«Бұл баланың сотталғанын қаламаймын»: Әскерде көз жұмған сарбаздың туыстары сот үкімімен келіспеді

Oinet.kz 11-04-2023 1653

2022 жылдың сәуірінде Жамбыл облысындағы әскери бөлімде көз жұмған сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот үкім шығарып, 19 жастағы Айболат Аманжоловты 9 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда сот үкімімен марқұмның да, сотталушының да туыстары келіспеді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.  

Screenshot_1.jpg

Әскерге келіп, 4 күннен соң көз жұмған сарбаздың ісі бір жылға жуық қаралды. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы күдікті деп танылған Айболат Аманжоловты 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Сот күдіктіні 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындады. Сонымен бірге жәбірленуші тараптың пайдасына 6 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды. 

“Аманжолов Айболат Азаматұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзғаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеуге тағайындалсын”, – деді Алматы гарнизоны әскери сотының судьясы Зарина Рахметова. 

Тоғыз жыл дегенді естіген Айболат Аманжоловтың жақындары бірден үкіммен келіспейтіндіктерін жеткізді. Ұлдарының әскери бөлімге Әлібек Қалбаймен қатар келгенін айтқан жақындары араларында ешқандай кикілжің болмағанына сенімді. Сондықтан апелляциялық сотқа шағымданбақ. 

“Тергеу жүрген жоқ. Тергеу жүрсе, қайта жалдап тергеу жасататын едік. Әділдікке жетеміз деп жүргенде мынандай жағдай болып отыр. Олар апелляцияны қайтарды да, қайта сот өткізді”, – деді сотталушының анасы Айнұр Төлемісова. 

Марқұм Әлібек Қалбайдың да жақындары соттың шығарған үкіміне наразы. Айтуларынша, істің ақ-қарасы толыққанды ашылмаған. 

“Менің баламды бір адам ұрды дегенге келіспеймін. Себебі баламның 18 жерінде гематома бар. Ол екеуі бірге келді. Төрт күнде оң-солын танып үлгерген жоқ. Менің баламның тілі жоқ, жер қойнына тапсырдық. Бірақ тілі бар бала айтып тұр ғой. Неге? Мен түсінбедім, бұл баланың сотталғанын қаламаймын”, – деп мәлімдеді марқұм Әлібек Қалбайдың әжесі Болдық Құлмағанбетова. 

Еске салайық, бұған дейін әскерде көз жұмған Әлібек Қалбайдың өліміне байланысты сот үкімі шыққаны туралы хабарлаған едік. 

«Артында 5 бала-шағасы қалды»: Шымкентте апаттан қайтыс болғандар туралы жаңа деректер шықты
Атырауда бес күн бұрын жоғалып кеткен 16 жастағы қыз көпірден секіріп кеткені белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу