«Бірден бас тарту мүмкін емес»: Жеңіл жолмен ақша тапқысы келген жасөспірімдер оқиғаларымен бөлісті

Oinet.kz 29-05-2025 581

Есірткі тасымалдап, жеңіл жолмен ақша тауып, істі болған жасөспірімдер бастан кешкен оқиғаларын айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_1.jpg

Оқиғаларын бөліскен жасөспірімдердің аты толықтай өзгертілген. 

“Мен өте дәулетті отбасында тудым. Керемет үй, қымбат көлік міндім. Біз үйде 4 баламыз. Төртеуімізге де әкем көлік алып берді. Көлік жүргізуші куәлігін де сатып алды. Ішімдік ішуді 14 жасымнан бастадым. Ащы су маған түрлі көңіл-күй, ұмытылмайтын эмоция сыйлады. 7 жыл бір жігітпен жүрдім. Екеуміз бірге 7 жыл тұрдық. Баламның әкесі сол кісі. Ол маған есірткі тұтынуды үйретті. Одан алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Өзімді жеңіл сезіндім”, – деп бастады әңгімесін Диана. 

Бейтаныс келіншектің сөзінше, 8 айлық жүкті кезде есірткі тасымалдауға қатысты ұсыныс түскен. 

“Бір күні есірткі тасымалдаушы болуға ұсыныс түсті. Бәрі содан басталды. Мен тек таситынымды ешкімге айтпауым керек. Ерлі-зайыпты маған жұмысты түсіндірді. Әлеуметтік желі арқылы дүкендермен байланыс орнаттық. Мен ештеңеден қорықпадым. Өйткені қылмыс жасап жүргенімді білмедім. Одан кейін бізге доза қабылдау үшін ақша керек. Қалай тәуелді болып қалғанымды білмей қалдым. Ол біздің әр күнімізге ауадай қажет еді. Ақша да күн сайын келіп жатты. Өзімізде түк қалмады. Сол үшін біз жұмыстан қол үзбек керек едік. Сондай күндердің бірінде полицияға ұсталып қалдым. Басшыларыма хабарласып, жағдайды түсіндіріңдер десем, олар тұтқаны көтермеді. Анама хабарластым, 500 мың теңге сұрадым. Олар да ондай ақшаны тауып бере алмады. Өйткені полиция сұраған ақшасын берсем, мені босатады. Олардың көлігінде 3 сағатқа жуық отырдым. Бір кезде 50 мың теңгені анам жіберді. Ол кезде менің аяғым ауыр еді. Полициялар соны көріп тұрғасын, қатты қинаған жоқ”, – деді Диана есімді келіншек. 

Одан кейін Владимир есімді жігіт басынан кешкен оқиғасын айтып берді. Сөзінше, бір жерден екінші жерге тапсырысты апарып беру ең оңай жұмыс болып көрінген. 

“Бәріміз білетіндей 15-16 жас өтпелі кезең саналады. Сол кезде өмірден өз орнымды тапқым келді. Қоғамнан орта қалыптастырғым келді. 15 жасымда қатты қайғырдым. Өйткені сол жылы әкем өмірден өтті. Кісі қолынан қаза тапты. Менің қолымның сұғанақтығы бар еді. Айналамдағы дүниелерді ұрлай бастадым. Менде бәрі керемет болды, бірақ бірнәрсе жетпей тұрды. Жұмыс істедім. Даяшы болып та көрдім. Бірақ жеңіл жолмен ақша тапқым келді. Жасөспірім шақта алғаш рет үстімнен іс қозғалды. 8-бап, 3-тармағына сәйкес, ұрлық бойынша істі болдым. Одан кейін 2-3 рет есірткі тасымалдаушы болып жұмыс істедім. Тапсырысты айтылған мекенжайға жеткізіп бердім. Сен есірткі тасымалдап қана жүрсің. Ол сен наркомансың дегенді білдірмейді ғой. Бірақ қоғам солай түсінеді. Басында қатты қорықтым. Қазір ойлаймын, мен өзімнің өміріме қанағаттанбағанмын. Табысым да көңілімнен шықпады. Одан көп ақша тапқым келді. Есірткі тасымалдауды ең оңай жұмыс көрдім. Шынында, басыңды қатерге тігетін іс екеніне көзім жетті”, – деді Владимир.

Ал Қанат есімді кейіпкер есірткі сатып алу үшін әкесі мен әжесінен талай ақша ұрлағанын жасырмады. 

“15 жасымда өзімнен үлкен жігіттермен араласа бастадым. Біздің районымыздың системасы сондай еді. Алдымен дәмін татып көресің. Сосын ақырындап үйренесің, кейін тәуелді болып қалғаныңды сезбейсің. Араласатын достарымның бәрі шегетін, мен де соларға еріп кеттім. Басында маған ұнаған жоқ. Күн сайын тұтынатын болғасын үйреніп кеттім. Әкем мен әжем жиі ақша беретін. Кейде өзім олардан ұрлап алып жүрдім. Бірақ екеуі де неге жарататынымды сұрамайтын. Әкем сұрап қалған жағдайда “Достарыммен қыдырамын” деймін. Сыныптастармен жиналамыз деп өтірік те айтқанмын. Әкем маған қатты сенді. Екеуміздің қарым-қатынасымызда құпия жоқ еді. Банк карталарының құпия сөзіне дейін білемін. 14 жасымнан бері жұмыс істедім. Даяшы болдым, кейін демалыс орындарда қызметкер болдым. Ол жақтағы тапқан ақшам ештеңеге жетпеді. 16 жасымда есірткі тасымалдаумен айналыстым. Әкем ол кезде вахтада жұмыс істейтін. Екі апта жұмыста, екі апта үйде болатын. Ол жұмысқа кеткенде мен үйде жалғыз қаламын. Өз қалауымша өмір сүремін. Бір күні органның адамдарына ұсталып қалғанда әкеме шындықты айттым. Мені үш рет “құтқарып” қалды. Содан кейін мен бәрін тастаймын деп өзіме уәде еттім. Алайда бір апта ғана шыдадым. Ол әлем сені тартып тұрады. Бірден бас тарту мүмкін емес екенін түсіндім”, – деді Қанат. 

«Ұл болмағаны үшін»: Ер адам жүкті әйелін қатігездікпен өлтіріп, 2 қызын пышақтап тастады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу