ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДА ҚҰНЫ 152 МЛРД. ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙТЫН 99 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров атап өтті.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық
технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.
– Өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргіздік. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Олар бойынша импорт көлемі 98 млрд.теңгені құрайды. Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшаларды ұсындық. Нәтижесінде маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткіздік. Өңірде зауыттар мен кәсіпорындар саны артып жатыр. – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысындағы 20 индустриалды аймақта құны 152 млрд. теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Толық іске асқанда 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 млрд. теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. 2609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд. теңгеге 28 ірі жоба қолға алынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


