Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесті.

Тоқаев жаңа жыл қарсаңында Петербургте өткен кездесу сәтті болғанын жеткізіп, Путинге алғыс айтты.
“Біз ЕАЭО қызметіне қатысты бірқатар мәселені қарастырып, шешімдер қабылдадық. ТМД форматы аясындағы ықпалдастықтың аса маңызды, өзекті мәселелері талқыланды. ТМД – беделді әрі заман талабына сай халықаралық ұйым. Биыл өзара ынтымақтастығымыз табысты болғаны сөзсіз. Екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. 12 қарашада Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым өте нәтижелі өтті. Сол сапар барысында қонақжайлық танытқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін”, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселесін қозғады.
“Қазақстан Ресеймен стратегиялық серіктестік және одақтастық байланыстарға ерекше мән береді. Біз Қазақстан мен Ресей азаматтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерде бірге әрекет етуіміз қажет. Ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға бағытталған ортақ жұмысымыз қос халықтың түпкі мүддесіне сай келеді”, – деді мемлекет басшысы.
Ресей президенті екі ел арасында түйіткілді мәселе жоқ екенін мәлімдеді.
“Біз кешеден бері біраз жұмыс атқардық. Бүгінгі бейресми кездесу барысында ҰҚШҰ, ТМД аясындағы қызметімізді және екіжақты ынтымақтастық жағдайын талқыладық. Дегенмен Сізбен Қазақстан және Ресей арасындағы өзара байланыстардың басым бағыттарын дамыту үшін арнайы кездескеніме қуаныштымын. Менің ойымша, барлық сала оң қарқынмен алға ілгерілеп келеді. Екі ел арасында шешілмеген немесе түйткілді мәселе жоқ”, – деді Ресей президенті.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласына барған еді. Президентті "Пулково" халықаралық әуежайында Санкт-Петербург қаласының губернаторы Александр Беглов пен Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко қарсы алды.


