Ұлттық музейде «Қуатты армия – қуатты Қазақстан» көрмесі ашылды

Oinet.kz 25-04-2022 703

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қуатты армия – қуатты Қазақстан» атты көшпелі көрменің ашылуы өтті.

Screenshot_3.jpg

ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Ұлттық музейі және ҚР Президентінің Архиві бірлесе ұйымдастырған көрменің мақсаты – еліміздегі Қарулы Күштердің құрылу және даму тарихы туралы тың деректерді насихаттау, Қарулы күштерді дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ елдің әскери қауіпсіздігін нығайтудағы әскери-саяси басшылықтың рөлін көрсету, әскери қызметтің беделін арттыру және жастарға патриоттық тәрбие беру.

Қарулы күштердің 30 жылдығы аясында ең алғаш рет Ұлттық музейден бастау алған салтанатты жиынды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Бүркітбайұлы Камалетдинов құттықтау сөзбен ашып, еліміздегі қорғаныс саласының маңызы мен міндеті және көрменің мақсатын баяндады.

Сондай-ақ, Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін аянбай еңбек сіңірген қорғаныс саласындағы басшылардың атқарған істеріне тоқталып, бейбіт өмірдің тірегі болған қазақ армиясы мен ұлтымыздың ынтымағына алғыс білдірді.

- «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтаймын. Ең алғашқы көрме Ұлттық музейден бастау алды. Көрме экспозициясында Қарулы Күштеріміздің 30 жылда жеткен жетістіктері ұсынылған. Отыз жылда еліміз аман, іргеміз бүтін болып, қауіпсіздігі шайқалмауы Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі – Сағадат Нұрмағанбетов, Мұхтар Алтынбаев, Абай Тасболатов сынды көптеген генерал ағаларымыздың, қарулы күштердің жоғары жұмыстарының нәтижесінде деп білемін. Көрме жұмысына сәттілік, елімізге мәңгілік жарқын күндер тілеймін», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.  

Screenshot_4.jpg

Жиын барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі архив істері және құжаттама комитетінің төрағасы Қуат Хамитұлы Борашев, ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Хусайынқызы Мұстафина, тарих ғылымдарының докторы, профессор, генерал-лейтенант Абай Бөлекпайұлы Тасболатов сөз сөйлеп, Қарулы Күштер жайлы құжаттар мен материалдар туралы әңгімеледі.

ҚР Қарулы Күштерін құру және ҚР тұңғыш Қорғаныс министрін тағайындау туралы Жарлыққа қол қою кезіне арналған инсталляция көрменің негізгі экспонаты болды.

Көрме аясында М.Б. Греков атындағы әскери суретшілер студиясы суретшілерінің туындылары қойылып, бүгінгі Қазақстан әскерінің әл-ауқаты көрермен назарына ұсынылды.

Шара барысында ҚР Президенті Мұрағатының авторлық ұжымы және ҚР Қорғаныс Министрлігі әзірлеген «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері. 1991-2001: құжаттар мен материалдар жинағы» кітабының таныстырылымы өтті.

Көрменің ашылу салтанатында ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің, Орталық әскери оркестрінің әртістері, «Жас сарбаз» балалар студиясының тәрбиеленушілері, сондай-ақ ҚР ҚМ Құрмет қарауыл ротасы өнер көрсетті.

Құны 446 млн. теңгеге оқу кабинетін сатып алу тоқтатылды
Жахан Отарғалиев өзін «баба» деген Мамаситаны орнына қойды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу