Басқарма басшысы тәрбие «завучын» қызметінен алып тастады

Oinet.kz 19-06-2021 19371

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Елмұратова қызметінен босатылды. Бұл туралы Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының (Білім басқармасының - автор) басшысы Рахымбек Жолаев Facebook парақшасында жариялады.

Screenshot_3.jpg

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, А.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатысты "Facebook" әлеуметтік желісінде бейнежазба жарияланған, үлкен резонанс тудырғаны ақиқат.  Алдымен, әлеуметтік желідегі  шу төңірегіндегі мәселені  зерделеу үшін   18 маусым күні А. Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектепте Түркістан облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы, Ордабасы ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі және А. Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебінің әдеп кеңесі мүшелерінің біріккен кезектен тыс көшпелі кеңес өткізілді.

Кеңес қорытындысы бойынша өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше атқармағаны және өрескел заң бұзушылық жасағаны үшін А. Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебінің директорын қызметтен босату туралы ұсыныс жасалып, Ордабасы ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің 18.06.2021 ж. №144 бұйрығымен мектеп директоры өз қызметінен босатылды. Сондай-ақ оқу-тәрбие ісіне жауапты қызметкер моральға қайшы іс-әрекеттер жасағаны үшін кезекті еңбек демалысы аяқталған соң директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды.

Ал, енді Ордабасы ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «А. Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ақбөпе Өмірзақтың қандай себептерге байланысты қызметінен босатылғанына толығырақ тоқталып өтсем. 

Ақбөпе Өмірзақ Жақсыбайұлы А. Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебінің директоры болып 2020 жылдың 24 ақпанында тағайындалған. Бұған дейін осы мектепте мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

Ө. Ақбөпеге қатысты Қазақстан Республикасының «Еңбек кодексіне» сәйкес 10.02.2021 ж. Kundelik.kz платформасын толтыруда жіберген кемшіліктері үшін «ескерту», 01.06.2021 ж. мемлекеттік емтихан өткізу кезінде жіберген кемшілігі үшін «сөгіс» түрінде тәртіптік шаралар қолданылған.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейне жазбаға қатысты Ордабасы ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің 17.06.2021 ж.  №367 бұйрығымен Ордабасы ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маман-заңгері М. Молдабаев және кадр жөніндегі бас маман А. Каюпова зерделеу жұмыстарын жүргізді. Бейне жазба сонымен бірге кезектен тыс көшпелі кеңес барысында да жіті қаралды. Кеңестің қорытындысы бойынша мектеп директоры Ө.Ақбөпе бұған дейін оның екі рет тәртіптік шараға тартылғаны ескеріле отырып, Ұ. Елмұратованы директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындау барысында жіберген өрескел қателіктері үшін Қазақстан Республикасы «Еңбек кодексінің» 52-бабы 1-тармағы 16-тармақшасына сәйкес мектеп директоры қызметінен босатылды.

Мектеп директоры Ө. Ақбөпені қызметтен босатудың басты себептері:

1. Ұ. Елмұратованы мамандығы “Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі” бола тұра бұйрықта “өз мамандығы бойынша” деп көрсетіп, 0,5 ставка көлемінде дене тәрбиесінен үйірмені негізгі қызметіне қоса берген.

2. Ұ. Елмұратованы 10.11.2020 ж. директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстыру кезінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» № 338 бұйрығының талаптарын бұзған. Аталған бұйрықта директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қойылатын біліктілік талабында оқытушылық қызметті жүзеге асыру кезінде қосымша "педагог–сарапшы" немесе "педагог–зерттеуші" немесе "педагог–мастер" санатының болуы қажет. Ал, Ұ. Елмұратовада мүлдем біліктілік санаты болмаған. Бұл ретте де мектеп директоры тарапынан заң бұзушылыққа жол берілген.

3. Ұ. Елмұратова директордың тәрбие жөніндегі орынбасары лауазымына ауыстыру кезінде өтініш жазбаған, қосымша еңбекшарты жасалынбаған. Яғни, Қазақстан Республикасы «Еңбек кодексінің» талаптары өрескел бұзылған. Сонымен қатар Ұ. Елмұратоваға қатысты қабылданған бұйрықтармен Ұ. Елмұратова таныстырылмаған.

4. Осы зерделеу жұмыстарынан кейін қызметкерлердің еңбек шарттарын тіркеу журналына түзетулер енгізген. 

Мектеп директоры Ө. Ақбөпе тарапынан Ұ. Елмұратоваға қатысты шешімдер қабылдау кезінде жоғарыда аталған өрескел кемшіліктерге жол берілген. 

Ө. Ақбөпе А. Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебінің директоры лауазымынан босатылғанымен, мұғалімдік қызметінен босатылған жоқ. Яғни, Өмірзақ Жақсыбайұлы аталған мектепте әрі қарай педагогикалық қызметін өз мамандығы бойынша, тарих пәнінің мұғалімі болып , немесе  мектеп директорының орынбасары қызметіне құқылы екенін жеткіземін, - деп жазды Рахымбек Жолаев.

«Үйде аяулы анамын, боқтамаймын» - Тәрбие «завучы» жылап кешірім сұрады
«Завуч» келіншек өзіне қол жұмсады» деген ақпарат шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу