Шымкентте 12 кәсіпорын сүт өндірмесе де мемлекеттен 5 миллиард теңге субсидия алған

Oinet.kz 23-07-2026

Шымкентте сүт өндірісімен айналысты деп көрсетілген 12 кәсіпорынның іс жүзінде өнім өндірмегені анықталды. Тексеру мәліметінше, олар жалған құжаттар арқылы 5 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік субсидия алған.

images.jpg

Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, Шымкент қаласының Мемлекеттік ішкі аудит департаменті прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, ауыл шаруашылығына бөлінген субсидиялардың жұмсалуын тексерген.

Тексеру барысында 12 кәсіпорынның сүт және сүт өнімдерін тек құжат жүзінде ғана өндіргені анықталған. Іс жүзінде олар ешқандай өнім шығармағанымен, мемлекеттік субсидия алу үшін жалған құжаттар рәсімдеген. Осылайша кәсіпкерлер жалпы көлемі 5 миллмард теңге бюджет қаражатын алған.

Басылымның жазуынша, өткен жылдың соңында Мемлекеттік ішкі аудит департаменті "Новое молоко", "Майлы-Сүт", "Молочный мастер" және "IS Молоко" компанияларының қызметінен қаржылық заңбұзушылықтарды анықтаған.

Тексеру қорытындысына сәйкес, бірнеше кәсіпорын сүтті жалған түрде жеткізген болып көрсетсе, "Молочный мастер" ЖШС оны өңдеген болып рәсімдеген. Осы схеманың нәтижесінде мемлекеттен 1 миллиард теңгеден астам субсидия төленген.

Тексеру актісі алдымен Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы басқармасына, кейін прокуратураға жолданған. Өз кезегінде прокуратура материалдарды Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жіберіп, қылмыстық іс бойынша тергеу басталған.

Тергеу барысында тінту жүргізіліп, сүт жеткізушілері жауап алынған. Нәтижесінде сүт өнімдерін шығаратын зауыттың жұмыс істемегені анықталған. Сондай-ақ сүт тапсырды деп көрсетілген 15 шаруа қожалығында мүлде сиыр болмағаны белгілі болған. Тек осы төрт компанияның қызметінен мемлекетке келтірілген шығын көлемі 1,3 миллиард теңгеден асқан.

Соған қарамастан қылмыстық іс кейін прокуратураның қаулысымен тоқтатылған. Қадағалау органы мұны қылмыстық процеске қатысушылардың аудит қорытындысымен таныстырылмағанымен, аудит тұжырымдарының мерзімінен бұрын жасалғанымен және мәмілелердің жарамсыз деп танылмағанымен түсіндірген. 

Осылайша Мемлекеттік ішкі аудит департаменті жалған құжаттарды анықтап, тергеу бұл деректерді растағанымен, іс бойынша қылмыс құрамы жоқ деген шешім қабылданған.

САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
Бақытжан Байжанов бостандыққа шықты: Салтанат Нүкенованың ағасы тосын жайтқа пікір білдірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу