Шымкенттегі 21 жастағы қыздың өліміне қатысы бар деген күдікті ұсталды

Oinet.kz 13-01-2026 56

Шымкентте 21 жастағы студентті өлтірді деген күдікке ілінген ер адам ұсталды. Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іздеу жұмыстарына қалалық полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылған.

Screenshot_1.jpg

“Қалаға кіреберіс және шығаберіс жолдарда бақылау күшейтіліп, аумақ толық тексерілді. Күдікті қала маңынан шамамен 10 шақырым қашықтықта ашық аумақта анықталып, ұсталды", — делінген хабарламада.

Бұған дейін күдіктінің қаза тапқан қыздың танысы екені белгілі болды. Қылмыстың себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады.

11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақаттарынан көз жұмды. Аталған факті бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Марқұм — студент Нұрай Серікбай. Оны 11 қаңтар күні кешке Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында пышақтап кеткен. Бейнежазба кадрларынан қыздың қашуға тырысқанын, кейін қарсылық көрсетіп, ал жігіттің оны ұрып-соғып, пышақ сұққанын көруге болады. Оқиғадан соң күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.

Нұрай ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Оның екі ағасы бар, өзі отбасының кенжесі болған. Жақындары марқұмның денесін мәйітханадан алып, Түркістан облысындағы Төрткөл ауылына жерлеу үшін алып кетті.

Қарағанды облысында су қоймаларын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде
Биыл Ұлттық құрылтай отырысы қашан өтетіні белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу