Түркістан дәрігерлері Англия профессорымен операциялар жасады

Түркістан облыстық офтальмологиялық ауруханасында 16-18 қыркүйек күндері Англияның Шеффилд қаласындағы Royal Hallamshire Hospital ауруханасынан келген дәрігер-профессор Джиннефер Тан мен офтальмолог дәрігер Фарида Жұмагелдиева арнайы қабылдау өткізіп, пациенттерге консультация берді. Сонымен қатар, Англия профессоры көз алмасының қосалқы мүшелерінің ауруларын емдеудің заманауи хирургиялық әдістері бойынша операциялық мастер-класс өткізіп, тәжірибесімен және кәсіби білімдерімен бөлісті.
Мастер-класс барысында жоғарғы қабақтың төмен түсуі (птоз), төменгі қабақтың ішке және сыртқа қайырылуы (энтропион және эктропион), блефароспазм, қабақ жарақаттары, сондай-ақ жас жолдарының бітелуі мен тарылуын хирургиялық емдеудің заманауи әдістері көрсетілді.
– Қазақстанда жасалатын катаракта операциялары Англиядағымен ұқсас, процедуралары бірдей. Хирургияларыңыз да керемет, науқастарыңызға жоғары деңгейде көмек көрсетеді екенсіздер. Мұнда қараған пациенттеріміздің көбі көздерінің жасаурай беретініне шағымданды. Оларды тексердік, жас жолдарының қай тұстарында бітелулер бар екенін анықтадық. Ол үшін жас жолдарын жудық және операциялар жасадық. Өз әдісім бойынша дакриоцисториностомия операциясын осындағы мамандармен бірге істеп, жергілікті дәрігерлерге көрсеттім және осы ауруханадағы әріптестерімнің де кейбір тәсілдерін үйреніп алдым. Бұл жақта операциялардың көбі жергілікті анестезиямен жасалады екен. Англияда біз пациенттерімізге операцияны жергілікті не жалпы анестезиямен жасау таңдауын ұсынамыз. Көздері жасаурайтын науқастарға сликон түтікшелерді енгізіп қалдырамыз. Мұнда шамалы ерекшеліктер бар, дәрігерлер көбінесе микроскопты пайдаланады екен. Блефароспазммен, көздің жыпылықтауымен келген науқастарды қарадық. Оларға диспорт иньекциясын жасадық, көмектеседі деп сенемін. Біз қараған екі балада да туабіткен блефарофимоз болды. Бұл осы жақта жиі кездеседі екен. Олардың ата-аналарына консультациялар беріп, әрі қарай қандай операциялар жасату қажеттігін айтып түсіндірдік. Сосын бұған дейін екі рет операция жасаса да жоғары қабағы салбырап түсіп кеткен науқасқа операция жасап, қабағын көтере алдық. Сондай-ақ бет жүйке талшықтары параличінен кейін қабағы сыртқа қарай салбырап қалған науқасқа нанотехнологиямен операция жасап, тәжірибемді әріптестеріммен бөлістім. Мұндағы мамандардың кәсібилігі өте жақсы деңгейде. Өте қысқа мерзімде өз әдістеріммен көрсеткен операцияларды әрі қарай өздері жасай алады. Бірақ, менің көрсете алмағандарым көп, уақыт тапшы болды.
Егер тиісті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етсе, түркістандық дәрігерлердің операция жасау мүмкіндігі жоғары. Мысалы, сіздер инструменттерді стерилизация жасап, қайта қолданады екенсіздер. Ол да жақсы мүмкіндік. Әрі қарай дамуы, жақсылап үйренуі уақытпен келеді, мүмкін болмайды дейтін ештеңе жоқ. Жалпы Қазақстанда консультация жасау барысында балалардың көбі блефарофимозбен, птозбен кешігіп келді. Дәрігерлердің көбінің птоз бен блефарофимоз балаларға қаншалықты әсер ететін түсінбейтінін, шамалы білімдері жетіспейтінін байқадым. Егер мамандар кәсіби білім-біліктіліктерін арттырса, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілсе, болашақта жақсартуға болады. Жалпы, қазақ халқы өте қонақжай екен. Өмірімде мұндай қонақжайлықты көрмегенмін. Бұл менің ойлағанымнан да мың есе асып түсті, – дейді таңданысын да жасыра алмаған англиялық дәрігер.

Англияның денсаулық сақтау саласы Қазақстандағыдан өзгеше. Олар да сақтандыру компанияларымен жұмыс істейді. Мемлекет барлық науқастарға жасалатын операциялардың құнын төлеп береді екен. Жеке клиникалармен қатар мемлекеттік емдеу мекемелерінде де істеген, мол тәжірибесі бар маманның айтуынша, катаракта операциясын жеке медициналық ұйымда жасату 3 мың фунт-стерлинг тұрады. Бұл теңгеге шаққанда 1 млн. 796 мыңға жуықтайды. Ал, птоз операциясы 1500 фунт-стерлинг, 897 мың теңгеден асады. Англияда науқастар көбінесе жеке клиникаларға барады. Өйткені олар ұзақ күткісі келмейді. Жеке клиникаларда өздеріне қажетті линзалардың түрлерін таңдай алады. Сонымен қатар, операция жасайтын хирургтарды таңдауына болады. Сол үшін жеке клиникаларға барады.
Жалпы, мастер-класс аясында Түркістан облыстық офтальмологиялық ауруханасының дәрігерлерімен бірлескен 17 операция жасалды. Жас жолдарының бітелуіне байланысты 5 операцияның екеуінде жас жолына силиконды түтікше қойылды. Жоғарғы қабақтың төмен түсуіне (птоз) – 4 операция, 3 блефаропластика операциясы, 2 ботулинотерапия (ботокс) процедурасы, төменгі қабақтың жыртылуына байланысты 1 операция, эктропионға байланысты 2 операция жасалды.


