалар - сатқындар!» немесе «Нөмірі бірінші оппозиция -мен, мен ғана лидермін, қалғаныкі – далбаса!» деушілер аз емес! Өз басым мұны «солшылдықтың балалық ауруы» деп санаймын. Иә, оппозиция да қоғамның бір бөлігі, қоғам қандай болса, оппозиция да сондай болуы заңды. 

Құдай жасанды, қуыршақ оппозициядан сақтасын! 

Сонымен бірге, қоғамда елдің бүгіні мен болашағына қатысты әрқилы ұстаным бар. Оппозиция да біркелкі емес. Оңшыл, солшыл, центристер бар. Қантөгіс боларын біле тұра, бір күнде билікті төңкеріп тастағысы келетін радикалдар, революционерлер де бар. Бірақ ол жолдың ішкі және сыртқы қауіптері жетерлік. Біздің кейбір әсіребелсенді, етқызу ағайын осы жағын көп түсіне бермейді. «Бізге түбегейлі өзгерістер керек. Бірақ, билікке таласамыз деп жүріп, Қазақстанның Тәуелсіздігінен, жер тұтастығынан айырылып қалмайық! Өзгерістер қантөгіссіз, бейбіт түрде өтуі тиіс!», – дейтін эволюционерлер де бар. Жасыратын несі бар, бізде кландық, топтық жүйе болғандықтан, белгілі бір топ не тұлғалардың сойылын соғатын «оппозиция» да бар. Олар кейде жалпыдемократиялық принциптерден гөрі, жеке бас пиғылды ұстанады, саяси күресті жеке кек алу, саяси вендеттаға айналдырып жібереді. Билікпен ауыз жаласып жатса, оппозициялық ұстанымынан бас тартуы  да ғажап емес. 

Қазақ қоғамына ұлтшыл, демократияшыл, мемлекетшіл оппозиция қажет деп санаймын. 

Оның негізі қоғамның өне бойында бар. Президент сайлауы кезінде мен сол мықты күштің нобайын байқадым. Ендігі мәселе – ортақ бағдарлама төңірегінде топтасып, қимыл-әрекет жасау - деді Әміржан Қосанов. 

Әңгімелескен Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ

Әміржан Қосан қазір қайда жүр?
Ең жас депутат Асқар Маминге маңызды талап қойды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу