Алманың ерекше сұрыптары өсіріледі

Oinet.kz 10-08-2022

Screenshot_8.jpgШымкентте алдағы бес жылда ауылшаруашылық өнімдері көлемін екі есеге арттыру көзделіп отыр. Ол үшін өңірде екі агроиндустриялды аймақ ашылуда. Оның бірі – ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Мұнда құны 23 млрд теңге болатын 1 810 жұмыс орнымен 21 жоба іске асады. Сондай ақ 198 гектар аумақты алатын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендері құрылып, 8,2 млрд теңгеге 241 жұмыс орнымен 6 жоба іске асады деп күтілуде. 

Мамандардың айтуынша, Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өнімдерін көтерме бағамен өткізу мақсатында көтерме-тарату орталығы салынады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, үшінші мегаполисте 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,3 млн АҚШ долларына артқан. Тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі 2,3 млрд теңгені құрады. Тек тамақ өнеркәсібіне тартылған инвестиция өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 есеге өсті. Бұл туралы қала әкіміне есеп беру кезінде ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Жанбатыров баяндады. 

Басқарма басшысының айтуынша, биыл 30 мың гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп,  6 айда 40,7 мың тонна өнім жиналған, жыл соңына дейін 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Ал мал шаруашылығында ірі қара мал саны 79,7 мың басты, қой мен ешкі саны – 71,8 мың, жылқы – 14,4 мың, құс 977,6 мың басты құрады. Алты айда қалада 5,3 мың тонна тауық еті, 27,1 мың тонна сүт, 69,1 млн дана жұмыртқа өндірілген. Салада құны 11 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске аспақ. Атап айтсақ: қайта өңдеу бойынша 3 жоба, өндірістік жылыжай кешені 4 жоба, сақтау қоймасы 2 жоба, тауарлы сүт фермасы 2 жоба, құс шаруашылығы 3 жоба. Нәтижесінде жаңадан 274 жұмыс орны ашылып, қалада көкөніс өндіру көлемі 2 мың тоннаға, сүттің көлемі – 8,5 мың, жеміс-көкөністерді сақтау 13 мың тоннаға, жұмыртқаның саны – 125 млн дана, сүтті қайта өңдеу саласы – 2,7 мың тоннаға, құс етін өндіру – 5 мың тоннаға ұлғаяды және жеміс/көкөністерді қайта өңдеу – 6 млн банка консервілейді. 

Есеп беру жиынында басқарма басшысы қалада алманың ерекше сұрыптарын өсіру қолға алынғанын жеткізді. Айталық  Алтын төбе елді мекенінде «Керемет сапа» шаруашылығы 15 гектар аумақта алма өсіруде.  Алманың «голден», «пинк леди», «гренни смит», «фуджи» секілді ерекше сұрыптары отырғызылған. Өнімдер ішкі нарыққа, яғни қаладағы сауда нүктелерінде сатылуда. Мекеме мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тауып, өткен жылы техникалары мен құрал-жабдықтарын жаңартқан. Сондай-ақ, 2022-2023 жылдар аралығында жылына 10 млн банка шығаратын жеміс-көкөністі қайта өңдеу цехын және 2 000 тоннаға дейін жеміс-көкөністі сақтайтын қойма салуды жоспарлап отыр. 1,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба іске асқанда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілмек.

Болашақта Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін  терең өңдеу бағытын дамыту көзделуде. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Мұрат Әйтенов азық-түлік бағасын үнемі бақылауда ұстап, ет өнімдерін арттыруға бағытталған шаруашылықтардың өнімдерін делдалсыз саудалау үлесін арттыруды тапсырды. 

Өнеркәсібі өркендеген мегаполис
«Ауыл аманаты» партиялық жобасымен арнайы топ Түркістанға келді


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×