Шымкент: Өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде

Oinet.kz 21-05-2021 989

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Жақсыбаев мәлімдеді.

Screenshot_4.jpg

– Шымкент қаласында жыл басынан бері 59 өрт оқиғасы болып, қаза тапқандар тіркелген жоқ. Аталған көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жоғары деңгейді көрсетіп тұр. Бұл – үгіт-насихат жұмыстарының кеңінен жүргізіліп жатқандығының нәтижесі. Яғни, аптасына екі-үш рет таңғы және кешкі уақытта 28 телеарнада өрт қауіпсіздігі туралы түсініктеме-хабарлама береміз. Одан бөлек, орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тұрақты мониторинг пен профилактикалық, рейдтік іс-шаралар, ал орман және шаруа қожалықтарының қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз, – деді М.Жақсыбаев.

Мадияр Есенгелдіұлының сөзінше, жыл басынан бері қала аумағында табиғи өрт тіркелмеген. Дегенмен аулаларда құрғақ шөп жану оқиғалары болып отыр. Мәселен, Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімдері мамыр айының мереке және демалыс күндері құрғақ шөптің жану оқиғаларына 25 рет шыққан. Осы орайда спикер үшінші мегаполистегі барлық мекеме басшылары мен қала тұрғындарына өз аулаларындағы құрғақ шөптерді тазалауға шақырды.

Еске салсақ, Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан қала аумағында жазғы өрт қауіпті кезеңіне байланысты алдын алу іс-шаралары сәуір айының басында басталған болатын. Ал 28 сәуірде аталған департамент барлық мүдделі қызметтерді тарта отырып, шартты орман-дала өртін сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығуын өткізді.

Айта кетейік, орман-дала өрттерін жедел сөндіру үшін жергілікті атқарушы органдар қала аумағында өрт қауіпті кезеңде 42 ерікті өртке қарсы құралымдар құрған. Оның жеке құрамында 405 адам, 69 бірлік бейімделген техника және 14 бірлік мотопомпасы бар. Ал Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде жоғары өтімді 24 бірлік техника (негізгі 11, арнайы 7, қосалқы 6) және 100 адам жеке құрамы дайындыққа келтірілген.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Фото – Самат Мырзалиев

Жанар Айжанованың күйеубаласы келіншегін босанғанымен құттықтамады
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді тұсы көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу