Саурандағы «жер бизнесі». Әкімнің ісі тағы да Әдеп кеңесіне жолданды

Oinet.kz 23-09-2026

Screenshot_4.png 

Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылы соңғы жылдары дені дұрыс әкімге жарымай-ақ қойды десек артық айтқанымыз емес шығар. Бір әкім «пара алмаймын» деген видеосымен (челлендж)  бүкіл Қазақстанға жұлдыз болып, бір жылға жетпей ірі көлемде пара алды деген айыппен сотталып кетіп еді. Енді міне, осындай масқара жағдайдан кейін әкім болып келген Дилшот Саитовтың басы арыз-шағым мен дау-дамайдан арылмай тұр.

Дилшод Саитов Ескі Иқан ауылының әкімі қызметіне былтыр ақпанда сайланған. Сайлаудың түңлігі түрілісімен Саитовқа тегеурінді  қарсылас болады деген екі үміткердің декларациясынан шикілік анықталып, түсініксіз жағдайда жарыс жолынан шығып қалғанын  уақтысында «Рейтинг» газетінде кеңінен жазған едік. Сол саяси науқанда жеңіске жеткен Саитовқа   қол астында және  көршілес Жаңа Иқан ауылдық округі әкімдігінде жұмыс істейтін бас мамандардың қалай қарсылас болғаны, үзеңгі қағыстырғаны ел аузында әр алуан әңгімелердің туындауына түрткі болған. Қалай дегенде де  елдің осындай үлкен сенімін арқалап, әкім болған Саитовтың қазіргі сиқы мынандай болып тұрғаны өкінішті-ақ.   

 Дилшод Саитов бұған дейін де жерге қатысты заңсыз шешімдерімен елді біраз шулатқан. «Рейтинг» газетінде жазылғандай, ол былтыр, қызметіне сайланғаннан кейін жекеменшік мектеп салуға ниет еткен «Мектеп Жана Икан» серіктестігіне бас жоспар бойынша халыққа тұрғын үй салуға арналған аумақтан 4,8 гектар жер берген. Алдымен жер телімі 5 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен табысталған. Желтоқсанда әкім жердің санатын жекеменшікке ауыстырған. Осы шешімдердің заңдылығына тексеру жүргізген прокурорлардың айтуынша, ауыл әкімі жер телімін жекеменшік компанияға, яғни кәсіпкерге аукционсыз берген. Бұл өрескел заңбұзушылық саналады. Осыдан кейін облыстық жер ресурстарын басқару департаменті сотқа арызданады. Сот талап арызды толық көлемде қанағаттандырады. Ауыл әкімі шығарған шешімнің күші жойылған. Сол кезде редакцияға арызданған ескіиқандық тұрғындардың айтуынша, ауылда 0,8 гектар жер телімінің өзі 5-10 миллион теңге тұрады. 4,8 гектар жердің құны қанша екенін енді өзіңіз есептей беріңіз. Былтыр желтоқсанда  осыған байланысты Саитовтың ісін Әдеп кеңесі қарап, оған «қызметіне толық сәйкес емес» жазасы берілген. Наурызда ол тағы да тәртіп бұзғаны үшін қатаң сөгіс алады. Міне, енді жақын күндері оның ісі тағы да Әдеп кеңесінде қаралғалы жатыр. Бұл жолы да ауыл әкімі жерге қатысты күмәнді тіріліктері үшін жауап береді. Мәселенің мән-жайы былай.

Редакцияға арызданған Суннатулла Ахмедовтың айтуынша, ауыл әкімі Дилшод Саитов жер беру кезінде заңсыздықтарға барған, артықшылықтар көрсеткен. Ал оның арғы жағында қитұрқылықтар жатыр.  

--2016 жылы сол кездегі ауыл әкімі, «пара алмаймын» деп парамен сотталып кеткен Хасан Муслимовтың шешімімен З. Эргешоваға 1,34 гектар  жер учаскесі көгалдандыру және абаттандыру үшін 10 жылға дейін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген. Ауыл әкімі бұл жерде заңсыз қайшы әрекетке барған. Себебі Түркістан қалалық мәслихатының 2013 жылғы  шешімімен бекітілген Ескі Иқан елді мекенінің бас жоспары бойынша бұл жер «Икан» ЖШС-нің сүт өнімдеріне  арналған жер болып белгіленген. 2024 жылы Эргешова жердің нысаналы мақсатын өзгерту жөнінде өтініш береді. Ауыл әкімі Д.Саитовтың 11 шілде 2024 жылғы шешімімен З. Эргешованың жер учаскесінің нысаналы мақсаты сүт өнімдерін өңдеу цехының құрылысы үшін деп өзгертіліп, жеке меншік құқығымен сатылып берілген. Осыдан кейін Эргешова жерді үшке бөледі. Бір бөлігін баласына сыйға тартқан. Бір бөлігінің (0,90 га) мақсаты  мектеп құрылысы үшін деп өзгертілген. Мұның арғы жағында «жер бизнесінің» жатқаны түсінікті емес пе? Қазір осыған қатысты ауылда дау-дамай болып жатыр. Мен Сауран аудандық прокуратурасына арыздандым. Прокуратура бұл заңсыздықтарды анықтап, облыстық жер ресурстарын басқару  департаментіне хат жолдаған.  Департамент сотқа талап арыз берді. Енді сот отырысы өтіп жатыр. Менің байқағаным, ауылда әкімнің осындай тірлігіне риза еместер өте көп,--деді арызданушы.

С.Ахмедов бізге осы жөнінде прокуратураның хаттарымен де таныстырды. Осы хаттарда жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтар негізінде аудан прокуратурасымен қадағалау актісі әзірленіп жатқаны жазылған. Сонымен бірге аудан прокурорының облыстық Әдеп кеңесіне жолдаған хаты да бар. Хатта жерге қатысты заңбұзушылықтарға жол бергені үшін Сауран ауданындағы бірнеше ауыл әкімінің мәселесін қарау ұсынылған. Оның ішінде Ескі Иқан ауылының әкімі Дилшод Саитовқа қатысты бірнеше фактілер келтірілген. Біз тек бір фактіге ғана тоқталайық.

Ескі Иқан ауылдық округі әкімінің 9 қаңтар 2026 жылғы шешімімен Б.Мирхандаров деген тұрғынның «шаруа қожалығын жүргізу үшін» жеке меншік жер пайдалану құқығымен берілген 1  гектар жер учаскесінің нысаналы мақсаты «тұрғын үй құрылысы үшін» деп өзгертілген. Ал Ескі Иқан ауылының бас жоспарына сәйкес бұл аумақ арнайы оқу орындарына қаралған.

--Соған қарамастан Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Д.Саитовтың №3 шешімімен Жер кодексінің 109-бабының талаптарын бұза отырып жер учаскесінің нысаналы мақсатын ауыстырып берген,--делінген прокуратураның Әдеп кеңесіне жолдаған хатында. Мұның арғы жағында да «жер бизнесі» жатқан жоқ па деген күдік басым. Жалпы ескіиқандық әкімдер бас жоспарды мойындамай ма әлде осындай құжаттың барын білмей ме?

Дилошод Саитовтың заңсыз тірліктері бойынша шағымданған тағы бір арызданушы Түркістан қаласы мен  Сауран ауданының Құрметті азаматы Даныш Маннатовтың айтуынша, ауыл әкімінің жөнсіз тірліктері көп.

--Былтыр бір рет Әдеп кеңесінде «қызметіне толық сәйкес емес туралы ескерту» жазасын алды. Биыл  наурызда аудан әкімі оған «қатаң ескерту» берген.  Дилшод  Саитовтың анасының атында «Венера» шаруа қожалығы бар. Шаруа қожалық 20 978 000 теңге көлемінде заңсыз субсидия алған. Бұл фактіні құзырлы органдар анықтап, субсидия мемлекеттік бюджетке сот арқылы толық көлемде қайтарылған. Осы жағдайға байланысты субсидияны алу кезінде Дилшод Саитовтың қызметтік өкілеттігін пайдаланған-пайдаланбағанын, мүдделер қақтығысының болған-болмағанын, ол туралы тиісті мемлекеттік органға хабарлаған-хабарламағанын және мемлекеттік қызметшілерге қойылатын әдеп талаптарының сақталған-сақталмағанына қатысты тексеру жүргізілуі тиіс еді. Ал жерге қатысты заңсыздықтардың арғы жағында не жатқанын елдің бәрі біледі. Мәселен, 1 гектар жерінің мақсаты заңсыз өзгертіліп берілген Б.Мирхандаров  ауыл әкімі Дилшод Саитовтың туған нағашы атасының інісі көрінеді. Бәрі бір-бірімен осылайша өзара байланысып жатқан дүниелер, --деді Даныш Маннатов. Арызданушы осындай заңсыз тірліктеріне қарамастан Саитовты жоғарыдан қолдап-қорғап отырған басшылар бар деген күдігін де жасырған жоқ. Мұндай қолдап-қорғаштаудың арғы жағында тағы да сол «жер бизнесі» болуы мүмкін.  

Screenshot_5.pngБіз осы арыздарға байланысты Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Саитовтың өзімен  де хабарластық. Әкім  арызданушы С.Ахмедовты мүлдем танымайтынын, алты жыл әкім болып келе жатқанын, соңғы уақытта ауылда үстінен арыз жазып, сайлау кезінде кедергі жасап жүрген топ бар екенін алға тартты. Дегенмен біз жоғарыда көрсетілген жерге қатысты нақты фактілер бойынша пікір сұрадық. Ауыл әкімі Эргешованың жері бойынша қазір сот отырысының жүріп жатқанын, бұл іске төрелікті тек сот айтатынын  білдірді. Ал, Б.Мирхандаров 1 гектар жерді уақтысында сатып алғанын, сатып алғаны жөнінде квитанциясы бар болғанын, оған қатысты нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі шешімді  орынбасары шығарғанын, өзі жұмыста болмағанын, қазіргі уақытта бұл шешімді  сот қана бұза алатынын түсіндірді.

--«Венера» шаруа қожалығы менің анама тиесілі, бірақ оған субсидия берген кезде мен ауыл әкімі емес едім. Екіншіден,  субсидияны ауыл әкімі тағайындамайды. Оны ауыл шаруашылық басқармасы береді. Біз үлкен әулетпіз, бауырларым, әкем, анам бар. Бұл солардың шаруа қожалығы,--деді ауыл әкімі.

  Әңгіме барысында Дилшод Саитов өзінің ісінің облыстық Әдеп кеңесінде қаралуға жолданғанын жасырған жоқ. Алайда Даныш Маннатов ауыл әкімінің бұл уәждерімен келіспеді. Оның айтуынша, Дилшод Саитов 2019 жылдан бастап сол ауылдық әкімдікте бас бухгалтер болып істеген. Субсидияға қатысты құжаттар сол әкімдікте толтырылған.  

Біз кешегі күні Түркістан облыстық  Әдеп кеңесімен де хабарласқан едік. Ондағыдар Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Саитовтың тәртіптік ісі кеңеске тамыздың ортасында түскенін, бұл істің алдағы уақытта қаралатынын мәлім етті. Соңғы бір жылдың көлемінде аталған кеңестің ұсынысымен «қызметіне толық сәйкес туралы ескерту» және «қатаң сөгіс» жазаларын алған ауыл әкіміне қатысты бұл жолы қандай шешім қабылдануы мүмкін? Ал Саурандағы осындай  «жер бизнесі» қашанға дейін жалғасады?

Бәрін тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық.

«Рейтинг» газеті, 23 қыркүйек 2026 жыл.  


Шымкент әкімдігі: Стадион салынған жердің мақсаты өзгертілген жоқ
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу