30 диспетчер бір мезетте 200 шақырту қабылдайды
Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында 178 дәрігер, 1328 орта буын медицина маманы халыққа қызмет етеді. Жүргізушілерді қосқанда барлығы 2342 қызметкер облыс халқына жедел дәрігерлік көмек беру үшін жұмылдырылған. Бұл туралы Астанада өткен Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шарада Қазақстанның «2026 жылдың үздік облыстық жедел жәрдем станциясы» номинациясын иеленген Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының басшысы Бақытжан Мырзагелдиев айтты.
– Облыстық медициналық жәрдем станциясында алға ілгерілеушіліктер көп. Жедел жәрдем көліктері аудандардың балансында болғанда шақырту қабылдайтын бір-ақ телефон-тұғын. Бір шақыртуды қабылдап жатқан кезде екінші шақыртушы байланыса алмайтын. Қазір бір мезетте облыс бойынша 30 диспетчер 200 шақырту қабылдай алады. Одан басқа ауруханалардың жанындағы төртінші категориялық шақыртуларды да үйлестіріп отыратын диспетчерлеріміз бар. Олар жедел жәрдем бригадасы елдімекен ішіндегі көшелермен үйді тауып барғанша шақыртушымен байланысып, науқасқа алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін айтып, кеңесін беріп, жағдайды нақтылап, дәрігерге қажетті мәліметтерді базаға тастайды. Бұлай телефон арқылы жедел дәрігерлік көмек көрсету еуропалық стандарт саналады, – дейді Мырзагелдиев.
Жедел медициналық жәрдем станциясы диспетчері қабылдаған шақыртулар IV (төрт) жеделділік санатына бөлінеді. Атап айтсақ, өміріне тікелей қауіп төндіретін, жедел медициналық көмек көрсетуді қажет ететін пациенттің жай-күйінде – бірінші, өміріне медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жай-күйінде екінші, денсаулығына медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жай-күйінде үшінші, сондай-ақ жіті ауруынан немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен болған және айқын көрінетін бұзылуларынсыз пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төндірмейтін пациенттің жай-күйінде төртінші жеделділік санатында шақырылады.
Шақыртуды қабылдаған бригадалар пациенттің тұрған жеріне дейін жету I-жеделділік санаты он минутқа дейінгі, II-жеделділік санаты он бес минутқа дейінгі, III-жеделділік санаты отыз минутқа дейінгі, IV-жеделділік санаты алпыс минутқа дейінгі уақытты құрайды.
Заманауи үлгіде жасақталған орталықта жедел жәрдем автокөліктері шақыртуларға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін дефибриллятор, кардиостимулятор, кардиоверсия, кардиомонитор, электрокардиограф, ИВЛ аппараттарымен, оттегімен және электрлік, механикалық сорғыш аппараттарымен қамтылған. Жедел жәрдем стансасында АҚШ-та біліктілігін арттырған облыс мамандары қызмет көрсетеді. Жалпы облыс бойынша 167 жедел медициналық жәрдем бригадасы шақыртуларға қызмет атқарады. Өңір қажеттілігі 96 пайызға қамтылған. Облыста жедел жәрдем қызметінің кластері құрылып, ауылдық және қалалық жедел жәрдем қызметтері орталықтандырылған. Нәтижесінде науқастарға жету уақыты барынша азайып, қызмет көрсеру сапасы айтарлықтай артты.
Мырзагелдиевтің мәлімдеуінше, облыстық клиникалық ауруханасының базасында орналасқан медициналық санитарлық авияция қызметі де облыстық медициналық жәрдем станциясына қарайды. Медициналық санитарлық авияция қызметі тәулік бойы қызмет көрсететін 9 бригаданы өздері толық диагноз қоя алмай аудандық ауруханалардан шақыртатын шұғыл көмектерге, жедел жасауды қажет ететін оталарды жасауға дәрігерлерді жеткізіп тұрады. Мұндай жедел қызмет көрсетуге мамандар автокөлікпен және ұшақпен, тікұшақпен жеткізіледі.
– Бір ұшақ, бір тікұшағымыз бар, тиісті мекемелермен келісімшартқа тұрғанбыз. Әсіресе жүкті әйелдерге, бес жасқа дейінгі балаларға, тез көмекті қажет ететін қан кетуді тоқтату, күрделі ота жасау үшін науқастарды тасымалдар кезде санитарлық аавиацияның көмегіне жүгінеміз. Шақыртулардың саны жылдан жылға көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Бұлардан басқа, науқастарды бір ауруханадан екіншісіне тасымалдау үшін облыстағы 61 медициналық ұйыммен келісімшарт түзілген. Аурухана жанындағы автокөлікте медициналық құрылғылар жеткіліксіз жағдайда аудандық ауруханадан облыстық клиникаға, облыстық балалар ауруханасына, облыстық неонаталдық орталықтарға, облыстық перинаталды орталықтарға жедел әрі қауіпсіз жеткізуге санитарлық авиация мен 140 бригаданың арасынан көмекке барады. Бұдан бөлек облыстық маңызы бар іс-шараларға, облыс әкімінің, министрлердің халықпен кездесулеріне, республикалық маңызға ие спорттық турнирлерге, эсктремизм-тероризмге қарсы Ұлттық қауіпсіздік шараларына, төтенше жағдайлардың және ішкі істер органдарының ай сайын аудандарда өткізілетін оқу-жаттығуларына жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмылдырылады, – дейді Бақытжан Мырзалыұлы.


