Адам ішіндегі құбыжық

Oinet.kz 07-11-2019 913

☆ Дəл қай сəттен бастап өтірік айта бастағаным есімде жоқ. Бірақ, сұмдық өтіріші болып алғаным соншалық, өз өтірігіме өзім риясыз сенетін жағдайға ұшырадым. Тіпті, ешкім менен іс-əрекетім үшін ақталуды талап етпесе де, іштей ақталып, өтірік оқиға қүрастырып əлек боп қалам. Өзгенің алдында өзімді ыңғайсыз сезініп қалмау үшін өтірік оқиғама өзімді күштеп енгізіп, періште кейіпкер жасап алатыным-ай. Сонда бұның бəрі не үшін, əлде, кім үшін? Шынайы қалпымызда қалуға бізге не кедергі? Сіз ше, бір тұтам өтірікпен қашаннан бері доссыз? Өз-өзіңізді ойлап тапқан образыңыздан бостандыққа шығарып көріңізші, қандай ғажап адам екеніңізді байқайсыз.

☆ Əрбір адамның ішінде бір құбыжық бар. Біз оны өзімізше басқарып отырмыз. Кейде ол бізді иектеп кетеді.

5 сыныпта оқып жүрген кезім бе, сол шама, аулада біраз бала ойнап жүргенбіз. Арамызда ересектеріне тапсырып қойған апыл-тапыл енді жүріп жүргендері де бар. Бір уақытта, кішкентайдың біреуі дəл көліктер жүйіткіп жатқан көшеге қарай құлдыраңдай жөнелді. Оны менен басқа ешкім байқаған жоқ. Бəрі ойынның қызығына беріліп кеткен. Мен де үндемей сырттай бақылап тұра бердім. Сəл əрірек барса, зулаған бір көліктің мыжып кететінін білсем де, соны көргім келгендей хайуани бірдеңе түрткілеп тұрды. Абырой болғанда, бүлдіршінді періштелері жетектеп ойыншы топқа қайта қосты.

Бұл не болғаны сонда? Ішімде бұғып жатқан қандай қатыгездік? Мыжылып жатқан сəбиді көргенде не істер едім? Соны көре тұра үндемей қалғаным үшін өзімді кешірер ме едім. Əлде əлгі құбыжық одан əрі күшейіп, ойша қанышерге айналар ма едім? Құдай бетін аулақ қылсын, ішімдегі құбыжық тіріліп кетпесе екен.

Шынар Әбілданың әлеуметтік парақшасынан алынды

Құдай
Керек адам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу