ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЛАПТАРҒА ЖАУАП БЕРЕТІН ЗАМАНАУИ ЗАУЫТТАР ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ 1,3 ТРЛН.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конферецниясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады.
Облыста жыл басынан бері 10 айда өнеркәсіп саласында биыл 107 млрд. теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2443 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде маңызды әрі ірі жобалар қатарында Созақ ауданындағы табиғи уран өңдеу кешені («Катко» ЖШС, құны – 35 млрд. тг., 300 жұмыс орны); Отырар ауданындағы 2 мақта өңдеу зауыты («Kazakhstan Lihua» ЖШС, құны – 21 млрд. тг., 960 жұмыс орны); Түлкібас ауданында RC Cola брендімен түрлі түсті сусын шығаратын зауыт («Beibars Bottlers» ЖШС, құны – 9 млрд. тг., 96 жұмыс орны) бар. Сонымен қатар Сайрам ауданында заманауи ет комбинаты («KazEcoMeat» ЖШС, құны – 8,5 млрд. тг., 150 жұмыс орны); Ордабасы ауданында алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт («Central Asia Aluminium» ЖШС, құны – 8 млрд. тг., 150 жұмыс орны) жұмысын жүргізіп жатыр. Жыл соңында 103,5 млрд. теңгеге қосымша 8 өнеркәсіп жобасы іске қосылады.
– Президентіміз өз Жолдауында Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты күшейтуді тапсырған болатын. Көршілес Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Нысан – кеден бекетімен заманауи қоймалар және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық қызметін атқарады, – деді Нұралхан Көшеров.
Қазір 7 инвестор осы орталықта жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Нәтижесінде өңір экономикасына 185 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1175 жұмыс орны ашылады. Бюджетке қосымша салық түседі (355 млн. теңге). Бүгінгі таңда 8 өндірістік ғимарат пен ішкі инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы іске қосу жоспарлануда.
Облыстағы индустриалды аймақтар, инвестиция тарту, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн. теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


