Арыста компьютерлік томография аппараты іске қосылды

Oinet.kz 14-06-2026


Арыс аудандық орталық ауруханасында орнатылған компьютерлік томография аппараты ресми түрде іске қосылды. Салтанатты шараға Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев пен Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев арнайы қатысты.

– Компьютерлік томография аппараты – заманауи құрылғы, бүгінгі таңдағы дәл диагноз қоюға және емдеуге қажеттілік. Яғни, КТ аппараты медицинадағы мамандарымызға дұрыс диагноз қою мен уақытылы емдеу, қажетті операцияны уақытылы сапалы жасауға көп көмектеседі. Нейрохирургия, номиналдық хирургия, торакальді хирургия, гинекология, урология, травматология саласындағы науқастарымызға көмегі көп. Бұған дейін арыстықтар Шымкент қаласындағы диагностикалық мекемелерге, жақын орналасқан Ордабасы көпбейінді аудандық орталық ауруханасына осы аппаратқа түсу үшін баруға мәжбүр болды. Енді жергілікті түрғындар Арыс қаласынан шықпай-ақ облыс орталықтарындағыдай сапалы медициналық қызметті осында ала алады. Мұндай КТ аппараты Түркістан облысындағы орталық ауруханалардың 70 пайызында бар. Ал, Арыс қаласында орнатуға біз 2024 жылы облыс әкімінің қолдауымен кірістік. Бұған бюджеттен арнайы қаржы бөлдірту үшін тиісті құжаттарды реттеп, облыстық бюджетке енгіздік. Жалпы құны – 450 миллион теңге. Жоспар бойынша 2025 жылдың аяғында сатып алынды. Биыл жыл басынан бері арнайы мамандар орнату жұмыстарымен айналысты. Дәл осындай аппаратты биыл Леңгір қалалық ауруханасына да орнаттық. Алдағы уақытта Созақ аудандық орталық ауруханасы мен «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханасында да орнататын боламыз. Бүгінде ол ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары біткен соң Шолаққорған мен Қарабұлақта да осылай КТ аппараттарын орнатып, іске қосамыз, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Арыс тұрғындары көптен күткен компьютерлік томография (КТ) аппараты жоғары технологиялы құрылғы тұрғындарға сапалы әрі дәл диагностикалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Аталған медициналық жабдықтың орнатылуы алдыңғы жылдары облыс және қала әкімінің тұрғындармен өткен кездесулерінде бірнеше рет көтерілген болатын. Арыстықтардың өтініші ескеріліп, жоба облыстық бюджеттен қаржылай қолдау тауып, нәтижесінде халықтың көптен бергі тілегі орындалды.

Бұған дейін жерлестеріміз мұндай компьютерлік томография  аппаратына түсіп, тексерулерден өту үшін де өзге қалаларға баруға мәжбүр болатын. Енді заманауи құрылғы арыстықтарға қажетті диагностикалық қызметтерді өз қаламызда алып, уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл – тұрғындарымыздың өтініштері негізінде жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі. Алдағы уақытта да халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді қала әкімі.

Компьютерлік томография қызметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетіледі.

– Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Марқабайұлы мен қала әкімі Қайсар Зәкірұлы айтқандай, пациенттеріміз компьютерлік томография аппаратына түсу үшін бұған дейін Шымкент қаласына, болмаса ең жақын жердегі көрші Ордабасы ауданының орталығы Темірланға баруға мәжбүр болатын. Ауыр жағдайдағы науқастардың барып келуі, жаны ауырып жатқан жандардың жолға шыдауы оңай бола бермейді. Науқасты ары-бері тасу да медицина мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейді, көп қозғалту адам өміріне қауіпті болуы да мүмкін. Оның ем-домға тікелей әсері бар. Бұл облыс, қала әкімдерімен кесдесулерде тұрғындар тарапынан талай көтерілген мәселе еді. Басшымыз Асхан Марқабайұлына аурухана ұжымының және игілігін көре бастаған Арыс халқының атынан айтар алғысымыз шексіз. Бізді қолдап, өзі келіп компьютерлік томографияның орнатылатын орнын таңдауға атсалысып, қосымша қандай аппараттарды қатар орнату керектігіне дейін араласып, қатаң қадағалады. Нәтижесінде ең соңғы үлгідегі КТ аппаратын іске қостық. Бұл былтыр, яғни 2025 жылы Жапониядан жасалған аппарат. Бұған қажетті мамандарды оқыттық. Қосымша Шымкенттен мамандар тарттық. Кейінгі бір айдың ішінде 10 пациенттің денсаулығын жақсартуға көмектесті. Сонымен қатар, ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген, жансақтау бөліміне жатқызылған 30-дай науқасты түрлі диагноздармен түсіріп үлгердік. Жаңа аппарат 160 тілімді кескін алуға мүмкіндік береді. 220 келіге дейінгі науқастарды көтере алады. Сонымен қатар, бұл аппараттың қасында қосалқылары бар. Ол – контрастты тексеру. Жүректің, бас миының, өкпенің және іш құрылыстарының қантамырларын қосымша тексеретін құрылғысы бар. Бұл бізге сапалы медициналық қызмет көрсетуге берілген үлкен көмек, мол мүмкіндік, – дейді Арыс аудандық орталық ауруханасының басшысы Марат Төлегенов.

 


30 диспетчер бір мезетте 200 шақырту қабылдайды
Арыстықтар енді өздерінің ауруханасында ота жасатып оңалады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу