Мұхамбет Көпеев: Тоқаевтың білімі мен біліктілігінің мөлшері жоқ
Сенатта бірге қызмет атқарған жылдары Қасым-Жомарт Тоқаевпен етене араласқан қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеев Мемлекет басшысының адамдық болмысы, есте сақтау қабілеті және шет тілдерін меңгеруі туралы естелігімен бөлісті.
Мұхамбет Көпеевтің айтуынша, ол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы, ал өзі оның орынбасары қызметін атқарған. Қос тұлға қызмет барысында жиі пікірлесіп, әңгімелесіп отырған.
«Сенатта жүргенде екеуміз көп сөйлесетінбіз. Ол кісі төраға, мен орынбасар болдым. Шай ішіп, сырласатынбыз. Өмірінде мені қысқартып атамай, үнемі “Мұхамбет Жұманазарұлы” деп құрмет көрсететін. Архивтегі деректерді дәл алдында тұрғандай айтып береді. Белгілі жазушылар мен саясаткерлердің ондаған жыл бұрын айтқан сөздерін қазір оқып отырғандай жатқа келтіреді. Оның білімі мен біліктілігінің мөлшері жоқ», – деді Мұхамбет Көпеев.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи деректер мен тұлғалардың айтқан сөздерін есте сақтау қабілетіне де тоқталды. Спикердің сөзінше, Мемлекет басшысы архив материалдарын егжей-тегжейлі айтып, ондаған жыл бұрын белгілі жазушылар мен саясаткерлер айтқан сөздерді де жатқа келтіре алады.
Мұхамбет Көпеев Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық қызметіндегі тіл білудің маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, Президент ағылшын, француз және қытай тілдерін жоғары деңгейде меңгерген.
«Ху Цзиньтао Қазақстанға келгенде Қасым-Жомарт Кемелұлы қытай тілінде таза сөйлеп, қонақтардың ризашылығына бөленді. Ағылшын, француз және қытай тілдерін әдеби, көркем деңгейде меңгерген. Бұл оның дипломатиялық қызметіндегі ерекше артықшылықтарының бірі», – деді Мұхамбет Көпеев.


