Тоқаев: "Бір палаталы жаңа парламентте президент квотасы болмайды"
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы парламент құру мәселесін түсіндірді.

Тоқаев Астанада ауыл әкімдерінің диалог-платформасында "Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" қағидаты туралы сөз қозғады.
“Мен биылғы жолдауымда бір палаталы парламент құру туралы бастама көтердім. Бұл осыған дейінгі саяси өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз "Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" қағидатын орнықтыра түсеміз, яғни еліміз президенттік республика болып қала береді”, – деді президент.
Сөзінше, жаңа бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр. Парламенттің құрылымына қатысты көптеген ұсыныс келіп түскенін айтады. Депутаттардың саны халық санына сәйкес, яғни пропорционалды болуға тиіс деген ойлар айтылды. Қазір қос палатада 148 депутат бар.
“Парламенттік реформа – екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес. Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, Парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа парламентте президент квотасы болмайды. Барлық депутат бірдей тәртіппен сайлануы қажет. Бұл – алдағы парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет”, – деді Тоқаев.
Ел басшысы заң шығару органына білікті әрі тәжірибелі мамандар, яғни өз ісінің майталмандары келуі тиіс екенін баса айтты.
“Жаңа комитеттер құру мәселесін қарастыру қажет. Цифрландыру, аймақтарды дамыту жұмысымен айналысатын комитеттер өз алдына бөлек болғаны жөн деп санаймын. Бұл мәселелерді арнайы жұмыс тобы мұқият зерделейді. Осы реформаға қатысты басқа да көптеген ұсыныстар бар. Соның бәрін әбден пысықтап, кейін жариялаймыз. Менің де осы аса маңызды реформа бойынша ұсыныстарым бар”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әрі Конституцияға енгізілетін түзету өте көп болуы мүмкін дейді. Ол жаңа Ата Заңға дауыс беруге шақырды.
“Осындай күрделі, жауапты жағдайда елімізде тыныштық, тұрақтылық болуы керек. "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын бәріміз бір қоғам болып сақтауымыз керек. Құқық қорғау органдары өз кәсібилігін көрсетуі қажет. Арандатушыларға немесе "лас, көлеңкелі" саясатпен айналысқысы келетін адамдарға жол бермейміз", – деді президент.


