«Негізінен бұл – жаңа Конституция» — Тоқаев жұмыс тобының ұсыныстары туралы
Астанада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Отырысқа Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап хабарлады.

Өткен жылдың қазан айынан бері өткен отырыстарда жаңа бір палаталы Парламенттің қызметіне қатысты барлық мәселелер қаралды. Атап айтқанда, оның құрамы, өкілеттік мерзімі, сайлану тәртібі, заң шығару тетіктері, сондай-ақ биліктің басқа институттарымен өзара іс-қимылы талқыланды.
Саяси жүйені реформалаудың маңызы мен мазмұны туралы айта келе, Президент Тоқаев институционалдық негізді терең қайта құру және заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажеттігін атап өтті.
«Ертең Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге қатысты өзімнің нақты ұсыныстарымды таныстырамын. Іс жүзінде елімізде сапалық тұрғыдан мүлде жаңа саяси модель қалыптасып жатыр. Парламенттік реформаны жүзеге асыру Конституцияның бірнеше бөлімін қайта қарауды талап етеді. Сондықтан Негізгі заңымызға бұрын енгізілген өзгерістерді ескере отырып, жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның мәні жағынан жаңа Конституциясын қарау туралы айтуға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.
Отырысты қорытындылай келе, Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаны талқылаудың басталғанына шамамен алты айға жуық уақыт өткенін атап өтті.
«Осы уақыт ішінде қоғамда елдің жоғары заң шығарушы органын алдағы трансформациялаудың мақсаттары мен міндеттері туралы жалпы дұрыс түсінік қалыптасты. Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауынан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды мұқият бақылап отырғанын айтты. Мемлекет басшысы талқылаулардың барлық нәтижелерін, сарапшылардың қорытындыларын, ұсынылған түзетулер жобаларын, сондай-ақ азаматтардың конституциялық реформаға қатысты көптеген ұсыныстарын егжей-тегжейлі қарастырып отыр», – делінген Ақорда хабарламасында.


