«Жауын-шашын түсіміне үміт артып отырмыз»
Орталық Азия елдерін сумен қамтамасыз ету мәселесі биыл да күрделі болып қала береді. Бұл туралы Халықаралық Аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жобаларын іске асыру агенттігінің басшысы Вадим Соколов Kazinform агенттігі тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

Сарапшының айтуынша, аймақтағы екі ірі өзен – Сырдария мен Әмудариядағы су көлемінің айтарлықтай азайып бара жатқаны байқалады. «Халық саны өсіп, өнеркәсіп дамып жатыр. Сәйкесінше, қажеттілік артып барады. Мәселен, 2025 жылы аталған өзендерден келетін су деңгейі орташа мөлшерде деп бағаланған еді, бірақ былтыр ол күткен көлемнен сәл аз болды. Қазіргі уақытта өңір мемлекеттері қажетті мөлшерден 75-78% шамасында су алып жатыр», деді сарапшы. Сондай-ақ Вадим Соколов атап өткендей, қазіргі таңда тараптар Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан Шардара су қоймасын толтыру жұмысымен айналысып жатыр. «Біз бүгінде су қоймасын толтыруға тырысып жатырмыз. Мысалы, 2025 жылы сәуірде онда 4 млрд текше метрден астам су жиналды. Алайда, қазан айында, яғни вегетациялық кезең аяқталған уақытта Шардарада небәрі 200 млн текше метр су қалды. Су шаруашылығы объектілеріне үнемі мониторинг жүргізіп отыратын МСШҮК Ғылыми зерттеу орталығының мәліметінше, биыл да су мөлшері аз. Сондықтан жауын-шашын түсіміне үміт артып отырмыз. Кейінгі бірнеше күнде Ташкентте жаңбыр жауды, бірақ ол қажеттіліктің басым бөлігін жабады деп айту қиын. Осыған байланысты үстіміздегі жылда да жағдай күрделі болып қала бермек», – деп пікір білдірді Вадим Соколов.
Аймақтағы су тапшылығы бірінші кезекте табиғи құбылыстарға байланысты. Сарапшының бағалауынша, климаттың өзгеруі бұрынғыдан да ауқымды зардаптарға алып келуі мүмкін.


