Денсаулық сақтау министрі Біртанов Тимур Құлыбаев неден қорқатынын айтты

Oinet.kz 12-09-2019 2318

Screenshot_1.jpg

Фотода: Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов

Кеше Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр Түркістан қаласында өңірдегі БАҚ өкілдерімен жүздесіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) байланысты ел ішіндегі пікір қарама-қайшылығына қатысты ойын айтты деп хабарлайды Oinet.kz ақпараттық-сараптамалық порталының өңірдегі тілшісі.  

Еске сала кетсек, өткен жылы маусым айында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев МӘМС-ке қатысты өз көзқарасын білдірген болатын:  

– Менiң ойымша, Денсаулық сақтау министрлiгi әлi дайын емес. Ең үлкен проблема – бас дәрiгерлер отырған медициналық мекемелерде ақша санай алатын менеджерлердiң жоқтығы. Сондықтан, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесiне бас дәрiгерлердi де дайындау керек. Олар да ақша есептей алуы қажет, - дей келіп, МӘМС-ті енгізуде Денсаулық сақтау министрлігінің өз мүддесі жатқандығын меңзеді. 

5nXituJZ.jpg

Фотода "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев

– Алдымен денсаулық сақтау жүйесіндегі шығынның тиімділігіне талдау жасайық. Онда резервтер бар. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы жинағысы келетін ақша – «оң қолмен сол құлақты қасығанмен тең». Негізінен бұл сақтандыру болып саналмайды – жай ғана бүгінгі Денсаулық сақтау министрлігін қаржыландырудың қосымша көзі. Біз сақтандыруға өту туралы айтқанда, онда жедел жәрдемнен басқасы жоқ. Қалғаны адамдардағы сақтандыруға дегені – өздерінің сақтандыруға жинағаны, - деді Тимур Құлыбаев. 

Расында палата басшысы айтқандай МӘМС жүйесін енгізу ерте ме? Министрлік бұған дайын ба? Түптеп келгенде, бұл денсаулық сақтау министрлігінің "қалтасын қампайтатын" жүйе ме? 

Министрмен кездесуде жергілікті журналистер осы мәселені көтерді. Елжан Амантайұлы МӘМС-ті енгізу ерте емес, министрлік бұл жүйені енгізуге жақсы дайындықта отырғандығын хабарлады. Ал, Тимур Құлыбаев неліктен МӘМС-ті енгізуге қарсы пікір айтып жатқанын түсіндіре кетті.  

– Біздің елде жекеменшік сақтандыру компаниялары бар. Оларға бай компаниялар жүгінеді. Бұл жерде Тимур Құлыбаев өз ойын айтып жатқан жоқ. Ол кәсіпкерлік палатаның ішіне кіріп жатқан бизнесмендердің ойын айтып жатыр. Біріншіден, бұл жекеменшік сақтандыру компанияларының ойы. Әрине, ертең міндетті түрде барлық компаниялар, мекемелер әлеуметтік қорға (МӘМС- автор) төлесе, сол қордан қосымша тегін жақсы қызмет алса, жекеменшік сақтандыру қорлары кімге керек деп жойып тастайды деп содан қорқады, содан қарсы шығып отыр (МӘМС-ті ертерек енгізуге -автор), - деді Денсаулық сақтау министрі. 

Видео мына сілтемеде

Біртанов бай азаматтар онша көп ауыра бермейтінін, көбіне мұғалімдер, дәрігерлер секілді аз жалақы алатын азаматтар жиі ауыратынын, себебі, олар күндіз-түні жұмыс істеп, қара су ішіп, нанға май жағып жегеніне қанағат етіп, көкөніс пен жеміс-жидек секілді пайдалы ас жемей, ағзасына дәрумен жетіспей қиналатын айтты. Осының салдарынан олар ауырып, бар тапқан-таянғанын емделуге жұмсайды. Әсіресе, қатерлі ісік секілді ауруларға шалдыққан әлеуметтік жағдайы төмен жандар мемлекеттен тегін берілетін көмек кезегін күте алмай, ем-домға қажетті қаржыны өз қалталарынан шығарып, материалдық жағдайлары құлдырап кететінін жеткізді.  Біржан Амантайұлының айтуынша, дамыған мемлекеттерде тұрғындар ем-домға қаржыны өз қалталарынан шығармайды. Медициналық қордағы ақшаға емделеді екен. Осыған орай министр байға да, кедейге де қолжетімді МӘМС-ті енгізу - республика азаматтарының денсаулығын нығайту мен медицина саласын дамыту үшін өте маңызды қадам екенін мәлімдеді.      

СҚО-да 29 мыңнан астам адамның несие бойынша қарызы кешірілді
ІІМ: "Қазақстандағы балаларды өздерінің жақындары зорлайды"
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу