Отбасы мен қызметке қатар үлгеріп жүрсіз бе?
8 наурыз – көктемнің шуағымен бірге келетін мейірім мен нәзіктіктің мерекесі. Бұл мереке әйел-ананың қоғамдағы, отбасындағы, қызметтегі рөлін айрықша айшықтайтын сәт. Қазіргі заман әйелінің бейнесі тек шаңырақтың ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар білікті маман, жауапты қызметкер, табысты басшы ретінде де қалыптасып келеді. Бүгінгі әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетіп келеді.
Осы орайда 8 наурыз мерекесіне орай «Отбасы мен қызмет арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?» деген сауал төңірегінде сауалнама жүргіздік. Қызметінде табысты, сонымен қатар бала тәрбиесін, отбасы, ошақ қасын қатар алып жүрген жандардың пікірін білуді жөн көрдік. Өйткені бүгінгі қоғамда әйел заты тек бір саламен шектелмей, бірнеше жауапкершілікті қатар арқалап келеді. Сауалнама барысында әр кейіпкердің өз тәжірибесі, өз ұстанымы, өз өмірлік қағидасы бар екеніне көз жеткіздік. Бірі уақытты тиімді жоспарлауды алға тартса, енді бірі отбасының қолдауын басты күш санайды. Тағы бірі жүрек қалауымен атқарылған істің шаршатпайтынын айтады. Барлығының айтқан ойы әртүрлі болғанымен, ортақ тұсы – жауапкершілік пен сүйіспеншілік екенін байқадық.

Ләззат ЖОРАБЕКОВА, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ медиаорталығының басшысы:
Ең маңызды міндетім – немерелерімді тәрбиелеу
Мен үшін қызметім, күнделікті жұмысым жай ғана табыс көзі немесе күнделікті атқарылатын міндет емес, ол өмірімнің ажырамас, мәнді әрі шабыт сыйлайтын бөлігі. Әр күнім жаңа идеядан, тың бастамадан басталады. Түсірілім ұйымдастыру, сұхбаттар әзірлеу, камера алдында еркін әрі сауатты сөйлей алатын спикерлерді іріктеу, телеарналармен байланыс орнатып, материалдарды дер кезінде жолдау – мұның бәрі үлкен жауапкершілікті талап ететін жүйелі жұмыс. Сонымен қатар, университеттің тыныс-тіршілігін әлеуметтік желілерде жедел жариялау, рилстар мен бейнероликтер түсіру, маңызды сәттерден, арнайы өткізілген іс-шаралар мен жиындардан әсерлі фотоэтюдтер жасау шығармашылық ізденісті, ұқыптылық пен талғамды қажет етеді. Осындай қарбаласқа толы, бірақ жанымды байытатын еңбектің әр сәті мен үшін қымбат.
Бұл ауқымды жұмыстың барлығын мен медиаорталықтың білікті мамандарымен, әріптестеріммен қатар жүріп бірлесе атқарамын. Біздің ұжым кәсібилік пен шығармашылық үйлесім тапқан жақсы орта, әріптестерімнің жауапкершілігі жоғары. Әр маман өз ісін терең меңгерген, бастамашыл жандар. Біріміз идея ұсынамыз, біріміз оны жетілдіреміз, енді біріміз техникалық тұрғыда сапалы түрде жүзеге асырамыз. Осындай өзара түсіністік пен сенімге құрылған командалық жұмыс нәтижесінде кез келген жобаны жүйелі әрі сапалы орындауға мүмкіндік бар. Командалық бірлік – табысты еңбектің, тұрақты дамудың және шығармашылық жетістіктің берік негізі болса керек.
Отбасыма келсек, әлбетте жанұям – менің тірегім, рухани қуат алатын қасиетті ортам. Балаларым ержетіп, өз алдына отау тікті. Келінім мен немерелерімнің шат күлкісі шаңырағымызға ерекше жылулық сыйлайды. Үй шаруасын ақылдаса отырып, бірлесе шешу біздің отбасылық дәстүрімізге айналған. Әркім өз міндетін жауапкершілікпен атқарады, бір-бірімізге демеу болып, түсіністік танытамыз. Балаларымызды да соған үйретіп, тәрбиелегенбіз.
Менің үйдегі ең маңызды әрі жауапты міндеттерімнің бірі – немерелерімді тәрбиелеу. Бүгінгі заман балаларының ойлау жүйесі ерекше, зеректігі мен танымға деген құштарлығы таңғалдырады. Қоятын сұрақтары терең, кейде тосын. Олардың әр сауалы мені де ізденуге, ойланып жауап беруге жетелейді. Немерелеріммен бірге кітап оқу, әңгімелесу, өмірлік құндылықтар туралы сырласу мен үшін үлкен бақыт. Шынында да, өмірдің қызығы бірге үйрену мен бірге өсу емес пе?!
Жалпы, жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау үлкен өнер. Меніңше, оның басты сыры тек уақытты тиімді ұйымдастыруда ғана емес. Ең алдымен әр істі жүрекпен қабылдап, жан-тәніңмен беріліп, шынайы ықыласпен атқаруда жатыр. Адам өз кәсібін сүйіп, отбасын қадірлей білсе, өмірдің барлық саласында үйлесім табуға болады. Себебі шынайы сүйіспеншілік пен жауапкершілік бар жерде шаршау да, қиындық та жеңіл сезіледі.
Өмірдің мәні атқарған ісіңнің қоғамға пайдасы тиіп, отбасыңа жылулық сыйлай алуыңда деп ойлаймын. Күнделікті өміріме айналған сүйікті жұмысым мен берекелі отбасым мені алға жетелеп, әр күнімді мағыналы етеді. Шүкіршілік етемін. Барлық қыз-келіншектерге, әйелдерге отбасына да, қоғамға да пайдасын тигізу арқылы өзін бақытты сезінуіне тілектеспін.

Тамара ТАШЕВА, Жетісай ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы:
Үй шаруасын ертеңге қалдыратын сәттер де болады
Егер мен отбасы мен қызмет арасындағы тепе-теңдікті үнемі мінсіз деңгейде сақтап келемін десем, бұл шындыққа жанаспас еді. Өйткені мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілік жүктейтін сала. Ол қарапайым маман болсын, не басшылық қызметтегі әйел болсын, әрқайсысына да оңай соқпайды. Қоғам сенім артқан соң, уақытпен де, жеке шаруаңмен де санаспайтын сәттер жиі болады. Дегенмен, қандай қарбалас болса да, бәрін реттеп, отбасы мен қызметті қатар алып жүруге болады деп сенемін.
Әсіресе карантин кезеңі біздің отбасы үшін ұмытылмас уақыт болды. Сол бір күрделі шақта жұмысымызға бүкіл отбасымызбен араласып кеткеніміз әлі күнге дейін жадымызда. Өмірлік жолдасым көлік тізгіндеп, қажетті заттарды жеткізуге көмектесті. Екі ұлым волонтер ретінде белсенділік танытып, қоғамға пайдалы іске атсалысты.
Кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлері мен медицина мамандарына қажетті құрал-жабдықтар мен керек-жарақтарды жеткізіп беретінбіз. Қиындыққа қарамай, жүгіріп жүріп қызмет ету, адамдардың алғысын есту бәрімізге ерекше рух берді. Сол кезең бізді бұрынғыдан да жақындастырып, жауапкершілік пен жанашырлықтың қадірін тереңірек сезіндірді.
Шынын айтқанда, кейде үй шаруасын ертеңге қалдыруға тура келетін сәттер болады. Өйткені жұмыс күтіп тұрмайды. Ал біздің жұмыс жай ғана міндет емес, халыққа қызмет ету. Мұндай жауапты істі кейінге ысыруға болмайды. Қоғам алдындағы міндетті орындау – ең басты парызымыз. Сондықтан кейде үйдегі тірліктер сәл кешеуілдесе де, қызметімізді қалдырмаймыз.
Дегенмен, мұның бәрі отбасының түсіністігі мен қолдауының арқасы екенін мойындаймын. Бір-бірімізді қолдап, жағдайды ақылдаса шешіп, қиындықты бірге еңсергенде ғана тепе-теңдік орнайды. Өмір мінсіз үйлесімнен тұрмайды, бірақ ниет пен жауапкершілік болса, бәрін де реттеуге болады. Ең бастысы атқарып жүрген ісіңнің маңызын жүрекпен сезіну және отбасының жылуын жоғалтпау.
Гүлдана МҰСТАПАЕВА, Түркістан жоғары медицина колледжінің бас есепшісі:
Бақытты әйелмін
Мен бес бала тәрбиелеп отырған анамын. Күйеуім екеуіміз жұмысты да істеп, үйдегі тірлікке де үлгереміз. Ана болу әрине оңай емес, күнделікті күйбең тіршілігіміз бар, бала тәрбиесіне де көңіл бөлмесе болмайды. Жұмысбасты болғандықтан, бәріне үлгеруге тырысамын.
Қазіргі таңда жұмысқа талап күшейгендіктен, бала тәрбиесін, жолдасыңмен мәнді уақыт өткізуді қатар алып жүру қиын, десек те мен өз қуатымды жаман емес, жақсы жаққа жұмсауға барымды саламын. Өйткені әйел адам дөңгеленген дүниенің бітпейтін шаруасынан еңсесі езіліп, қуаты кемитіні рас. Өз басым тепе-теңдікті сақтау үшін өзіме он минутымды арнаймын. Әр күні кешкі уақытта балалар ұйықтағаннан кейін жеке өзім оңаша ас үйде ыстық шай ішемін, балаларымның амандығын, жолдасымның жанымда екенін ойлап, шүкіршілік етемін. Кейде психологтардың кеңестерін тыңдаймын. Менің негізі психологым анам еді. Ол кісі әрдайым «Қызым, қай уақытта болмасын отбасыңа көңіл бөл, өзіңді де ұмытпа, жақындарыңмен тату бол» дейтін. Сол қағидамен өмір сүріп келемін. Туыстарыммен, бауырларыммен жақын араласамын, оған да уақыт табамын, жұмысыма да тиянақты көңіл бөлемін. Жалпы айтқанда уақыт режимім бар. Күнделікті 8 сағат жұмыста, 8 сағат отбасыммен бірге, 8 сағатымды ұйқыға, яғни демалуға бөлемін. Ал сенбі, жексенбі күндері әлбетте отбасыммен таза ауаға серуендейміз, сүйікті киномызды көреміз. Бұл үшін күйеуіме ризамын, ол әрдайым демалысты қызықты өткізуге атсалысады. Мен бақытты әйелмін деп есептеймін өзімді. Құрбыларыммен айына бір рет кездесіп тұрамын. Олармен бірге өткен күн де мен үшін үлкен терапия. Барлығына шүкір етемін.
Сауалнаманы жүргізген:
Аида ӨТЕП


