«Баласының аяқ-қолын байлап, ұрып, тұншықтырып өлтірген»: Ерлі-зайыптылардың жантүршігерлік қылмысы
Бала жоғалғаны туралы қамқоршылық органдарына хабар бермеген балабақша меңгерушісі бостандыққа шықты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Alash.kz-ке сілтеме жасап.
Свердлов облыстық соты Екатеринбург қаласындағы №546 «Семицветик» балабақшасының бұрынғы меңгерушісі Анна Гилеваға қатысты үкімді жеңілдетті.
Бұған дейін ол немқұрайлылығы үшін 2 жылға колония-поселениеге (жеңіл режимдегі колония) сотталған еді.
Оның әрекеті 6 жастағы тәрбиеленушінің өліміне алып келген.
2023 жылдың жазында Екатеринбургте алты жастағы Далер Бобиевтің денесі табылған болатын.
Ол 2019 жылдан бері Наумовтар отбасында – Вероника мен Александрдың қамқорлығында тәрбиеленген.
Тергеу олардың баланы жүйелі түрде азаптағанын анықтады. Александр Наумов 5 жылға сотталып, әскери атағынан айырылды.
Ол Украинадағы соғысқа қатысқанын айтып, әскери қызмет салдарынан үйдегі жағдайға мән бермегенін алға тартқан. Алайда куәгерлер оның балаға қарсы жасалған қылмыстарға қатысқанын және әйелі тарапынан ықпалға ұшырағанын айтты.
Айыптаушы тараптың мәліметінше, әйел баланы өзге ұлт өкілі болғаны үшін қорлап, 2022 жылдың желтоқсанында оның аяқ-қолын байлап, ұрып-соғып, ваннада тұншықтырып өлтірген. Айыпталушы бұл қылмысты өзі жасамағанын, бірақ басқа бір адамды құтқару үшін баланың өлімін жасырып келгенін айтқан. E1 дерегінше, әйел баланың өлімі үшін кінәні асырап алған қыздарының біріне аудартуға тырысып, Далердің өлімі оның әпкесінің жуындыру кезінде болғанын айтып тергеушілерді жаңылыстырған.
2024 жылдың ақпанында Екатеринбургтің Чкалов аудандық соты Анна Гилеваны жалпы режимдегі колонияға 2 жылға соттады.
Алайда апелляциялық сот бұл үкімді жеңілдетіп, жаза мерзімін 1 жыл 10 айға қысқартты. Сонымен қатар, жазаны өтеу мерзімі әйелдің баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге шегерілді.
Сот Анна Гилеваның Далердің денесінде жарақаттар болғанын білгеніне қарамастан, бұл туралы қамқоршылық органдарына хабарламағанын және балабақшаға баланың бір жылға жуық келмегенін де ескертпегенін анықтады.