Еркіндікті ессіздікпен алмастыруға болмайды: Сенатор тәртіп бұзған әртістерді қамауды ұсынды

Oinet.kz 02-06-2022 697

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп мемлекеттік рәміздерді қорлау және әдепсіз сөздер үшін әншілерді сахнадан аластатуға шақырды. Сонымен қатар сенатор Алматыдағы спорт сарайында болған концерт кезіндегі келеңсіз жағдайды еске алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Screenshot_1.jpg

“Жастарға арналған "ИК" тобы мен SHIZA лақап аты бар әншінің концертінде өте өрескел әрекет болды. Қазақстан Республикасының туы келемеж етілді. Әншілер тарапынан әдепсіз, анайы сөздер айтылды. Іле-шала кешірім сұрағаны және айыппұл төлегені мәлім болды. Біздің бәріміз жаңа Қазақстан құрамыз деген ниеттеміз. Жаңа Қазақстанның ең басты талабы – заң үстемдігі. Заң бәрімізге ортақ. Құр кешіріммен құтылу – жауапкершіліктен жалтару деген сөз. Президент кеше бұған өз пікірін білдірді, көк туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деді. Қоғам бұл оқиғаға ҚР Бас прокуратурасы, Ішкі істер министрлігі қандай құқықтық баға беретінін әлі де күтіп отыр", – деді Нұртөре Жүсіп Сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 372-ші бабы бойынша "Қазақстан Республикасының рәміздерін қорлау – 2000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

"Әдетте концертті кімдер ұйымдастырды? Қалтасында қомақты қаржысы барлар өткізеді. Оларға мына мөлшердегі айыппұлды төлей салу түкке тұрмайды. Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 434-бабы бойынша, әртістердің көпшілік алдында былапыт сөздер айтуы ұсақ бұзақылыққа жатады. Заң бойынша бұл үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке қамауға алынады. 440-бапта көпшілік алдына ішімдік ішіп шыққаны, есірткі пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылған", – деді Нұртөре Жүсіп.

Сонымен бірге, депутат еліміздің Ата заңында шығармашылық еркіндікке кепілдік берілгенін, бірақ еркіндікті ессіздікпен алмастыруға болмайтынын айтты.

«Келінінің көзінше қарнын ашып отырады» - Жанар Айжанова қайын аталарды сынға алды
«Осы суретті күттім, күттім, күттім-ай!»: Қайрат Нұртас ажырасқан жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу