Есті әйел

Oinet.kz 07-11-2019 1043

есті әйел.jpg

Есті әйел кішкентай қыздан көп дүниені қалай бар болса, сол күйі қабылдай алатындығымен ерекшеленеді. Бірден көреді, естиді, сосын ойламай қоя салады. Бірдеңе істеуге құлшынбайды. Естігенсімейді, ол нақты естиді. Жүрегін селт еткізген дүниенің бәрін өн бойынан өткізеді.

Ол басқаларды өзгертіп, түзеп, сынаудан аулақ. Күресу бекер деген жерде жеңіліп, еркін тыныстайды. Жеңілген соң ері мен балаларына, басқаларға да өзінің жанында болмысын сақтай өмір сүруіне қарсылық білдірмейді. Өзгенің кемшілігіне амалсыздан «көнгенсіген» түр жасамайды. Маңдайын тасқа соққан сайын тастың күштілігін сезеді. Бұл тас дәл осы жерде жайдан жай тұрмағанын да түйсінеді. Басқа жерде емес...

Есті әйел кішкентай қыздан көп дүниені ойлап мұңаятындығымен ерекше. Шын жүректен сүйген адамыңмен де арманның бәріне жету мүмкін емесіне мұңаяды. Сезім жоқ дегеннен емес, тек басқа жан бәрібір сенен бөлек екенін түсінгендіктен. Оның өзіне сай бітім-болмысы болғандықтан. Қарсы шығып, ашу шақырып, есептесіп, қайғының дәмін татқан соң екеуара сезімнің шектеулі екендігін мойындайды. Содан кейін барып сүйіктісі екеуінің арасындағы бүкіл ортақ дүниеге мән беретін болады. Өзі мен сүйіктісінің арасындағы әрбір сантиметр қадамның бәріне шексіз ризашылық танытады.

Есті әйел көптеген нәрсені қуаныш пен ләззатқа айналдыра алады. Әр жағдайдан, құлшыныстан, құбылыстан ізгілікті тауып алғыш. Басқа ештеңе сезінгісі келмейтіндіктен емес, көрген-білгеннің бәрін өзінше өңдеп, трансформациялайтын шығармашылық қабілетінің арқасында солай қалыптасады.

Ол қайғыны бастан кеше біледі, бірақ оны көбейтіп, жүрген жерінен іздеп кетпейді. Ол қуанышты таба алады, қайтсем де қуанамын деп ізіне түспейді, тек келуіне жол ашады.

Есті әйел өз жолын, тәжірибесін құрметтейді. Өз ұятына өзі күйіп, өзін жерден алып, жерге салып, ар сотында соттап алып, өзін терең түсінуді үйренеді. Өзін түсіну арқылы өмірге деген түсінігін де өзгертеді.

Аглая Датешидзе

Аударған Шынар Әбілдә

Чипсы деген - бір картопты бір келі картоптың бағасына сату
Қыран бүркіт өзінің балапандарына әкені қалай таңдайтынын білесіз бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу