«Көзіңді жоғалт»: Алматыда автобус жүргізушісі мен жолаушы арасында жанжал туындады (видео)
Әлеуметтік желіде Алматыдағы автобус жүргізушісі мен жолаушының арасындағы жанжалдың видеосы тарады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Видеода жолаушы жүргізушіге көлік жүргізіп келе жатып телефон қолдануға болмайтынын айтып, ескерту жасады. Оның бұл ескертуіне жүргізуші “Көзіңді жоғалт” деп жауап берді. Сөйтіп ол жолаушының қолындағы телефонды тартып алуға тырысты.
Жанжал мұнымен біткен жоқ. Жолаушының өзін телефонға түсіріп алғанын көрген жүргізуші оны автобустан шығарып жіберуге тырысты. Сондай-ақ “Мен WhatsApp” қолдандым деп ақталды. Алайда оны қоғамдық көліктен шығарып жіберуге шамасы келмеген соң, автобусты жүргізуден бас тартты. Тек жолаушы қоғамдық көліктен түскен жағдайда ғана жұмысына қайта оралатынын айтты.
Алматы полициясы жанжалға қатысы бар адамдардың жеке басы анықталғанын хабарлады.
“Жүргізушінің әрекетіне заң талаптарына сәйкес принципті құқықтық баға беріледі”, – деп түсіндірді ведомство.
“Алматыэлектротранс” компаниясының Tengrinews.kz порталына берген жауабында оқиға бойынша тексеріс жүргізілгенін, ал жүргізушіге қатысты компанияның ішкі ережелеріне сәйкес шаралар қолданылатыны айтылған. Тасымалдаушы компания болған жағдай үшін және қолайсыздық үшін жолаушылардан кешірім сұрады.
“Жолдағы қауіпсіздік – біздің басты басымдығымыз. Жүргізуші қозғалыс кезінде телефон қолданбауы тиіс. Бұған мүлде жол беруге болмайды. Өз кезегінде жолаушылар да жүргізушінің назарын бөліп, көлікте жанжал тудырмауы керек. Өйткені бұл барлық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін”, – деп мәлімдеді компания.