Сарбаздың өліміне кінәлі кім?

Oinet.kz 09-01-2026 97

21 жастағы Данияр Амалбеков әскерге дені сау күйінде аттанып, арада бір ай өтпей көз жұмды. Марқұмның туыстарының айтуынша, Данияр әскерге дейін денсаулығына еш шағымданбаған. Керісінше, спортпен шұғылданған. Бойы ұзын, мығым жігіт болған. Соған қарамастан, оның өмірі әскери қызметтің алғашқы айында-ақ қиылды, - деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.


Scr12eenshot_1.jpg

«Әскерге өзі барды, бірақ кері қайтармады»

Марқұмның әпкесі Разиданың сөзінше, Даниярға әскерге шақырту 1414 нөмірінен келген. Ол өз еркімен әскери комиссариатқа барған.

— Данияр үйдің жалғыз ұлы еді. Анасы жүрек ауруымен ауырады, отаға кезекте тұрған. Сол себепті ол оқуын да тастап, анасына қарап жүрген. Осы жағдайды айтып, кейінге қалдыруды сұраған. Бірақ әскери комиссариат тыңдамады. Медициналық тексеру үстірт жүргізілген. Табанының майтабан екені анықталса да, «жарамды» деп шығарып жіберген, — дейді әпкесі.

Кейін белгілі болғандай, медициналық тексеру талапқа сай өтпеген, сарбазды тек сырттай қарап шыққан.

Әскерге барып, екі күннен соң ауыра бастады

Данияр Амалбеков 2025 жылдың 9 желтоқсанында Тараз қаласынан әскерге аттанып, Шымкенттегі Ұлттық ұланның №6506 әскери бөліміне жіберілген. Бөлімге келгеннен кейін екі күн өтпей-ақ жағдайы нашарлай бастаған.

11 желтоқсанда ол ішінің қатты ауырғанын айтып, командиріне хабарласқан. Алайда бұл туралы оның ата-анасына ешқандай мәлімет берілмеген.

— 11 желтоқсаннан 27-сіне дейін біз оның ауыр халде жатқанынан бейхабар болдық. Тек 27 желтоқсанда ғана түрлі нөмірлерден қоңыраулар түсе бастады. «Ауруханада жатыр, алаңдамаңыздар» деді. 28-і күні жағдайы тұрақты деген. Ал 29 желтоқсанда бірден жансақтау бөліміне түскенін айтты. Сол сәтте ата-анасы Шымкентке шұғыл жолға шықты, — дейді Разида.

Нақты диагноз қойылмаған

Отбасының қолындағы медициналық құжаттарда нақты диагноз көрсетілмеген. Тек алдын ала болжамдар ғана жазылған. Осы уақыт ішінде Данияр бірнеше медициналық мекемеге ауыстырылған: алдымен жекеменшік клиникаларға, кейін жұқпалы аурулар ауруханасына, соңында Шымкенттің №2 қалалық ауруханасына жеткізілген.

— Мен оны алғаш көргенде дәлізде жатты. Ата-анасын бірден кіргізбеді. Дау-дамайдан кейін ғана кірді. Сол кезде Даниярды палатаға апарып қойған. Есі анық, сөйлеп жатты, бірақ әлсіз еді. Ең қорқыныштысы — іші қатты кеуіп кеткен. Катетерде үш күнде небәрі 50 грамм зәр ғана жиналған. Бұл өте қауіпті жағдай. Ішінде перитонит басталғаны анық байқалды, — дейді әпкесі.

«Оны үш рет тірілтті»

Дәрігерлер сарбаздың жағдайы тым ауыр екенін айтып, жанында туысы болуын сұраған. Туыстары киім ауыстыруға кеткен сәтте, Данияр клиникалық өлім жағдайына түскен.

— Дәрігерлер оны үш рет қайта тірілтті. Бұл жай жүрек тоқтауы емес еді, олар соңына дейін күресті. Бірақ сол күні, кешкі сағат 16:34-те Данияр қайтыс болды, — дейді Разида.

Ресми құжаттарда өлім себебі «жүректің кенеттен тоқтауы» деп көрсетілген. Ал алдын ала болжам ретінде «жедел лейкоз» деген диагноз айтылған. Алайда отбасы бұл нұсқамен мүлде келіспейді.

— Егер ол шынымен лейкозбен ауырса, әскерге дейін-ақ анықталуы керек еді. Қарапайым қан талдауын алғанда бәрі көрінер еді. Бір айдың ішінде адам «жанып кетуі» мүмкін емес, — дейді марқұмның әпкесі.

Тергеу басталды

Данияр Амалбековтің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеуді әскери-тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Отбасы кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етпек.



"Інім момын адам". Күдіктінің ағасы інісі қойдан жуас екенін айтып сұхбат берді
Қызылордада алаяқтық жасаған күдікті шетелде ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу