Енді елімізде бет-жүзін тұмшалап жүргендерге айыппұл салынады
ІІМ өңірлік басқармалары қоғамдық орындарда бет-жүзді жабатын киімдерге бақылауды күшейтті. Енді никaб, балаклава немесе медициналық себепсіз қолданылатын бетперде заң бұзуға әкеп соғуы мүмкін, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Бұл ереже өткен жылғы шілдеден бастап күшіне енді. Камералар мен бет-әлпетті тану жүйелері әр адамды нақты тіркеуге міндетті. Ведомстводағы мамандар бұл шараның ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Кейде қылмыскерлер бет-жүзді жабатын киімді ұрлық, тонау, алаяқтық сияқты заңсыз әрекеттер жасау үшін пайдаланады.
Діни немесе ұлттық киімдерге шектеу қойылмайды, бірақ бетті бүркемелеуге болмайды. Медициналық себептер, суықтан қорғау, қызметтік міндеттер, спорттық немесе мәдени іс-шаралар кезінде бет жабуға рұқсат бар. Бірінші рет заң бұзған жағдайда тек ескерту беріледі, ал бір жыл ішінде қайталанса азаматқа 10 МРП, яғни шамамен 43 000 теңге айыппұл салынады.


