Депутат билерге қарсы «соғыс» ашты
30-10-2024
Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықпен, парақорлық пен әр алуан қылмыстық оқиғалармен көпшіліктің жағасын ұстатып жүргені аздай Түркістан облысының білім саласынан таяуда тағы да шу шыққалы тұр. Шу шыққанда да құрғақ шөпке от қойғандай болып білім саласындағы дау-дамай тұтас облысты қамтып кетуі әбден мүмкін. Өйткені санаулы ғана күндерден соң басталатын жаңа оқу жылының дайындық мүлдем көңіл көншітпейді.
Әсіресе, биылғы қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушыларының барлығына бірдей ыстық тамақ беру туралы Президент тапсырмасын орындауға әзірліктің нашар екендігі талас тудырмайды. Бұған дейін мәселен білім ұяларында 30-40 бала әлеуметтік жағдайына байланысты ыстық тамақ ішіп келсе, енді олардың саны ондаған есеге көбеюі оңай дейсіз бе? Ал Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің мәліметі бойынша өңірдегі мемлекеттік 907 мектептің 110-ында асхана деген атымен жоқ. Мектептерде интернеттің, дабыл қаққыштың, бейнекамералардың, турникеттің жұмыс істеуі, әжетханаларды ғимараттың ішіне көшіру сынды талаптардың үдесінен шығу жағы да сын көтермей тұр. Ал облыстық білім басқармасының есебінде, қағаз жүзінде мұның бәрі тамаша, тапсырманың бәрі ойдағыдай орындалуда. «Дайындығымыз жақсы» деп, көпе көрнеу көзбояушылыққа барып отыр.
Даудың көкесі мектептерде күрделі жөндеудің бекітілген кестеден кешігіп, жаңа оқу жылына дайын болмауынан туындаса таңқалмаймыз. Білім саласындағы өзекте мәселе өткен аптада «Аманат» партиясының Түркістан облыстық филиалында өткен жиында қаралып, облыстық мәслихаттың депутаттары, партиялық бақылау мен қоғамдық кеңес мүшелері дабыл қақты. Облыста кем дегенде бес мектепте күрделі жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмай қалуы мүмкін екендігі айтылды.
Осы жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова мен Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов баяндама жасады. Ғалымжан Алматов білім ұяларының жұмысына жүргізілген мониторинг барысында анықталған кемшіліктерді тізіп берді. Ал, Садықованың баяндамасында құрғақ цифрлар, жалаң мәліметтер көпшіліктің көңілінен шыққан жоқ. Бір ғана жәйтті келтіре кетейік. Өзінің баяндамасында Садықова Төлеби ауданында күрделі жөндеу жұмыстары 5 мектепте жүріп жатқанын мәлім етті. Алайда бұл ауданда күрделі құрылыс жұмыстары тек Қаратөбе мектебінде жүріп жатқаны жайлы қарсы сауал қойылды. Мұны жиында жұрттың көзінше облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек те растады. Ардақ Садықова әңгіме болып отырған Төлеби аудандында мектеп директоры болған. Бір емес екі мәрте аудандық білім бөліміне басшылық жасаған. Төлеби ауданындағы білім саласының жағдайын бес саусағындай білуі тиіс орынбасардың мұнысы қай сасқаны?! Айтпақшы, Садықова осы күзде зейнеткерлікке кететінін де айтып қалды. Әлде бәрібір зейнетке кететін орынбасарға «екі қойың бір сом ба?»
Жаңа оқу жылына дайындық мәселесін облыс басшысы Дархан Сатыбалдының өзі тікелей бақылауына алды. Өткен жұмада облыс әкімі Сарыағаш ауданындағы Панфилов атындағы мектепте болып, мердігерге қатаң ескерту жасады. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев та демалыс күндеріне қарамастан білім ұяларын аралап жүр... Жарайды, бұл мәселе бойынша алдын ала байбалам салмай кезі келгенде кеңінен тоқтала жатармыз. Біздің негізгі айтайын дегеніміз бұл емес.
Жаңа оқу жылына дайындық шараларына байланысты жұрттың бәрі жанталасып, жүгіріп жүргенде облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы із-түссіз «жоғалып» кетті. Жалпы, облыстың бас мұғалімі соңғы екі-үш айдың көлемінде жиындарда төбе көрсетуді қойды. Бірде денсаулығына байланысты жұмысында жоқ, енді бірде еңбек демалысына шығып кетеді. Мұның тегін еместігі айтпаса да түсінікті. Сенімді ақпарат көздеріне сүйенсек, басқарма басшысы жақын күндері министрлікке ауысуды көздеп жүргенге ұқсайды.
Былтыр жыл соңында облыс әкімдігінде өткен жиында Дархан Сатыбалдыға жемқорлықпен күресті жандандыруға уәде беріп шыққан Дінислам Болатханұлы биыл жыл басында жемқорлықпен тұтылды. Рас, басқарма басшысы мен оның орынбасарларының үстінен жемқорлық қылмыс жасады деген негізбен қозғалған қылмыстық іс кейін жабылды. Дегенмен антикор облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасарларының тәртіптік мәселесін қарау жөнінде хат жолдағаны белгілі болды. Қызметтен антикордың ұсынысымен кету шенеуніктің келешек карьерасына көлкеңке түсіретіні айтпаса да түсінікті ғой. Осыдан кейін басқарма басшысы мен орынбасары антикордың хатын даулап, сотқа талап арыз берді. Алғашқы сот оның қанағаттандырусыз қалдырды. Бұған келіспеген шенеуніктер облыстық сотқа апелляциялық арыз берді. Соттасудың ақыры немен тынары әлі белгісіз. Қайбір жолы Дінислам Болатханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында:
- Түркістан менің туған жерім! Біреулер үшін әсіре сөз боп көрінуі мүмкін, бірақ мен үшін туған жерге келіп, бар білгенімді, еңбегім мен қайратымды туған жерімнің білім саласына пайдам тисін, сапасының көтерілуінде тиімді болудан басқа маңызды уәзипа жоқ,-деп жазған еді. Алайда Дінислам Болатханұлының айтқан сөз мен тірлігінің бір-біріне үйлеспеуі әдетке айналып барады. Бас мұғалім де әсіре сөзге құмар болып шықты. Дәл қазір Болатханұлына туған жерге қызмет етуден гөрі өзінің қызметтік карьерасын сақтап қалу маңыздырақ болып тұрған сияқты. Ол абыроймен келген қызметтен абыроймен кете ме?
«Балық басынан шіриді» деген осы
"Рейтинг" газеті, №32