«Үлгермеді»: Халық Байбекті қимай жатыр

Oinet.kz 02-02-2022 2023

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Байбекті Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары қызметінен босатты. Бауыржан Байбек өз кезегінде Елбасы мен Президентке алғыс айтып, халықпен жылы қоштасты. Халық та Байбекті қимай, оған табыс тілеуде. 

Screenshot_7.jpg

Олар өз лебіздерін желілерде жариялауда. Ораз Әлімбеков есімді желі қолданушысы:

"Алматы қаласына әкім болғандардың ішінде үздігі - осы. 2017 жылғы Универсиаданы халықаралық деңгейде ұйымдастырды. Үлкен мегаполистің коммуникациясын жақсартты. Байбек әкім болған тұста жарық өшіп қалу, газ болмай қалу деген мәселе болған емес. Пәтер иелері кооперативінің жұмысын бір ізге салған да, қалаға коммуналдық қызмет көрсететін компанияларды тәртіпке келтіріп, қатаң талап қойған да -  Байбек. Мен мұны Алматының тұрғыны ретінде, көзбен көргенімді айтып отырмын.

КПСС секілді тоталитарлық басқару жүйесімен қатып қалған «Нұр Отан» партиясын ішінен жаңғыртуды, праймериз өткізіп, партияішілік  саяси бәсекелесудің бастамасы Бауыржан Байбектің тұсында жасалды. Бауыржан Байбек команда құрамында жұмыс істей алатын жақсы функционер екенін көрсетті" - деп жазды. 

Ал журналист Тоқтар Жақаш

"Кеткен адамды жамандауға бәріміз ұстамыз ғой. Бірақ Бауыржан Байбек жайлы олай демес едім. "Кластастың баласы" болса ну и что? Қайссың кластасыңның баласына "аулақ жүр" дер едіңдер? Шамаң келсе, сен де оған дұрыс қызмет бересің. Өз балаңдай көресің. Мен де сөйтер ем. 

Ең бастысы, Байбек "әкемнің кластасы крышам" деп біреулер сияқты шолжаңдаған жоқ. Алматыда нақты, көзге түсетін шаруаларды атқарды. "Шексіз Алматы" жобасының тұсауын кесті. Тұңғыш рет "Бақытты отбасы" бағдарламасын іске асырды. Қаланы бұрынғыдан да көркейтті. Үстел тоқпақтап, ісініп-кебінген жоқ. Әрдайым қарапайым, тәрбиелі адам ретінде таныдық.

"Нұр-Отанды" реформалауға тырысты. Бірақ осыған дейін советтік бюрократиялық машинаға айналған монстр икемделе алмады . Анығында, оған Байбектің уақыты да жетпей қалды. Үлгермеді. 

Алдағы уақытта Баукең мемлекеттік қызметке кете ме, әлде, жеке шаруасымен айналыса ма, қайда жүрсе де жолы ашық, ісі абыройлы болсын деймін!" - деп жазды. 

Айдос Жұқанұлы Бауыржан Байбектің іскер екенін жазды:

"Бала кезден қалыптасқан бір ғадетім бар. Өзім сенген адамның өзіме деген сеніміне адал болуға тырысамын. Достықта да сондаймын. Әңгімелесе келе адами болмысын танитын жастамыз һәм жақсы мен жаманды айыратын деңгейдеміз әрі бір адаммен жарты сағат сөйлескен соң-ақ кім екенін білетін мамандығымыз бар – журналист-психолог деген.

Саясатта, ұлттық мүддеде ой-пікірім тоқсан пайыз тоғысқан үш адам болды (бар). Мұхтар Тайжан, Ерлан Қарин, Бауыржан Байбек. «Тоғысқан» деуімде гәп бар. Көзбе көз сөйлесіп, бірге шәй ішіп әңгімелескен соң ғана барып көзқарас қалыптастырамын. Сырттай мақтау немесе ғайбаттау қанымда жоқ әдет.

Бауыржан Байбектің Алматы шаһарын басқарып тұрған тұсындағы еңбектері есімде. 1994 жылдан бергі алматылық ретінде риза болған әкімім И. Тасмағамбетов болса, екіншісі Б. Байбек.

Ірі партияны басқарып тұрған кездегі жұмыстарын да өте жақсы білемін. Оларды санап қайтемін. Өзім де партияның қатары мемлекетшіл, ұлтшыл азаматтармен толықса екен деп барымды салып келемін.

Бауыржан Қыдырғалиұлымен алдыңғы жылдың аяғында үш күн іссапарда бірге жүрдім. Үзіп-жұлып әңгімелескен уақытты жиыстырсам, үш сағаттай болып қалар. Көкейімдегі сұрақтарды ашық қойғанмын әрі көңілімді көншіткен жауаптарды алғанмын. Өскеменнен Талдықорғанға ұшып бара жатқанымызда «Құдайға жақын кетіп бара жатырмыз. Мұндай кезде тек шындық айтылуы керек!» деп әзілдеген-ді. Ары қарай шынымен де ұшақ ішінде шындықтар, жоспарлар, ой-толғамдар айтылып еді. Ел болашағына деген үмітім одан ары жанданған. Мықты жігіт екеніне көзім жеткен" - деді ол.

Сара Назарбаева мемлекетке қарыз екен
Бауыржан Байбектің орнына жаңа басшы келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу