«Ішкиімінде қан іздері бар»: Үш жыл бұрын мерт болған 16 жасар қыздың өліміне кім кінәлі?

Oinet.kz 11-08-2025 678

Алматыда белгісіз жағдайда мерт болған 16 жастағы Адельдің ата-анасы 3 жылдан бері қызының өліміне кінәлілерді таппай жүр, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_2.jpg

Полиция істі “Өзін-өзі өлтіру” бабы бойынша қозғағанымен, қыздың ата-анасы суицид дегенге сенбейді. Сөздерінше, Адельдің кісі қолынан мерт болғанын дәлелдейтін айғақтар көп. Алайда құзырлы органдар мұны елемей отыр дейді. Енді олар “Дәлелдерді бұрмалау” бойынша қылмыстық іс қозғап, Адельдің өлімі бойынша істі “Адам өлтіру” деп өзгертуді талап етеді. 

2022 жылы 4 мамыр таңғы 4:30 шамасында Адель Ақанованың денесі Шашкин көшесіндегі үйдің ауласында табылған. Мәйіті ағашқа асылып тұрған. Сол себепті полиция ол өзіне қол салды деген шешімге келіп, істі сол бойынша тергеген. Анасының айтуынша, тергеу әділ әрі тиянақты жүргізілмеді, көп дәлелдер негізге алынбады.

Адель Республикалық физика-математика мектебінде оқыған. Оқуда озат болып, олимпиада жеңімпазы және грант иегері атанған. Ата-анасы Адельдің суицид жасайтындай мінез-құлығында өзгеріс байқалмағанын және болашаққа көп жоспар қойғанын айтады.

Қыздың анасы Айнагүл Бейісова “Өзін-өзі өлтіру” нұсқасын жоққа шығаратын сараптама нәтижелерін ұсынды. Сондай-ақ қыздың беті, мойны, қолында сырылған іздер көрінетін фотоларды көрсетті.

Қарағанды облыстық сот экспертизасы институтының сараптама қорытындысы көрсеткен белгілері:

  • Мойындағы странгуляциялық ойық. 

Странгуляциялық ойық біреу қылқындырған кезде пайда болады. Асылып қалған кезде мұндай ойықтың болуы өте сирек. Адельдің салмағы аз екенін ескерсе, мұндай ойық қалуы екіталай;

  • Қалқанша шеміршектің жарылуы.

Мәйітті эксгумациялау кезінде қалқанша шеміршектің жарылғаны анықталды, бұл да күштеп тұншықтыру кезінде пайда болады.

  • Мойын омыртқалары бүтін.

Сарапшы 7 омыртқа да зақымдалмағанын атап өткен. Ал адам асылып қалған кезде мойын омыртқалары зақымданады екен. Бұл суицид нұсқасын жоққа шығарады дейді. Одан бөлек сараптама Адельді біреу сүйрегенін анықтапты.

2022 жылы 6 мамырда жүргізілген сот-медициналық сараптамасы мидың маңдай бөлігінде көптеген сырылған із бен қан кетуді, сонымен қатар бет, иық буыны, төменгі аяқ және білек аймағында көгерген жерлерді анықтады. Сарапшы бұл жарақаттардың өлім алдында болғанын және доғал затпен жасалған соққыдан пайда болғанын атап өтті.

Сонымен қатар экхимиоздық маска байқалған. Яғни қылқындырған кезде кеуде қуысының қысылғанын көрсетеді. 

2024 жылы 27 маусымда тағы қосымша сот-медициналық сараптама жүргізілген. Нәтижесінде қалқанша шеміршегінің сол жақ тақтайшасының ішкі бетінен жарықшақ анықталды. Бұл да зорлық болғанын көрсетеді дейді.

“Асылып қалған адамдардан несеп пен нәжіс еріксіз бөлінеді, одан бөлек арқанда адамның терісі мен майдың ізі қалады. Адельде мұның ешқайсысы жоқ. Сарапшылар Адельдің алақанынан арқан қалдығын да, ізін де таппапты. Егер өзіне қол салса, қалайша ішкиімінде қан іздері бар, қалай басы жарылған, денесі сырылған?”, – деді Бейісова.

Адель Ақанованың өлімі

Адель асулы болған арқанды да олар бұрын-соңды көрмеген екен. Түн ішінде мұндай арқанды алып шығуы мүмкін емес дейді. Әрі арқанды ілуге бойы жетпейді. Егер суицид жасаған болса, аяғының астына орындық немесе кірпіш қояр еді деп болжап отыр.

Одан бөлек Әлихан Алпысбай есімді көршісі сол түні даладан қыздың шыңғырған даусын естіпті.

“Сол түні курстық жұмыс жазып, емтиханға дайындаламын деп ұйықтай алмадым. Қабырғасы қапталмаған бөлмеде отырдым, онда даладағы дауыстар қатты естіледі. 3:00 шамасында қыздың шыңғырған дауысы шықты. 3-5 секундтан кейін қыз “нет” деп айқайлады да, дауыс шықпай қалды. Ол дауыс бір қиналып, күштеп аузын жапқандай болды. Сол сәтте қорқып кеттім. Бірақ отбасылық жанжал шығар деп ойлап, ұйықтап кеттім”, – деді Әлихан.

Алайда полиция куәгердің сөзін елемеді дейді. 

Сондай-ақ тергеу айғақтары жоғалып кеткені оларды алаңдатты.

“2022 жылғы 5 мамырда, яғни телефон полицияда болғаннан кейін Адельдің телефонынан барлық қоңырау, хат-хабар мен геолокация деректері өшірілген. Google-аккаунт логтары сырттан араласу болғанын растайды. Бұл да шындықтың ашылуына кедергі болды. Қайғылы оқиға болған түні сол жерде болған 11 адамның қан үлгісі де жоғалды”, – деді қыздың анасы.

Ол осыған байланысты “Дәлелдерді бұрмалау” бойынша қылмысты іс қозғауды талап етеді. Ашынған отбасы үш жылдан бері күресіп, қылмыстық істі “Адам өлтіру” бойынша өзгерте алмай жатыр. 

«Алагөзов пәтерді босқа алған сияқты»: Т.Алагөзовтің қызметкерлеріне сыйлаған 100 пәтеріне шағым көб
«Көзіңді жоғалт»: Алматыда автобус жүргізушісі мен жолаушы арасында жанжал туындады (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу