«Өзім үшін қорқамын»: Қарағанды облысында мектеп мұғалімі 19 жастағы қызды алып қашқан

Oinet.kz 20-09-2025 382

Оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған. Қыз бірден полицияға шағымданған. Алайда тергеу әлі күнге дейін созылып, сотқа жетпеді. Жәбірленушінің айтуынша, жігіттің туыстары оны ақ орамалмен қарсы алып, үйге күштеп сүйреп кіргізбек болған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_9.jpg

Лаура (есімі өзгертілген) бұл сұмдықты әлі ұмыта алмай келеді. Қыста ол ауыл мектебінің мұғалімімен танысқан. Бірнеше рет кездескен соң, Лаура оған көңілі толмай, араласуды тоқтатқан. Алайда жігіт қоймай, екі танысымен бірге қызды бес сағаттан астам уақыт бойы сұлулық салонының жанында күткен. Қыз клиентімен бірге сыртқа шыққан сәтте, жігіт оны көлікке күштеп отырғызып, алып кеткен. Қасындағы қызға: «Араласпаңыз, бұл — біздің ісіміз» деген екен. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

«Ол телефонымды тартып алды. Жол бойы кімге айтқанымды сұрап, есіктерді іштен жауып тастады. «Бәрібір бәрі біледі. Бәріне сен біздің үйде болдың деп айтады. Қайда қашасың, бәрібір келісесің» деп қорқыта бастады. Үйге жеткенімізде туыстары ақ орамалмен қарсы алып, мені қолымнан, аяғымнан ұстап, үйге кіргізбек болды. Сол сәтте менің туыстарым келіп жетті. Жанжал болды. Сол жерде мені олар құтқарып қалды»,— дейді Лаура.

Жағдайды көрген клиент қыздың әпкесіне хабарласқан, Лаура геолокация жіберіп үлгерген. Туыстары жігіттің тегін білген соң, дереу іздеуге кіріскен. Олардың үйін тауып, сұмдық жағдайдың куәсі болған.

«Бәрін өз көзімізбен көрдік. Анасы, әкесі, 50-ге жуық туысы жиналған. Олар қызымызды сүйреп бара жатты. Ал ол көлікке жабысып, айқайлап, жылап жатты. Біз бірден жүгіріп бардық. Олар қыздың өз еркімен келіскенін айтты. Бірақ егер ол келіссе, неге жерде жатып, айқайлап жылайды? Қазір XXI ғасыр! Қызды неге ұрлап әкетеді? Оның батылдығы болмаған соң, осылай құл сияқты алып қашқан!» — дейді Лаураның әпкесі.

Лаура полицияға арызды 13 желтоқсанда жазған, бірақ туыстарының айтуынша, ол тек ақпан айының соңында тіркелген. Содан бері 10 ай өтсе де, іс сотқа жетпеген. Лаура мен оның туыстары бірнеше рет Қазыбек би аудандық прокуратурасына барған. Барған сайын тағы 10–15 күн күтіңдер деген.

Қыздың айтуынша, уақыт өтіп жатса да, ештеңе өзгермеген. Іс сотқа жетпей отыр. Қазыбек би ауданының прокуратурасында бүгін Лаураның туыстарын қабылдап, қысқаша түсініктеме берген:

«Бүгін аудан прокуроры оларды қабылдап, қылмыстық істің тергелу барысын түсіндірді. Адам ұрлау бабы бойынша іс қозғалды», - деп жазылған қысқаша жауапта.

Алайда туыстарының айтуынша, оларға полиция қысым көрсеткен.

«Біз оның заң алдында жауап беріп, түрмеге жабылуын талап етеміз. Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің тергеу жөніндегі орынбасары адвокат арқылы: «Қанша қажет? Қанша ақша берсек, істі жабуға келісесіздер?» деп ұсыныс айтты. Біз келіскен жоқпыз. Бізге ақша керек емес. Біз әділеттілікті талап етеміз. Полиция да, прокуратура да бізді қолдамайды. Ол жігіт тіпті прокуратурада туысым бар деп, бізге сәлем жолдайды екен», — дейді жәбірленушінің анасы.

Ал Лаура болса, әлі күнге дейін қорқынышпен өмір сүріп жатқанын айтады.

«Мен қалада жалғызбын, университетте оқимын. Анам мен әпкем басқа ауданда тұрады, сондықтан өзім үшін қорқамын. Себебі ол әлі бостандықта жүр. Кез келген уақытта маған зиян келтіруі мүмкін. Не істерімді білмеймін», — дейді ол.

eOtinish арқылы облыстық және Бас прокуратураға, Президент әкімшілігіне жолданған шағымдарға әлі жауап жоқ. «Күйеу жігіт» те, оның туыстары да әлі күнге дейін Лаураның отбасынан кешірім сұрамаған.

Еске сала кетейік, Қазақстанда некеге мәжбүрлеу және алып қашу ісі үшін жазаны қатайтып жатыр. Қылмыстық, қылмыстық-атқару және қылмыстық-процессуалдық кодекстерді оңтайландыруға бағытталған заң жобасына «некеге мәжбүрлеу» ұғымы енгізілді.

Түркістан облысында 6 адам ауылға қызбен кездесуге келген жігітті соққыға жықты деп айыпталды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу