Берекелі ауызашар: білім мен руханият тоғысқан тағылымды кеш

Oinet.kz 18-03-2026

Қасиетті Рамазан айы – адам баласын рухани тазаруға, сабыр мен мейірімге тәрбиелейтін ерекше уақыт. Осы қасиетті айдың аясында ғылым мен руханиятты ұштастырған тағылымды басқосу ұйымдастырылды. Аталған ауызашарды PhD, қауымдастырылған профессор Бағашаров Құдайберді Сабыржанұлы ұйымдастырып, магистранттарға рухани әрі ғылыми мазмұны терең кеш сыйлады.

Кешке әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің белгілі ғалымы, профессор Қарлығаш Борбасова, сондай-ақ ҚазҰУ-дың Дінтану мамандығының 1-курс магистранттары және Исламтану мамандығының 1-2 курс магистранттары қатысты. Басқосу тек ауызашар дастарқаны төңірегіндегі кездесу ғана емес, білім мен рухани ой алмасуға толы мазмұнды сұхбат алаңына айналды.

 Іс-шара барысында Бағашаров Құдайберді Сабыржанұлы Рамазан айының мәні мен оразаның тәрбиелік маңызы туралы ой қозғап, магистранттармен өзінің ғылыми ізденістері мен өмірлік тәжірибесі негізінде бөлісті. Ол оразаның тек тәнді тыйып, аш жүру ғана емес, адамның ішкі жан дүниесін тәрбиелейтін, сабыр мен жауапкершілікке баулитын үлкен рухани мектеп екенін атап өтті. Ғалым өз сөзінде білім іздеген жас буын үшін рухани құндылықтар мен ғылымның қатар жүруі аса маңызды екенін ерекше айтты.

Сонымен қатар кештің қадірлі қонағы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Қарлығаш Борбасова дінтану саласындағы тәжірибесі мен ғылыми көзқарастары негізінде Рамазан айының қоғамдағы рухани мәдениетті қалыптастырудағы рөлі туралы мазмұнды пікірлерімен бөлісті. Ол дінтану ғылымының қазіргі қоғамдағы маңызына тоқталып, жастардың діни сауаттылығы мен ғылыми көзқарасын дамыту қажеттігін атап өтті.

Кеш барысында магистранттар да белсенділік танытып, өздерінің оқу барысында алған білімдері мен ой-пікірлерін ортаға салды. Әңгіме еркін пікір алмасу форматында өтіп, жас зерттеушілер үшін тағылымды әрі шабыт беретін кездесу болды.

Бұл басқосу тек ауызашар дастарханы төңірегіндегі кездесу ғана емес, тән азығымен қатар рухани азық алған, ғылым мен руханият тоғысқан ерекше кеш ретінде есте қалды. Осындай тағылымды кездесулер жас буынның білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың рухани дүниесін байытып, ғылым жолындағы ізденістеріне жаңа серпін беретіні сөзсіз. Рамазан айындағы берекелі ауызашар кеші қатысушылардың жүрегінде жылы әсер қалдырып, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайтқан тағылымы мол кеш болды.

https://farabi.university/

Педагогикалық практика жетекшісі: Қарлығаш Борбасова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Ғылыми жетекші: Бағашаров Кұдайберді Сабыржанұлы, PhD, қауымдастырылған профессор

Мәдениет пен білім жолының тоғыстырған студенттік өмір
Тәшеневті ұлықтау – тарихи әділет пе, әлде формалдылық па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу