Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды дрон көмегімен анықтауда

Oinet.kz 06-10-2022 450

Screenshot_7.jpg

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ қауіпті учаскелердегі апаттылықты азайту, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында, Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы мен Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері бірлесіп, заманауи техникалық құралдарды пайдалана отырып іс-шараларды жүргізуде.      

Жалпы жыл басынан бері облыс жолдарында 450-ден астам жол-көлік оқиғасы орын алды. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдардағы ЖКО 55,4% -ға артты. Төтенше жағдайларды қарау кезінде басты себептердің бірі қарсы жолаққа шығу. Мәселен аталған кезеңде облыста қарсы қозғалыс жолағына шығудың 47 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,3% - ға көп.

Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков: «Бүгінгі профилактикалық-рейдтік шара кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды бақылау үшін дрон қолданылды. Әуеге ұшырылатын бұл құрылғы заң бұзушылықтарды түсіріп, содан кейін бейнежазба полицейдің планшетіне жіберіледі. Бұдан әрі тәртіп сақшылары жолда құқық бұзушыларды тоқтатып, әкімшілік хаттамаларды рәсімдеп, жүргізушілерге ескерту жасады»-деп атап өтті.

Мысалы полиция қызметкерлері Кентау қаласына кіреберіс жерде профилактикалық рейд жүргізді. Жүргізушілерге қатысты ӘҚБтК-нің бірнеше баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, оның ішінде көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны, қарсы қозғалыс жолағына шыққаны және автокөлікті құжатсыз басқарғаны үшін шара көрілген. Бір көлік айыптұраққа қойылып, айыппұл салынды.     Тәртіп сақшылары мұндай тәжірибе оң нәтиже көрсетіп, жүйелі түрде оның жолдардың авариялық-қауіпті учаскелерінде де жалғасатынын атап өтті.  

Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды анықтаудан басқа, автокөлік жүргізушілері арасында жол ережесін қатаң сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолға шықпау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

AMANAT партиясы президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды
Жасөспірімдердің түсірген бейнежазбасы ұрыны ұстауға көмектесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу