Қазақстан банктері бір айда 200 млрд. теңгеге жуық пайда тапқан
2026 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстанның банк секторы 198,6 млрд теңге көлемінде таза пайда тапқан.

Көрсеткіш 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 9 пайызға, ал 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 13 пайызға төмен. Ұлттық банк статистикасына сәйкес, соңғы бес жылда жыл басындағы ең әлсіз нәтиже тіркеліп отыр.
Сарапшылардың мәліметінше, сектордағы жалпы пайданың 67 пайызы үш ірі банкке тиесілі. Атап айтқанда, Halyk Bank, Kaspi Bank және Банк ЦентрКредит (БЦК) көш бастап тұр.
Қаңтар қорытындысы бойынша ең жоғары таза пайда көрсеткен банктер:
Halyk Bank – 70,6 млрд теңге;
Kaspi Bank – 41,6 млрд теңге;
Банк ЦентрКредит – 20,6 млрд теңге;
ForteBank – 12 млрд теңге;
Alatau City Bank – 8,8 млрд теңге.
Алтыншы орынға 7,4 млрд теңге табыспен Citibank Kazakhstan филиалы жайғасты. Одан кейін 5,1 млрд теңгемен Отбасы банк тұр. Сондай-ақ Freedom Bank 3,5 млрд теңге, Қазақстандағы Банк ВТБ еншілес ұйымы 3,45 млрд теңге және Bank RBK 3,3 млрд теңге пайда көрсетті.

Жылдық динамикада ең ірі банктердің табысы айтарлықтай қысқарды. Атап айтқанда, Halyk Bank пайдасы 12,8 млрд теңгеге, Еуразиялық банк 6,4 млрд теңгеге, ал Alatau City Bank 5,2 млрд теңгеге азайған.
Ірі банктердің ішінде тек Банк ЦентрКредит қана 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда таза пайдасын арттыра алған. Қаржы ұйымының айлық өсімі 58 пайызды құраған. Алайда жылдық салыстыруда аталған банктің пайдасы 36 пайызға төмендегені байқалады.
Керісінше, Freedom Bank былтырғы шығыннан кейін биыл 3,5 млрд теңге пайдаға шығып, ең жоғары өсім көрсеткен қаржы ұйымы болды.
Сарапшылар банк секторы табысының динамикасы нарықтағы жалпы экономикалық ахуал мен несиелік белсенділікке тікелей байланысты екенін айтады.


