Өнеркәсібі өркендеген мегаполис

Oinet.kz 10-08-2022

Screenshot_7.jpg

Бұл күнде Шымкент өзін-өзі «асырап» отырған қалаға айналып келеді. Бұған әрине шаһардың үшінші мегаполис статусын иеленуі көп септігін тигізді. Қаланың қазір шырайы кіріп қана  қоймай, зәулім ғимараттар, элиталық тұрғын үйлер, мәдени ошақтармен қатар ірі кәсіпорындардың саны артып келеді. Қазіргі таңда Шымкент – еліміздің ең ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі болып табылады.

Сала мамандарының сөзіне сенсек, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп – 10,1%, өңдеу өнеркәсібі – 11,1%, инвестиция –19,5%, ШОБ субъектілері – 26,4 %, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен. Биыл өнім көлемі 856,9 млрд теңге болады деп жоспарланған. 2022-2026 жылдар арасында 228 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болса, соның 50-і биылғы жылдың үлесінде. Оның ішінде инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба бар. Өңірлер арасында іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес саны бойынша Шымкент алғашқы орында, ЖӨӨ ШОБ үлесі бойынша үшінші орында, ШОБ-те адам саны бойынша төртінші орында болса, ШОБ өндірілген өнім көлемі бойынша алтыншы орынға тұрақтаған.

Биылдың төрт айында қала экономикасына 108,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал өткен  жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 260,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 38,8 %-ға артқан. 2021 жылы жалпы құны 152,6 млрд теңге, 2,5 мың жаңа жұмыс орнымен 63 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланған. Бүгінде 63 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды. Жалпы қалада 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн теңгеге 296 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Жаңа 20 мыңнан аса жұмыс орындары ашылатын болады. Оның ішінде, ағымдағы  жылы құны 241 млрд теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орындарының ашылуы жоспарлануда.

Жүзеге асуы тиіс жобалардың бірі – аралас иірілген жіп шығаратын «Azala Cotton» зауытының екінші цехы. Инвест жобаның құны – 1,9 млрд теңге. Жылына 2500 тонна өнім өндіретін жоба жыл соңына дейін іске қосылғанда 200 адамға жұмыс орны ашылады. Өнімнің 100 пайызы ішкі нарыққа арналған. 

Жалпы Шымкентте  жеңіл өнеркәсіп тоқыма бұйымдарын, киім-кешек, былғары және оған жататын өнімдер өндіретін кәсіпорындар көп. Атап айтсақ,  «Арайлы» ЖШС, «Жібек.Н.М.» ЖШС, «Гаухар» тігін фабрикасы ЖШС, «АГФ Групп» өндірістік компаниясы» ЖШС, «ALATEX» ЖШС, «Жаңаталап-МТ» ЖШС, «KAZPLAST» ЖШС, «Шабитекс» ЖШС, «AZALA Cotton» ЖШС, «Әлем-БТ» ЖШС, «Хлопкопром-Целлюлоза»  ЖШС, «Назар текстиль» сынды кәсіпорындар қарқынды жұмыс жүргізуде.

Үшінші мегаполистің өнеркәсіп саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған нысанның бірі – «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы.  Жақында қала әкімі Мұрат Әйтенов «Оңтүстік» АЭА-да орналасқан бірнеше жеңіл өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысты. Аймақта орналасқан «Бал Текстиль» кілем және кілем өнімдерін шығаратын кәсіпорын өзінің 4-ші жаңа жобасын іске қосып, өнім қуаттылығын арттыруда. Құны  2,5 млрд теңге болатын жоба жылына 1,4 млн шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. Фабрика өндірісі жыл соңында толығымен іске қосылғанда 90 адам жұмыспен қамтылатын болса, өнімнің 70 пайызы ішкі, 30 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталған, техникалар толықтырылуда. 

Еске салсақ, 2020 жылы «Бал текстиль» кілем зауыты жанынан «Бал декор» принт кілемдері мен кілемшелерін өндіретін зауыт ашылған болатын.  Кілемшелер заманауи үлгіде тоқылуда. Еденде таймайды, кір жуатын машинада жууға болады. Зауыт Түркиядан әкелінген технологиямен жабдықталған. 120 млн теңгені құрайтын жобаның өндіріс қуаттылығы жылына 400 мың шаршы метр кілемше. Мекеме 14 адамды жұмыспен қамтыған болса, өнімі ішкі нарықта саудаланумен бірге, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталуда. 

Жалпы «Bal Tekstil» кілем фабрикасы еліміздің жеңіл өнеркәсібі көшбасшысы болып танылған. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 4000 тонна полипропилен жібін және 5 млн шаршы метрден астам кілем мен кілем бұйымдарын құрайды. Кәсіпорын 2013 жылы «Оңтүстік» АЭА аумағында өз өнімін шығара бастады. 2015 жылдың екінші жартысынан бастап «Бал Текстиль» экспорттық нарықтарды игере бастады. Ал бір жыл бұрын Қазақстанда жасалған кілемдерге әлемге әйгілі IKEA компаниясы назар аударды. Бұл Швед брендінің мерзімсіз келісімшарт жасасқан Қазақстанның алғашқы кәсіпорны.

Этномедиаторлар - ішкі тұрақтылықтың тетігі
Алманың ерекше сұрыптары өсіріледі


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×