Хаменеи Мәскеуге қашып кетуі мүмкін

Oinet.kz 14-01-2026 46

Иранда болып жатқан жаппай наразылықтар кезінде 500-ден астам адам қаза тапқан.  10 мыңнан астам адам ұсталған. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. 

Screenshot_2.jpg

HRANA құқық қорғау ұйымының деректеріне сәйкес, екі аптадан бері жалғасып келе жатқан тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқандардың дені бейбіт тұрғындар. Құқық қорғау органдары тарапынан елуге жуық адам мерт болған. Алайда Иран билігі бұл жөнінде ешқандай ресми мәлімет таратпай отыр. Кейбір ақпарат құралдары қаза тапқандардың санын екі мың деп көрсетіп жатыр. 

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне бірнеше мәрте ескерту жасап, бейбіт халыққа қарсы зорлық-зомбылық жалғасқан жағдайда араласуы мүмкін екенін айтқан  (араласудың арғы жағында әскери күштің жатқаны айтпаса да түсінікті ғой). Алайда бұған Иран билігі қатаң жауап қайырды. Парламент спикері Мұхаммад Багер Қалибаф  Иранға шабуыл жасалған жағдайда барлық америкалық әскери базалар мен кемелерге соққы беретінін мәлім етті. Қазіргі таңда Ақ үй басшысы Иранға қарсы әскери әрекеттердің бірнеше нұсқасын қарастырып жатқан көрінеді. Олардың ешқайсысы америкалық әскерді Иран аумағына енгізуді көздемейді. 

 Ирандағы наразылық акциялары 28 желтоқсанда Тегерандағы орталық базардан басталды. Саудагерлер елдегі экономикалық жағдайдың күрт нашарлауына наразылық білдіріп, дүкендерін жапты. Бұған ұлттық валюта--риалдың тарихи минимумға дейін құнсыздануы, ( АҚШ доллары 1,4 миллион риалға жетті) және Иран Орталық банкінің басшысы Мохаммед Реза Фарзиннің қызметтен кетуі себеп болды. Наразылықтар Тегеранның Саади көшесінде және елдің экономикалық өмірінің дәстүрлі орталығы саналатын Үлкен базарға жақын Шуш ауданында басталған. 

Көп ұзамай наразылықтар Исфахан, Шираз және Мешхед секілді ірі қалаларға да тарады. Астананың кейбір аудандарында қауіпсіздік күштері демонстранттарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған.

Осыған дейін Иран билігі елдің көптеген провинцияларын қамтыған жаппай үкіметке қарсы наразылықтар аясында халықты қаржылай қолдау бағдарламасын іске қосатынын жариялаған болатын. Билік әлеуметтік шиеленісті азайту мақсатында азаматтардың басым бөлігіне ай сайын шамамен 5 фунт стерлингке тең төлем беруге уәде етті.

Соңғы күндері бұқаралық ақпарат құралдарында наразылықтар күшейген жағдайда Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи Мәскеуге қашуы мүмкін деген ақпарат тарап жатыр. The Times басылымы барлау деректеріне сілтеме жасап, 86 жастағы Хаменеи егер қауіпсіздік күштері өсіп келе жатқан демонстрацияларды тоқтата алмаса Тегераннан кетуі ықтимал екенін жазды. Иран билігі Хаменеи мен оның ең жақын серіктеріне, отбасы мүшелеріне, оның ішінде ұлы әрі ықтимал мұрагері Моджтабаға арналған «В жоспарын» әзірлеп қойғанға ұқсайды. Бұл дерек Ирандағы ішкі саяси ахуалдың қаншалықты күрделі әрі тұрақсыз екенін аңғартады.

Ал, Иранның шетелде тұратын тақмұрагері Реза Пехлеви Ислам Республикасы режимін құлатуды көздейтін ұлттық көтерілістің жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді. Ол бұл үндеуін X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

Пехлевидің айтуынша, соңғы апталарда, әсіресе соңғы күндері Иранның түкпір-түкпірінде өткен жаппай демонстрациялар «заңсыз исламдық режимнің негіздерін едәуір шайқалтты». Осы жағдайға сүйене отырып, ол билікке ашық түрде саяси талап қойды.

«Енді мен Ислам Республикасын құлатып, қымбатты Иранымызды қайта қалпына келтіруді мақсат еткен ұлттық көтерілістің жаңа кезеңі басталғанын жариялаймын», – деп жазған Реза Пехлеви.

Реза Пехлеви — 1979 жылғы Ислам революциясы нәтижесінде биліктен айырылған Иранның соңғы шахы Мохаммед Реза Пехлевидің үлкен ұлы. Қазір 65 жастағы саясаткер АҚШ-та эмиграцияда өмір сүреді. Ол монархия құлардан аз уақыт бұрын елден кеткен. Білімі бойынша әскери ұшқыш, АҚШ Әуе күштерінде даярлықтан өткен.

Пехлеви зайырлы демократия идеяларын қолдайды және Иран азаматтары елдің болашақ басқару формасын өздері таңдай алуы үшін жалпыұлттық референдум өткізуді ұсынады. Соңғы жылдары елдегі экономикалық дағдарыстың тереңдеуі мен саяси репрессиялардың күшеюі аясында оның Иран ішіндегі танымалдығы арта түсті. 

"Рейтинг" газеті

«Жоқ» деген сөзді түсінбеген: Шымкентте қатыгездікпен өлтірген қыздың ағасы жазба жариялады
Казиноны жарнамалаған Қайсар Қамзаның мал-мүлкі бұғатталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу