Ақтөбеде учаскелік полицей су басқан аумақтан тұрғындарды арқалап алып шыққан (видео)

Oinet.kz 02-04-2024 669

Ақтөбеде учаскелік полицей су басқан аумақтан тұрғындарды арқалап алып шыққан, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Screenshot_3.jpg

Тәртіп сақшысы тіпті үй жануарларын да құтқарған. Алғашқы екі тәулікте ол тасқын суды белшесінен кешіп, ондаған адамды қауіпті аумақтардан алып шықса, бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін де күн сайын су басқан аумақтарға барып патрульдеумен айналысып жүр.

Қалада қауіп басталған 26 наурыз күні таңғы мезгілден бастап ол қаладағы Кривое озеро ауданындағы саяжай алаптарына барып, таңға дейін су басқан үйлерден бірнеше адамды қайыққа отырғызып, өзі қайықты сүйреп алып шыққан. Үйлердің бірінде су қоршауында қалған итті де байқап, қалдырмай құтқарып алған.

Келесі күні ол су басқан Новостройка-2 саяжай алабын аралап жүріп, су басқан үйде қалған әкелі-балалы азаматтарды анықтап, сулы аумақтан арқалап алып шығарған. Су басқан аулада байлаулы қалған тұрған итті де босатып, көтеріп алып шықты. Адамдар мен жануарларды арқалап та, көтеріп те, қайыққа салып, сүйреп те алып шығып жатқан учаскелік инспектордың әрекеттерін тұрғындар мен әріптестері телефонға түсіріп алған. Полицейдің бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап кеткен.

"Біздің әкімшілік аумағымыз, негізінен саяжай алаптары болғандықтан, су тасқынына көп ұшырады. Адам шығының болмағаны үшін өте қуаныштымын. Қазіргі таңда олардың мүлкінің қауіпсіз болуы үшін күнде осында келіп аумақтарды аралап шығамын", - дейді полиция қызметкері Нұрхат Сәлімгереев.

Нүкенова қаза тапқан мейрамханада жұмыс істеген қызметкер видеоларды қалай өшіргендерін айтты (видео
«Әкем өте жаман адам»: Бишімбаевтың қызы Салтанатты қатты жақсы көретінін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу