Арыстықтар енді өздерінің ауруханасында ота жасатып оңалады

Oinet.kz 14-06-2026


Бүгінде жарақат алғандар, күрделі операция жасатқандар және денсаулығын қалпына келтіруді қажет ететін азаматтарға оңалту ем-шаралары ауадай қажет. Оңалу үшін облыс орталығы мен Шымкентке баруға мәжбүр болып келген арыстықтар енді ешқайда бармайды. Өйткені Арыс аудандық орталық ауруханасында жаңа 10 төсектік оңалту бөлімшесі ашылды. Оған Денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен қала әкімі қатысты.

– Мемлекет басшысы халық денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша көңіл бөліп келеді. Президентіміздің халықтың денсаулығын жақсарту, медициналық көмектің қолжетімділігін және дәрігерлік қызметтің сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында аудандық орталық ауруханамызда оңалту бөлімшесінің жаңадан ашылуына куә болып тұрмыз. Оңалту бөлімшесінің денсаулығын қайта қалпына келтіруге байланысты ем қажет ететін азаматтарымыз үшін маңызы ерекше. Бұл – тұрғындарымыздың өтініштері негізінде жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі. Өздеріңіз көргендей мұнда азаматтарға қолайлы жағдай жасалып, сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Алдағы уақытта да халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев.

Игі шараға жиналған жергілікті зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер заманауи медициналық мүмкіндіктерге дән риза. Олар Арыс аудандық орталық ауруханасының білікті басшысы Марат Төлегеновтің еселі еңбегіне жоғары баға беріп, алғыстарын жаудырды.

Бұған дейін дәл осы күні аталған ауруханада компьютерлік томография аппараты ресми түрде іске қосылған болатын. КТ өкпе, бауыр, ұйқы безі сияқты ағзалардың қатерлі ісіктерін, іш қуысы мүшелерінің патологияларын, көкбауыр, бүйрек және бауыр жарақаттарын анықтауда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ қан тамырлары мен қан айналым жүйесінің жағдайын бағалауға, мидағы қан кету немесе тамыр кеңеюін анықтауға, сүйек тіндерінің зақымдануын дәл диагностикалауға мүмкіндік береді.

Құрылғыда қажет болған жағдайда контрастты зерттеу жүргізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл әдіс ісік ауруларына күдік туындағанда немесе патологиялық өзгерістерді нақтылау қажет болған жағдайларда кеңінен қолданылады. Контрастты КТ қабыну процестерін, кисталарды, қан ұйығыштарын және ісіктерді ерте кезеңде анықтауға жол ашады.

Жаңа аппарат 160 тілімді кескін алу мүмкіндігіне ие. Бұл көрсеткіш зерттеу нәтижелерінің жоғары дәлдігі мен сапасын қамтамасыз етіп, алынған деректерді толық визуализациялауға және ұзақ мерзімге мұрағаттауға жағдай жасайды.

Компьютерлік томография қызметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетіледі. Дегенмен, сақтандырылмаған азаматтар ақылы ақылы негізде тексеріле алады. Ал инсульт, жарақат және өзге де шұғыл жағдайларда зерттеу тәулік бойы жүргізіліп, азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан жедел көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған.

– Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Марқабайұлы мен қала әкімі Қайсар Зәкірұлы айтқандай, пациенттеріміз КТ аппаратына түсу үшін бұған дейін Шымкент қаласына, болмаса ең жақын жердегі көрші Ордабасы ауданының орталығы Темірланға баруға мәжбүр болатын. Ауыр жағдайдағы науқастардың барып келуі, жаны ауырып жатқан жандардың жолға шыдауы оңай бола бермейді. Науқасты ары-бері тасу да медицина мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейді, көп қозғалту адам өміріне қауіпті болуы да мүмкін. Оның ем-домға тікелей әсері бар. Бұл бізге сапалы медициналық қызмет көрсетуге берілген үлкен көмек, мол мүмкіндік, – дейді Арыс аудандық орталық ауруханасының басшысы Марат Төлегенов.

Ал, жаңадан ашылған 10 төсектік оңалту бөлімшесі орталық жүйке жүйесі мен тірек-қимыл қызметі бұзылған пациенттерге, сондай-ақ жарақат алған, жоспарлы күрделі операциялардан өткен және денсаулығын қалпына келтіру емін қажет ететін азаматтарға қызмет көрсетеді. Мұнда аурудың немесе жарақаттың жіті кезеңі аяқталғаннан кейін оңалту әлеуеті бар науқастар ем қабылдай алады.

Бөлімшеде реабилитолог дәрігерлер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, массаж мамандары және физиотерапия кабинеттерінің мейірбикелері қызмет атқарады. Олар пациенттердің сауығу процесін жеделдетуге бағытталған кешенді оңалту шараларын жүргізеді. Оңалтудың негізгі әдістерінің бірі ретінде емдік дене шынықтыру кеңінен қолданылады. Арнайы жабдықталған ЛФК залдарында жаттығулар жеке және шағын топтармен өткізіледі. Әр пациенттің денсаулық жағдайына қарай жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Орталық аурухана базасында осындай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған оңалту бөлімшесінің пайдалануға берілуі – халық өтінішінің ескерілуі.

 


Арыста компьютерлік томография аппараты іске қосылды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу